Газ баллоны салдарынан болатын қайғылы жағдайға жол бермеу үшін оны пайдалану ережесін қатаң сақтау қажет. Соңғы үш жылда облыста газ баллондарының кесірінен оннан астам өрт оқиғасы орын алған. Тілсіз жаудың салдарынан бір адам қайтыс болып, бес адам жарақат алды.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Қайрат Шаймарденовтің мәліметінше, 2020-2023 жылдар аралығында Павлодар облысының аумағында газ баллондарды пайдалануға байланысты 16 өрт оқиғасы тіркелді. Олардың барлығы тұрғын үй секторында орын алған.

– Былтыр облыстық полиция департаментімен бірлесіп, «Газбаллон» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткіздік. Мүдделі мемлекеттік органдарды, еріктілер ұйымдарын тарта отырып, 22 мобильді топ құрылды. Мобильді топтар облыстың автожолдарында мыңнан астам адамды қамтитын 54 рейдтік іс-шара өткізді. Шара барысында тиісті рұқсатсыз газбаллонмен жабдықталған көлік құралын басқарған 4 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 103 мың 500 теңге сомасына айыппұл салынды. Бұдан басқа, рейдтік іс-шаралар аясында 44 автогазқұю станциясының иелері мен жұмыскерлеріне нұсқама қағаздары беріліп, профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Кейбір адамдар жанармай құю станцияларындағы резервуарлардан тұрмыстық газ баллондарын толтырып алмақ болады. Заң бойынша бұған тыйым салынған. Газ баллондарын арнайы компанияларда толтыру қажет. Себебі ол жерде қауіпсіздік шаралары сақталады. Мәселен, баллонға газдың 80 процентін ғана құю қажет. Газ таратушы компаниядан өлшеп алатын мүмкіндік бар, – деді Қ.Шаймарденов.

Сонымен қатар, облыстық Төтенше жағдайлар депар-таменті бастығының орынбасары өңір аумағындағы газ құю пункттерінің иелері баллондарды тексеруге, сондай-ақ, сатылған әрбір баллонның мерзімі көрсетілген кепілдік талонын беруге, оларға техникалық қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге, техникалық сараптамадан өткізуге міндетті екенін атап өтті.

– Цилиндрлер бес жыл сайын сынақтан өтуі керек. Тұтынушы газ сататын ұйыммен шарт жасасқаны дұрыс. Газ баллондарын орнату кезінде қарапайым қауіпсіздік шараларын ұмытпау керек. Жалпы газ баллондарын табиғи желдетусіз, апаттық шығулар мен ғимараттардың негізгі қасбеттерінің жанында орнатуға тыйым салынады. Екі қабаттан жоғары қабатты тұрғын үйлерде газ баллондарын пайдалануға болмайды. Сондай-ақ, газдың ауаға шығуын анықтау үшін ашық отты қолдануға болмайды. Бұл ретте, цилиндрлерді сабынды сумен тексеру ұсынылады, – деді ол.

 

А.ЕЛЕМЕСҰЛЫ.