Өмір түрлі сынақтардан тұрады. Алайда басына іс түссе, бірден балгерге барып, тығырықтан шығарар «сиқырлы жол» іздейтіндер аз емес. Көпшілік тарапынан осындай сұраныс болған соң құмалақшылар мен көріпкелдердің де қатары артып, ел сеніміне әбден кіріп алған жайы бар. Тіпті, әлеуметтік желілерде өздерін жалпақ жұртқа жарнамалап, телефон арқылы құмалақ салып, жол ашып бергіштер де көбейгенін көріп жүрміз. Кейбіреулер олардың бұл әрекеті үлкен күнә екенін айтса, енді біреулер бақсы-балгерлерді қызғыштай қорғап, риясыз сенетіндіктерін алға тартуда. Жылдар бойы халық арасында екіұдай пікір тудырып келе жатқан айтулы мәселенің мән-жайын біз де бағамдап көрген едік.

 

«Құмалақ сөйлейді…»

Құмалақшыға жиі баратын павлодарлық тұрғынның бірі Алма Еркінқызы өз әрекетін жөн санайды. Себебі, ол сеніп баратын балгерінің айтқаны айна-қатесіз келетінін, соның арқасында талай мәселесін шешіп жүргенін айтады.

— Мен Павлодар қаласының іргесіндегі бір ауылда тұратын балгер апайға жиі барып, құмалақ аштырамын. Басқасын білмеймін, маған айтқан болжамдары дәл келеді. Мысалы, былтыр үйімнен алтын бұйымдарым ұрланды. Ол кісі оны алған адамның кім екенін анық айтып берді. Түр-түсін, жынысын, жас шамасына дейін тәппіштеп түсіндірген соң күдіктінің кім екенін бірден біле қойдым. Сөйтіп, жоғалған дүниемді оңай таптым. Тағы бірде қызымды ертіп бардым. Оның тұрмыс құрғанына 5 жылдан астам уақыт болса да бала көтере алмай жүрген болатын. Балгер апай қызыма көз тигенін айтып, жолын ашып берді. Көп кешікпей кішкентайлы болатынын да мәлім етті. Шынымен де, араға бірнеше ай салып ол құрсақ көтерді. Қазір кішкентайы бар. Осыдан кейін бақсы-балгерге қалай сенбеуге болады? — дейді ол.

Ал керісінше, көріпкелдер мен құмалақшыларға барып, көңілі қалған жандар да жоқ емес. Мұндай кейіпкерді де кездестіріп, әңгімеге тарттық.

— Қазір балгер, құмалақшы дегенге мүлдем сенбейтін болдым. Олардың көксегені халықты алдап-арбап ақша табу ғой. Соған көзім жетті. Бұрын ауылда тұрғанымызда малымыз жоғалып, әйелім бой бермей аудан орталығындағы бір балгерге ертіп барды. Әлгі балгерсымақ 41 құмалағын шашып жіберіп, жоғалған малымыз көршінің қорасында тұрғанын айтып сендірді. Осы жағдайдан кейін ашуға булыққан сабырсыз келіншегім көршінің үйіне баса-көктеп кіріп, қорасын тінтимін деп біраз сөзге келіп қалды. Бірақ бұдан түк шықпады. Кейін малымыз көрші ауылдан табылды. Яғни, сол жақтың табынына қосылып кеткені анықталды. Балшының сандырағының кесірінен жылдар бойы тату-тәтті отырған құдайы көршімізбен араздасып, көпке дейін бір-бірімізге кіріспей жүрдік. Әйелім де, өзім де ыңғайсыз жағдайға тап болып, қатты ұялдық. Осы оқиғадан кейін құмалақшы дегендерді «адамды азғырушы, адастырушы» деп санаймын. Бұл бізге үлкен сабақ болды, — дейді Павлодар қаласының тұрғыны Ермек Тілеуов.

Осылайша, тұрғындардың бірі балгерге шүбәсіз сенсе, енді бірі олардан әбден көңілі қалғанын алға тартып, аузына келгенін сандырақтай беретінін айтады. Мұндай жағдайларға байланысты бал ашып, құмалақ салып жүргендердің де айтар уәжі бар. Аты-жөнін ашық көрсеткісі келмеген Павлодар қаласындағы бір балгер апай:

— Маған түрлі жағдайын айтып, құмалақ аштыратын адамдардың қарасы қалың. Олар сенген соң, менің айтқаным тура болған соң келеді. Бірақ бұл жерде мен емес, құмалақ сөйлейді. 41 құмалақтың тілін әбден біліп тұрғандықтан не дегенін алдыма келген адамға айтып беремін. Әрине, әйтпегенде бойымда ешқандай кереметтей сиқырым жоқ. Кейбіреулер құмалақтың тілін білмей қателесуі мүмкін. Кей кезде бал аштыратын адам сенбей келгендіктен, айтылған болжамдар керісінше болып жатады. Жалпы, құмалақтың тілін меңгеру —
кез келгеннің қолынан келе бермейтін қасиет, үлкен өнер деп санаймын. Менің нағашы жағымдағы ата-бабаларымның арасында қасиеті бар бақсы адамдар көп болған деседі. Бәлкім, бұл қабілет солардан дарыған шығар, — дейді құмалақшы. Сонымен қатар, ол ақша табу үшін адамдарды алдап, жалған болжам жасай-тындардың да жоқ еместігін жасырмады.

— Міне, осындай білімсіз, қабілетсіз, дарынсыз жалған балгерлер біздің атымызға кір келтіруде. Ақылы бар адамдар мұндай алаяқтарды айыра біліп, олардың арбауына түспегені, азғыруына көнбегені жөн. Қазіргі таңда ардан безген ақшақұмар өтірік балшылар көбейіп барады. Тұрғындар өте сақ болуы тиіс, — деген кеңесін де берді балгер.

 

Ислам діні не дейді?

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстағы өкіл имамы Жолдас Қоспақұлы құмалақ салу, бал ашу арқылы болашақты болжауға асыл дінімізде рұқсат етілмегенін айтады.

— Қасиетті Құран Кәрімде: «Әй, мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар!», — дейді. Сондықтан біз Алла Тағаланың әміріне мойын ұсынып, ешқашан бал ашатын, құмалақ ашатын адамдарға бармауымыз қажет. Шариғат бойынша оларға тыйым салынған. Тағы бір аятта: «Алла Тағала ғайыпты ешкімге білдірмейді, оның сырын ешкімге ашпайды», — делінген. Сүйікті Пайғамбарымыздың бір хадисінде: «Кімде-кім көріпкелге баратын болса, айтқаны рас, дұрыс айтады дейтін болса, онда ол адам Алланың пайғамбары Мұхаммед келтірген дінге қарсы шықты», — деген сөз бар.

Демек, бақсы-балгерлерге бармау керек. Барлық іс Алланың қалауымен болады. Алла әркімге бейнет, зейнет, сәттілік, сәтсіздік, түрлі сынақ береді. Осыны дұрыс түсінуіміз керек, — дейді Жолдас Қоспақұлы.

Бұл пікірді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да құптап отыр. Жақында белгілі блогер, сарапшы Олжас Құдайберген де өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында осы мәселені көтеріп, Ислам дінінде мұсылман адамның балгерлерге жүгінуінің салдары туралы жазды. Аталған жазбаға ҚМДБ өз тарапынан пікір білдіріп, мұндайға сенудің ауыр күнә екенін жария етті.

— Көріпкел, балгер, құмалақшы, жұлдызшы және тәуіп. Бұлардың атаулары әртүрлі болғанымен тірлігі бір. Олар түрлі тәсілмен ғайыптан хабар берумен айналысады. Адамның өткен шағы мен болашағы жайлы айтқысы келеді. Олар карта, кофе, тас немесе құмалақ пайдалануы мүмкін. Ғайып тек Аллаға аян. Шын мәнінде, ғайыпты тіпті таңдаулы пайғамбар да, ең ұлық періште де білмейді. Адамның іс-әрекеттеріне қатысты діни үкімдерді зерттейтін фиқһ ғалымдарының пікірінше, көріпкелдікпен айналысу, яғни ғайыпты білемін деп жариялау және сол ісін кәсіп етіп тапқан табысы – харам. Бұл — шариғат рұқсат етпеген жолмен келген ақша. Сонымен бірге, «тәуіпке барып, өткен және болашақ жайлы немесе бір істің немен бітерін сұрау да — харам» деп пәтуа берген, – деп мәлімдеді басқарма. Сондай-ақ, ҚМДБ адамның туған ай-күні мен жылына қарап сандарды сөйлететін Сюцай ілімі де шариғатқа қайшы екенін жариялады. Мұндай нанымның нәтижесінде адамның Аллаға емес, сандарға сенімі артатынын, бұл — үлкен күнә екенін мәлім етті. Шынымен де, бүгінде елімізде нумерология, астрология ғылымы өз орнын таба алмаса да, арзан табыс көзiне айналып үлгердi. Алайда дін өкілдері Ислам сенімі бойынша әлемдегі барлық құбылыс пен өзгеріс тек Алла Тағаланың қалауымен ғана жүзеге асатынын алға тартып, адамзатты адаспауға шақыруда.

 

Қатаң заң керек!

Жалпы, балгер-балшы, құма-лақшыға қатысты ел арасында түрлі ой-пікір айтылуда. Кейбір ғалымдар мұны ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрге балап, бұған тарих атасы атанған Геродоттың жазбаларындағы «Сақтар – ежелде бақсы-балгерлерге кәміл сенген» деген сөзі анық дәлел екенін айтып жүр. Енді біреулер кезінде Шоқан Уәлихановтың да қазақтар болжаушы сәуегейді бақсы дейтінін, олар алдын ала болжам жасап, өздерінің рухы атынан сөйлейтіні жайлы жазғанын сөз етуде. Яғни, ағартушы ғалым Шоқан бір еңбегінде: «Бақсы кейін келген мұсылман дініне ыңғайластырып, рухтарын періште деп те атайды. Бақсы ойыны Қорқыт әулие қобызы күйінің сөйлемдеуінде өтеді. Бақсы көмекке жын рухтарын шақырады. Әрбір жынның аты болады… Бақсылар аурудың иесі «зұлым рухтар» деп, олардың қатарына албасты, көнаяқ, жезтырнақ, сөрел, орман перісі, жын және шайтандарды жатқызған», — деп жазған екен. Бір қызығы, мұндай көріністерді қазақтың ескі киноларынан да байқауға болады. Сондай-ақ, көне тарихқа көз жүгіртер болсақ, баяғы заманда ел билеген хандардың қасында да болжаушылар, бақсылар болғанын, олар болашаққа жорамал жасап, алдағы болар оқиғалардан хабардар етіп отырғанын білеміз. Сонау замандағы осындай наным-сенімдерге қарап, ғылыми тұрғыда бұл тақырыптың түп-тамыры тереңде екенін аңғаруға болады.

Бір анығы, бүгінде кеңестік дәуірдің солақай саясатынан кейін қайта оралған асыл дінімізде харам іс саналған балгерлікке тосқауыл қою әзірге мүмкін болмай тұр. Себебі, кейбір елде мұндай әрекетпен айналысатындырға заң жүзінде қатаң тыйым салынғанымен, біздің мемлекетте ешқандай шара қолданылмайды екен. Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Жанна Белялованың айтуынша, Қазақстанда балгерлерге қатысты арнайы заң мүлдем жоқ. Соның салдарынан балгерсымақтар әлеуметтік желіні де жаулап алып, оңай олжаға кенелуде. Сол үшін көпшілік балгерлікке тосқауыл қоятын қатаң заң керек екенін айтады.

Ең қиыны, осындайлардың кесірінен талайдың тағдыры бүлініп, өмірі өкінішпен аяқталуда. Оған нақты дәлелдер аз емес. Мәселен, жақында ғана 24 жыл жаза арқалаған Қуандық Бишімбаев та сот отырысында балгердің сөзіне сеніп, ес-түссіз жатқан жары Салтанат Нүкеноваға дер кезінде жедел жәрдем шақырмағанын мәлімдеген болатын. Осы жағдайдан кейін әлеуметтік желі қолданушылары тарапынан құмалақшы, балшыларға қатысты жағымсыз пікірлер қарша бораған еді. Бұл оқиға да балгерсымақтардың сағын сындыра алмады.

«Аңқау елге — арамза молда» демекші, арамызда ай мен күннің аманында балгерге барамын деп басына пәле тауып алғандар аз емес. Асыл дінімізде харам саналатын бұл іспен айналысу да, оған сенім артып барушылар да үлкен күнаға батады, дейді дін өкілдері. Ендеше, әр қадамымызды аңдап басқанымыз абзал. Ал сіз не айтасыз, құрметті оқырман?

Нұржайна ШОДЫР