Өткен демалыс күндері облыс көлемінде болған дауыл біраз жұртты әбігерге салды. Елді мекендер бірнеше күн бойы жарықсыз, байланыссыз, тіпті сусыз қалды. Кейбір аудан-қалаларда төтенше жағдай жариялауға тура келді. Қатты желге төтеп бере алмаған, оның салдарын жоюда салғырттық танытқан бірнеше басшының жұмысы сынға қалды. Қызметтен босатылғаны да бар.

Сенбі-жексенбі күні қатты жел болып, бірқатар әлеуметтік нысан мен тұрғын үйлерге зақым келтірді. Бұл күндері желдің екпіні кейбір жерлерде секундына 37 метрге дейін жетті. Соның салдарынан облыстың үш қаласында, сондай-ақ Баянауыл, Павлодар, Шарбақты, Май, Успен, Аққулы аудандарындағы 83 әлеуметтік нысанның шатыры ұшып кетті. Олардың ішінде 61 мектеп, 10 аурухана, 9 мәдениет үйі және 3 спорт кешені бар. Сонымен қатар, қатты жел 63 көпқабатты және 84 жеке тұрғын үйдің шатыры мен қасбетіне зақым келтірді. Зардап шеккен қалалар мен аудандардың әкімдіктері төтенше жағдайлар жөніндегі комиссиялардың отырыс- тарын өткізіп, табиғи сипаттағы жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылдады. Қазіргі уақытта келтірілген залалға бағалау жүргізіліп, нысандарды қалпына келтіру үшін мердігер ұйымдар тартылды. Электр энергиясымен қамтуда да айтарлықтай қиындықтар туындады. Электрмен жабдықтау желілерінде 246 авариялық өшіру болып, 100-ден астам жарық бағаны істен шықты. Өкінішке қарай, мұндай олқылықтар уақытылы жойыла қойған жоқ. Айталық, үш аудандағы 18 ауыл үш күн бойы жарықсыз отырды. Бұл түйткілдерді тарқатудың жолдары аймақ басшысы Асайын Байхановтың төрағалығымен өткен жиын барысында қаралды. Облыс әкімі электрмен жабдықтау желілерін қалпына келтіретін жауапты құрылымдардың жұмысын сынға алып, олардың ісіне көңілі толмайтынын кесіп айтты әрі қанағаттанарлықсыз деп бағалады. «Павлодарэнерго» АҚ бас директоры Олег Щемельге жағдайды тікелей қадағалап, өзіне бағынышты ұйымдардың кемшіліктерін барынша жедел түрде жоюды жүктеді.

— 18 ауылдың тұрғындарының электр энергиясынсыз қалғанына үшінші күн болды. Демек, үш күн бойы оларда не жарық, не байланыс жоқ. Кейбір елді мекендерде су да жоқ. Көптеген ауыл тұрғындары ұзақ жанатын пештерді және ұңғымаларға арналған сорғыларды пайдаланады. Электр қуатынсыз олар жұмыс істемейді. Қалпына келтіру жұмыстарын жандандыруды және басқа да ұйымдарды тартуды тапсырамын. Егер қолдарыңыздан келмей жатса, бізден көмек сұрау керек, — деді облыс әкімі «Павлодарэнерго» АҚ басшылығына. Сонымен қатар, аймақ басшысы қалалар, аудандар әкімдеріне және бірқатар жауапты облыстық ведомстволарға қатаң талаптар қойды. Жиналыс барысында энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқар-масының басшысы Ержан Салханов өзіне сеніп тапсырылған саладағы жұмысты әлсіз ұйымдастырғаны үшін қызметінен босатылды. Тағы бірнеше жоғары лауазымды шенеуніктің ендігі «тағдыры» жиында берілген тапсырмалардың сапалы әрі уақытылы атқарылуына байланысты болмақ. Бұрнағы күні аймақ басшысы қатты дауылдың салдарын жою бойынша құрылған жедел штабтың кезекті отырысын өткізді. Осыдан екі күн бұрын мамандар шатырлары зақымданған 16 әлеуметтік нысанды қалпына келтіруге кірісті. Зардап шеккен тағы 67 ғимаратты жөндеу жұмыстары кеше басталды. Жарықсыз қалған елді мекен-дерді қайтадан электр энергиясына қосу бойынша да жұмыстар атқарылуда. Оған 43 апаттық бригада, яғни 150-ден астам адам мен 68 техника жұмылдырылды. Дауылдан айтарлықтай зардап шекпеген облыстың солтүстік аудандарынан да мамандар тартылды. Бүгінде жарықсыз қалған 18 ауылдың барлығына дерлік электр энергиясы берілді. Сонымен қатар, құлаған ағаштарды тазарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте Асайын Байханов алдағы күндері де желдің жылдамдығы күшеюі мүмкін екенін алға тартып, әкімдіктер нысандарды қалпына келтіру бойынша жұмыстардың қауіпсіз-дігін қамтамасыз етуге дайындалуы қажет екенін атап өтті.

Өз тілшіміз.

Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.