Жаңа жүйеге көшу қаншалықты тиімді?

Бүгін сағат 00.00-де еліміздің 15 облысының тұрғындары сағат тілін бір сағат кейін шегеріп, батыс өңірлеріндегі уақыт белдеуімен теңеседі. Біздің аймақ азаматтары да жаңа уақытқа көшеді. Сөйтіп, Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері алғаш рет барлық өңір бірдей уақыт белдеуіне «жайғасады». Мұндай өзгерісті енгізудің қандай қажеттілігі болды? Бұдан қарапайым тұрғындар не ұтады? Кемшін тұстары бар ма? Осы мәселені саралап көрген едік.

Сағатты неге өзгертеміз?

Соңғы бір ғасырдың аралығында еліміздің аумағында сағат тілі барлығы 12 рет ауыстырылған екен. Олардың қатарынан 1957, 1980, 1991 және 1999 жылдары жүргізілген маңызды реформаларды атап өтуге болады. Ал 2000 жылы елімізде тек екі уақыт белдеуі – батыс аймақтарына тән UTC+5 пен орталық, шығыс өңірлерге сай келетін UTC+6 қалды. Енді биыл Қазақстан тәуелсіздік жылдарында бірінші рет бірыңғай уақыт белдеуіне орналасады. Тек Маңғыстау, Атырау,  Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Қызылорда облыстары бұрынғы уақытында қалып, өзге өңірлер олармен теңеседі. Әлемнің 175 мемлекеті мұндай жүйеге бұрыннан-ақ ауысқан көрінеді.

Отандық ғалымдар да соңғы жылдары қазақстандықтардың басым бөлігі өзінің табиғи уақытынан бір сағат алда келе жатқанын алға тартып, түрлі зерттеулер жүргізіп, ұсыныстар жасады. Айталық, алғашқы зерттеулер 2006 жылы жүргізіліп, сол кезде-ақ Денсаулық сақтау министрлігіне уақыт белдеуін теңестіру ұсынылды. Сол уақыттан бері қазақстандық 60-тан астам институт аталған мәселені зерделеумен айналысып келеді. 2020 жылы Василий Фесенков атындағы Астрофизикалық институт өкілдері бүкіл елдің бірыңғай уақыт белдеуіне көшуінің бастамашысы болды. Ғалымдардың айтуынша, UTC+6 уақыт белдеуі табиғи күн уақытына сәйкес келмейді және биологиялық ритмдер мен адам денсаулығына кері әсері бар. Алайда пандемияға байланысты бұл жаңашылдық кейінге шегерілді. Сөйтіп, былтыр сәуірде соңғы зерттеу жүргізіліп, Парламент депутаттары, ғалымдар, дәрігерлер мен діни қызметкерлерден тұратын арнайы комиссия құрылды. Жұмыс тобы желтоқсан айында барлық облыс бесінші уақыт белдеуіне көшу керек деген ортақ пайымға келді. Соған сәйкес, 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні 15 облыстың азаматтары сағат тілін кейінге шегеретін болып шешілді.

Бастаманың жүзеге асуына жауапты Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев бесінші уақыт белдеуіне көшудің оң тұсы көп екенін алға тартады. Тіпті, бұл экономиканың ілгерілеп, өңірлер арасындағы байланыстың артуына әсер ететін көрінеді. Басқа да басым бағыттары бар.

— Жаңа өзгеріс десинхроноздың болуына жол бермейді. Десинхроноз — биологиялық ырғақтың бұзылуы. Оған шаршау, депрессия, ұйқысыздық, әртүрлі жүрек-қан тамыр аурулары себеп болуы мүмкін. Сондай-ақ, созылмалы түрде ұйқының қанбауы, шаршау, созылмалы аурулардың объективті алғышарттарын қалыптасуына жол бермейді. Қазір әлемдегі 175 мемлекет – бірыңғай уақыт белдеуінде. Сондықтан мұндай шешім уақытында қабылданғалы отыр және ғалымдардың пікірімен сәйкес келеді. Ғалымдардың консенсусына сәйкес, экономика және адамның денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау үшін ең дұрысы –
бірыңғай уақыт белдеуінде болу, — дейді ол.

Уақыт белдеуі мәселесін зерттеп жүрген белгілі биотехнолог Әмір Қуат та бұл дұрыс шешім екенін алға тартады. Себебі уақыттан озу адамзатты тоздырады. Ал өңірлердің сағатын теңестіру денсаулық таразысын тепе-тең ұстауға мүмкіндік беретінге ұқсайды.

— Біз қазіргі таңда UTC+6 –да ұйықтап жүргендіктен, түнгі ұйқы бір сағатқа кем. Сондықтан ағзадағы регенеративтік процес- тер бір сағатқа жұмыс істеп үлгере алмай жатыр. Соның салдарынан Қазақстанда онкологиялық, кардио-логиялық, васкулярлық аурулар,  суицидтар, ажырасулар көбейіп кетті. Бір аптада ұйқыңызды бір сағатқа кемітіп көріңіз. Не болады? Психоэмоциялық жағдайы күрт өзгеріп кетеді. Ал бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің адам денсаулығына пайдасы зор, —
дейді ғалым.

Алайда тұрғындардың барлығы бірдей ғалымдардың ой-пікірімен келісе бермейді. Мысалы, Екібастұз қаласының тұрғыны Гаухар Қайыргелдина мұндай шешімді қабылдамас бұрын көпшіліктің талқысына салу керек еді, дейді.

— Біріншіден, уақыт белдеуіне қатысты шешімді бірнеше сала өкілдерінен құрылған топтың өзара шешуі дұрыс емес деп ойлаймын. Халық санағын жүргізген кезде электронды түрде дауыс бергеніміз есімізде. Сол сияқты онлайн форматта жұртшылықтың бұған қатысты пікірін анықтап алған жөн болар еді. Екіншіден, біз сияқты күндізгі және түнгі ауысым бойынша жұмыс істейтін қызметкерлер үшін сағатты кейін шегеру ыңғайсыз әрі тиімсіз. Үшіншіден, барлық облыстың бірдей сағат белдеуінде болуы адам денсаулығына қалай оң әсер ететіні маған әзірше түсініксіз. Керісінше, теріс ықпал ететін сыңайлы. Айталық, бұған дейін балалардың сабағы 8-де басталса, енді бір сағат кейінге шегерсек, бұрынғымен есептегенде 7-де басталады. Мұның өзі балаға ауыр болатын сияқты. Үйреншікті өмір қалпын өзгертіп, жаңа уақытқа бейімделуге де біраз уақыт кетеді, — дейді ол.

Уақытқа бейімделудің жолдары қандай?

Бұл ретте түрлі құзырлы органдар жаңа уақытқа бейімделудің амалдарын айтып, жолдарын ұсынуда. Мәселен, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев еліміздің басым өңірлері бірыңғай сағат белдеуіне көшуіне байланысты сабақтың басталу уақыты өзгеруі мүмкін екенін айтты. Бірақ соңғы шешім қабылдауды мекемелер мен әкімдіктердің еншісіне қалдырды. Бірақ облыстық білім беру басқармасы өкілдері біздің өңірде сабақ уақыты әзірше өзгеріссіз қалатынын мәлімдеді.

Сол сияқты Мемлекеттік кірістер комитеті кәсіпкерлердің жұмысында кідіріс туындамауы үшін бақылау-кассалық аппаратты қолданатын бизнес өкілдеріне 29 ақпаннан кейін уақытты өз бетінше орнатуға кеңес берді. Сондай-ақ, 29 ақпан күні сағат 23:30-дан 1 наурыздағы сағат 07:00-ге дейін комитеттің ақпараттық жүйелері жұмыс істемейтінін ескертті. Техникалық жұмыстардың жүргізілуіне байланысты кейбір жүйелер қолжетімсіз болады.

Бұл ретте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ақпараттық жүйелерде, ұялы байланыс желісінде, автоматтандырылған өндірістерде кең ауқымды ақауларды болдырмау үшін барлық кеңсе, мекеме, бизнес пен жеке тұлғаға бағдарламалық қамтылымын соңғы нұсқаға дейін жаңарту қажет екенін ескертті.

— Көптеген пайдаланушы ұялы телефоны мен құрылғының ақпараттық жүйелерінен Қазақ-станның бірыңғай уақыт белдеуіне (UTC+5) көшетіні туралы хабарламалар ала бастады. Цифрлық даму министрлігі қазақстандықтарға оларды жаңарту және жаңа уақыт белдеуіне уақтылы көшу бойынша әмбебап нұсқаулықтарды ұсынады. Бұл хабарламаларды алмаған азаматтар олардың жоқтығына алаңдамауы керек. Құрылғының бағдарламалық қамтылымын соңғы нұсқаға дейін жаңарту қажет, – деді министрлік мамандары.

Сонымен қатар, қазақстандық қолданушылардың біразы ұялы телефондар мен құрылғылардың ақпараттық жүйелерінен бірыңғай уақыт белдеуіне (UTC+5) көшу туралы хабарлама ала бастады. Байланыс операторлары бүгін түнде техникалық жаңартулардың жүргізілуіне байланысты бірқатар қызмет түрі уақытша істен шығатынын да хабарлады. Олардың қатарында тариф ауыстыру, баланс толтыру, нөмірді бұғаттау және тағы басқалары бар.

Көлік министрлігі де жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын компанияларға тұрғындарды уақытылы хабардар ету және билеттерді брондау әрі сату бойынша жүйелерді жаңарту бойынша тиісті жұмыстарды жүргізуді тапсырды. Соның негізінде теміржол, әуе компаниялары қоғамдық көліктердің қозғалысына қатысты барлық өзгерісті ресми сайттар мен интернет-ресурстарында жариялауға уәде етті.

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы еліміздің жаңа уақыт белдеуіне ауысқан сәтте намаз уақыттары да автоматты түрде өзгеретінін жариялады. Тұрғындар www.muftyat.kz сайтындағы намаз кестесінен ауыл мен қаладағы намаз уақыттары жайлы мәліметтерді ала алады.

Еліміздегі 15 облыстың бесінші уақыт белдеуіне көшуіне байланысты осы және өзге де өзгерістер күтіп тұр. Әрине, оған бірден бейімделіп кету қиындық пен қолайсыздық тудыруы мүмкін. Оған да уақыт керек. Десек те, сағат тілінің кері шегерілуі, барлық өңірдің бірдей белдеуде болуы ғалымдар айтқандай, шын мәнінде көпшіліктің өмір сүру қалпына оң әсер етсе болғаны.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА