Бұл өмірде ең бақытты жандар – ата-ананың мейірімін сезініп, қамқорлығын көріп өскен жас ұрпақ. Өйткені, қазіргі қоғамда әр түрлі себептермен әке-шешесінің қамқорлығын көре алмай жүрген бүлдіршіндер баршылық. Бүгінде олардың саны артпаса еш кеміген жоқ. Дегенмен, облысымызда тағдырдың талқысына тап болған балаларға пана болып отырған отбасы үлгісіндегі балалар ауылдары бар. Солардың бірі – Павлодар қаласындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылы. Жуырда орталықтың тыныс-тіршілігін білу мақсатында барып қайттық.

 

Балалар ауылының басшысы Светлана Городничевамен әңгімеміз бірден балалар тәрбиесіне ойысты. Әдетте, мұндай кездесулерде тым әсерлеп сөйлеу, кейбір жоқ нәрселерді бар деп көрсету де кездесіп жатады. Бұл жерде біз ондайды байқамадық. Әрбір айтылған сөздің іс жүзіндегі дәлелін отбасы үлгісіндегі балалар ауылын аралап көргенде көз жеткіздік. Алдымен орталықтың мән-жайын, бүгінгі жағдайын таныстыру үшін Светлана Городничева балалар ауылының тыныс-тіршілігі жайынан кеңінен әңгіме өрбітті.

— Орталығымыз 2006 жылдың наурыз айында ашылды. Балаларға арналған 8 тұрғын үй бар. Әрқайсысында 7-8 бала қоныстанған. 70 орынға арналған орталықта бүгінде 3 жастан 18 жасқа дейінгі 69 тәрбиеленуші қоныстанған. Олардың көпшілігі — ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндер. Балалардың бос уақытын қамту мақсатында мекемеде бірнеше үйірме жұмыс істейді. Онда жас өрендер сурет салу, қолөнермен айналысу, ән айту, би билеу секілді істермен шұғылдана алады. Олардың мектептегі сабақтары қадағаланып, жақсы білім алуына ерекше көңіл бөлеміз. Біздің орталықтың мақсаты — балаларға мемлекет тарапынан пана болу, материалдық, моральдік көмек беру, олардың білім мен тәрбие алуына қолайлы жағдай жасау, — дейді ол.

Отбасылық үлгідегі балалар ауылында әртүрлі шығармашылық үйірмелер, спорттық алаңдар жұмыс істейтіндігінен хабардар болған соң, жас өрендердің жұмыстарын көруге асықтық. Барлығын шетінен таныстырып, әрбір үйірменің орналасқан бөлмесін, шығармашылық табыстарын егжей-тегжейлі таныстырған басшының сөзінше, балалардың біліміне, денсаулығына, шығармашылық дамуына көп жағдай жасалып отыр. Тәрбиеленушілердің өз қолдарымен жасаған түрлі шығармашылық жұмыстарын көріп, көңіліміз марқайып қалды.

Одан кейін, Светлана Городничева балалардың ұйықтап демалатын, ас ішетін және ем-дом шараларын жүргізетін бөлмелерімен таныстырды. Мекемемен танысу барысында басшыдан бастап әр қызметкердің балаларды тәрбиелеумен қатар, тазалыққа да зор көңіл бөлетінін аңғардық.

Мекемеде 10 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан тәрбиеші Қымбат Уәлиева балалармен жұмыс істеу қиын емес екенін және олармен жұмыс істеген өзіне ұнайтынын айтады.

— Балалар әр түрлі болса да, олардың тілін, ебін табуға болады. Әрқайсысына көңіл бөлуге тырысамыз. Олармен жұмыс істей келе, ерекшеліктерін, көзқарастарын байқай аламыз. Балалармен жұмыс істеу мен үшін өте қызық. Олармен білім, болашақ армандары жайында әңгімелесеміз, — дейді тәрбиеші.

11 жастағы Назар Кучеровтың отбасы үлгісіндегі балалар ауылында тұрып жатқанына биыл 5 жыл. Бүгінде ол мектепте білім алып, бос уақытында кітап оқып, домбыра шертеді. Болашаққа жоспарланған армандары көп.

— Өзіме балалар үйінде тұрған ұнайды. Бұл жерде мүмкіндік көп. Тәрбиешілер — керемет адамдар. Көп дос таптым. Бос уақытымда спорттың көп түрімен айналысамын. Болашақта аспаз болғым келеді, — дейді арманы асқақ Максим.

Дүниеге кіршіксіз пәк, қорғансыз әрі риясыз таза күйінде келетін сәби – әр отбасының мәні мен сәні. Балалы үйді базарға теңейтін, жетімін жылатпаған қазақ үшін сәбидің күлкісі мен шаттығы, тіпті бағалы. Сондықтан мемлекеттің болашағы саналатын балалардың бақытты ортада өсіп, толыққанды өмір сүруін қамтамасыз ету – ұлттық деңгейде жүзеге асырылуы тиіс міндеттердің бірі.

Айдана БОРАНБАЕВА