Соңғы уақытта елімізде мүгедектігі бар адамдардың қатары артуда. Біздің қоғамдағы осындай жандардың жайлы өмір сүруі үшін лайықты жағдайын жасап, көмек көрсетуге әркез әзір тұратын арнайы мамандық иелері бар. Олар әлеуметтік қызметкер деп аталады. Біреу білсе, енді біреу біле бермейтін бұл сала өкілдерінің еңбегі қашанда ерен. Себебі, олардың жұмысы кез келгеннің қолынан келе бермейді. Соған қарамастан, жылдар бойы осы қызметтің отымен кіріп, күлімен шығып жүрген, жүрегі жылулыққа толы қайсар жандар аз емес. Солардың бірі — әлеуметтік қызметкер мамандығы бойынша жоғары білімі бар білікті  маман Нұрымғазина Ләйла Жолдасбекқызы.

Ол он жыл бойы облыс орталығында әлеуметтік қызметкер болып еңбек етуде. Негізгі міндеті – көмекке мұқтаж балалармен жұмыс істеп, әрдайым оларға жәрдемдесу.

— Мен мүгедектігі бар балалардың үйіне барып, оларға қолымнан келгенше барлық көмек түрін көрсетемін. Мәселен, қимыл-қозғалысы бұзылған науқас балаларды тамақтандыру, жуындыру, қажетті дәрі-дәрмегін жеткізіп беру, түрлі медициналық қызмет алуы үшін порталға қою, сауықтыру мекемелеріне баруы үшін жолдама алу, құжаттарын рәсімдеу, үйірмелерге апару сынды жұмыстарды атқарамын. Жалпы, жарымжан балаларға педагогикалық, психологиялық, құқықтық, тұрмыстық, медициналық және өзге де бағыттар бойынша 8 түрлі қызмет көрсетілуі тиіс. Біз осы міндеттің бәрін атқарамыз. Кейде мұғалім болып балалардың қабілетін дамыту, зейінін ашу үшін жұмыс жүргіземіз. Психолог ретінде ата-аналарымен де сөйлесіп, оларды шыдамды болуға шақырамыз, — дейді Ләйла Жолдасбекқызы. Бүгінгі таңда ол мүгедектігі бар 6 баланың үйіне барып, тиісті көмек көрсетуде. Әлеуметтік қызметкер жеткіншектермен жиі көрісетіндіктен олардың жақын туысындай болып кеткенін айтады.

— Балалар маған әбден бауыр басып алды. Мені күтіп отырады. Кейбіреуі телефоныма хабарласып, халімді сұрап жатады. Мен де осы балаларға үйреніп кеттім. Бәрі жақын туысым сияқты. Қолымнан келген қамқорлығымды аямаймын. Әрине, жарымжан балалармен жұмыс істеу оңай емес. Десе де, оларды жүрекпен жақсы көргендіктен, барлығына мейіріммен, түсіністікпен қараймын. Біздің жұмыстың басты ерекшелігі де – осы! Яғни, әлеуметтік қызметкер қайырымды, мейірімді, еңбекқор, қайсар болуы тиіс. Ауруды ешкім тілеп алмайды ғой. Бұл да тағдырдың бір сынағы екенін түсіндіріп, балаларды өмірге құштар болуға, барлық қиындыққа төтеп беруге баулимыз. Негізі, өзім де көпбалалы отбасында тәрбиелендім. Әулеттегі жеті баланың кенжесімін. Сондықтан да болар, бауырмалдылық, жанашырлық, адамгершілік сынды асыл қасиеттерді қанымызға сіңіріп өстік. Осы балаларға деген махаббатыма сол жағдай да себеп болған шығар деп ойлаймын, — дейді кейіпкер. Оның айтуынша, ол қамқорлық көрсететін балалардың денсаулық жағдайы да әртүрлі. Бірі өздігінен жүріп-тұра алмаса, енді бірі сөйлей алмайтын көрінеді. Маманның сөзіне қарағанда, ол қызмет көрсететін жеткіншектерге сал ауруы (ДЦП), аутист диагноздары қойылған. Олардың қатарында 10 жыл бойы қызмет көрсетіп келе жатқан жасөспірімдер де бар екен.

— Мұндай науқас балаларға ерекше күтім, жақсы жағдай, жан жылуы қажет. Көңілдері де шат болуы тиіс. Осы мақсатта біз әрбір мереке сайын шағын кеш ұйымдастырамыз. Яғни, балалардың шығармашылық қабілетін шыңдау, көңіл-күйін көтеру үшін түрлі іс-шаралар өткіземіз. Ал кешімізді қызықты өткізу мақсатында өзіміз демеуші іздеп табамыз. Сөйтіп, қаладағы дүкен, кәсіпорын, басқа да мекемелерге барып, қолдау көрсетуін сұраймыз. Бірақ қазір қымбатшылықтың салдары ма, бұрынғыдай көмек беретін азаматтардың азайып бара жатқаны байқалады. Әрине, аянып қалмайтын жомарт жандар да баршылық. Сондай-ақ, мереке қарсаңында кейбір мейрамхана мен дәмханалар балаларды аналарымен бірге қонаққа шақырып, қуаныш сыйлап жатады. Осындай мекемелерге айтар алғысымыз шексіз, — дейді Ләйла Нұрымғазина. Осылайша, әлеуметтік қорғау жүйесінде он жыл бойы талмай еңбек етіп, жарымжан жеткіншектерге жайлы жағдай жасау үшін жанын салып еңбек ету – үлкен ерлік екені айтпаса да түсінікті. Өзінің 2 баласымен қатар, өзгенің 6 баласына қамқор болып, жан жылуын беріп келе жатқан Ләйла Жолдасбекқызына әр жасаған ісіңіз сауаптан болсын дейміз!

 

Нұржайна ШОДЫР.