167211271

Айдың-күннің аманында еңбек «майданында» жүрген атпал азаматтарымыздан айырылып жатқанымыз жанға батады. Былтыр өрт сөндірушілер мен шахтерлар қызмет барысында қаза тауып, қайғылы жағдай күллі қазақ халқының қабырғасын қайыстырды. Таяуда Майқайың кентіндегі кен орнында да оқыс оқиға болып, елдің үрейін ұшырды. Жұмыс орындарындағы осындай жазатайым жағдайларды қалай тыямыз? Еңбек қауіпсіздігін арттырудың амалдары қандай? Оқыс оқиғалардың алдын қалай алуға болады? Осы мәселені «Алаңның» талқысына салып көрген едік.

Асқар ҚАПАНОВ, облыстық еңбек басқармасының басшысы:

— Өкінішке қарай, өңірдегі кәсіпорындарда жазатайым оқиғаларды түбегейлі жою мүмкін болмай тұр. Салдарынан қызметкерлер еңбек етіп жүрген жерінде жарақат алып, тіпті ажал құшып жатыр. Айталық, былтыр аймақтағы өндіріс орындарында 106 оқыс жағдай орын алып, 111 адам зардап шекті. Олардың басым бөлігі Ақсу ферроқорытпа зауыты, «Қазақстан алюминий» зауыты, «Богатырь Көмір» кенішінде тіркелді. Нәтижесінде 65 жұмысшының жағдайы ауыр деп танылып, 4 адам жан тапсырды. 2022 жылмен салыстырғанда жазатайым жағдайлардың саны бес пайызға азайғанымен, тау-кен өнеркәсібі саласында зардап шеккен қызметкерлердің қатары әлі де көп. Мұндай жағдайлардың әрқайсысын жеке қарап, саралау керек. Былтырғы оқиғаларға байланысты арнайы тергеп-тексеру комиссиялары құрылып, толыққанды зерделеу жұмыстары жүргізілді. Кейбірінде жұмыс берушінің кінәсі дәлелденсе, енді бірде жұмысшының еңбек қауіпсіздігі толыққанды сақталмағаны анықталды. Бұл ретте қандай да бір тарапты кінәлау қиын. Олқы тұстар қос тараптан да орын алып жатады. Оның алдын алу үшін мекеме басшылығы да, қызметкерлер де еңбек қауіпсіздігін қатаң сақтауы қажет.

Динара АЙТЖАНОВА, облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты:

— Кәсіподақтар бірлестігі өндірістік жарақаттардың орын алуына жол бермеуге баса көңіл бөледі. Осы бағытта әлеуметтік әріптестік, әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның отырысын жиі ұйымдастырып, саладағы олқылықтарды талқылап, түйткілдерді тарқатуға ден қояды. Бұл — көпжылдық тәжірибеге айналған жұмыс. Сонымен қатар, жылына екі рет кәсіпорындарды аралап, сондағы жұмысшылармен тілдесіп, өндірістік жарақаттанудың алдын алудың бірыңғай күнін өткіземіз.

Иә, былтыр күллі ел болып аза тұтқан қайғылы жағдайларды ел ұмыта қойған жоқ. Мұндайда «Оқыс оқиғаның алдын алу үшін былай істеу керек еді» деп сырттан тон пішу оңай, әрине. Десе де, сондай жанға бататын жазатайым жағдайлардың алдын алуға болатын еді. Ол үшін материалдық-техникалық базаны жаңарту, мамандарды оқыту, олардың қауіпсіздікті сақтауын қатаң қадағалау, басшылық тарапынан барлық оңтайлы жағдай жасау сынды жұмыстар аса маңызды. Сонымен қатар, еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторларды оқытып, олардың біліктілігін арттыру керек. Павлодар облысының аумақтық кәсіподақтар бірлестігі осы жұмыспен жүйелі айналысып келеді. Өткен жылдың өзінде кәсіпорындардың келісім комиссияларының 4500-ден астам мүшесі және еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторы оқудан өтті. Еңбек қауіпсіздігін арттыру үшін осы бағыттағы жұмыстарды әлі де жетілді-ретін боламыз.

Рышат ӘМІРЕНОВ, Қазақстанның Еңбек ері:

— Адам — қоғамның басты байлығы. Сол себепті, кез келген жұмыс орнында еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау мәселесі басты назарда болуы тиіс. Ал өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу тәртібін орнату, қызметкердің жұмыс орнындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету – жұмыс берушінің негізгі міндетінің бірі.

Қазіргі уақытта әлемнің дамыған елдерінде биліктің, ғылым мен сақтандыру компанияларының өкілдері еңбек процесі мен өндірістік ортаға мейлінше көңіл бөліп, оны жақсартудың түрлі жолдарын қарастырып жатыр. Ал біздің елімізде қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету әлі де болса ақсап тұрғаны қынжылтады. Сол себепті, алдымен еңбек қауіпсіздігін қорғау саласында басшылардың, сала мамандарының біліктілігін тексеру, оларды оқыту, арнайы сертификат алу шаралары жүргізілуі қажет. Сондай-ақ, оған жұмсалатын қаржы көздері ұжымдық шартпен айқындалып, нақты орындалып отыруы тиіс. Адам құқығы, оның қорғалуы жөнінде әрбір мекеме басшысы қатаң тәртіп орнатып, қауіпсіздік шараларының бұзылуына жол бермеуі керек.

Сайып келгенде кәсіпорынның ең құнды ресурсы – адамдар. Ал мекеме басшысының міндеті – олар үшін қолайлы еңбек жағдайын жасау.

«Алаңды» үйлестірген – Айдана БОРАНБАЕВА.