«Жасанды интеллект» тіркесін кейінгі кезде құлағыңыз жиі шалатын болар. Естіп қана қоймай, бүгінде кеңінен қолданып жүргендер де жетерлік. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі жаңалықтардан да адам жасайтын қаншама тірлікті бүгінде роботтар алмастырып жатқанынан да хабардарсыз. Бір қарағанда, адам өмірін жеңілдетуге, кейбір ауыр жұмыстарды жүктеп қоюға тәп-тәуір ғылымның жаңалығы дерсіз. Алайда, ғалымдар технология жетістіктерінің өзіндік зияны да барын алға тартуда.

Оңайлатуға оңтайлы

Бүгінде көпшілік Яндекс компаниясының виртуалды көмекшісі «Алиса»-мен «жақын дос» болып кетті. Үлкені де, кішісі де бұл құрылғыға тапсырмасын дауыстап бере салады. Мәселен, «Алматы мен Астананың аралығы қанша шақырым?» деп қалсаңыз, көмекшіңіз ол қашықтықты тауып береді. «Алисаңыз» сіздің сұранысыңызды іздеп, қалауыңызды тапса, тапқанын ұсынады, таппаса, оны да айтады. Өткен жылы бұл көмекші қазақша сөйлей бастағанын айта кету керек. Әңгімелесіп, пікірлесе аласыз.  Тағы көріп жүрген «жасанды интеллект» жемісі — робот-шаңсорғыштарды білерсіз. Қосып қойсаңыз, шыр-көбелек айналып, қоқысты өзі-ақ жинап тастайды.

Қазіргі таңда жастар жағы дәл осы жасанды интеллектің игілігін барынша пайдалануда. Яғни, күнделікті ақпарат іздеу, бағыт-бағдар алуда ChatGPT, Gemini чатботтарды қолдануда. ChatGPT — жасанды интеллект технологиясына негізделген табиғи тілді өңдеу құралы. Ол чатботпен адам сияқты сөйлесуге, диалог құруға, мәтіндік көмек сұрауға және тағы басқа әрекеттерге мүмкіндік береді. Бұл тіл моделі кез келген сұраққа жауап бере алады және эссе жазу сияқты тапсырмаларды орындауға көмектеседі. Міне, осы мүмкіндіктерді студенттер жиі пайдалануға көшіпті. Оқытушылар да қалысар емес.

Біз тілдескен Торайғыров университетінің Computer Science факультетінің аға оқытушысы Анар Садықова да күнделікті жұмысында қолданысқа кіргізген. Өзі ғана біліп қоймай, технологиялық жаңа-шылдықтарды әріптестеріне үйретуді де қолға алған. 10 жылдан астам IT-технология бағытында білім беретін ол жаһандық ғылыми өзгерістерді қалт жібермеуге тырысады. Білгенімен бөлісуге асығады. Мәселен, биыл оқу үрдісінде жасанды интеллект түрлерін тиімді пайдалану турасында курс өткізген. Сонымен қатар, Vertex Ai және Gemini Ai сияқты озық технологияларды пайдалану және жасанды интеллект дағдыларын көрсетуге бағытталған хакатон ұйымдастырған. Мұнда қатысушылар жасанды интеллекті пайдаланып, бағдарлама әзірлепті.

— Ұстаздық жолда мәтін құру, түрлі инфографика түзу сияқты тапсырмаларды орындатуға болады. Өз басым ChatGPT-ді кеңінен қолдана бастадым. Бұл платформада ақпарат іздеу өте ыңғайлы. Белгілі бір тақырыпқа жазылған материалдарды жылдам табу мүмкіндігі бар. Тіпті, кеңес алуға болады. Google компаниясының аналогы ретінде пайда болған Gemini жасанды интеллектісін де қолданамын. Ең бастысы, гугл аккаунт болса, болғаны. Тегін қолданып, кәдеге жаратуға болады. Көп жұмысты жеңілдетіп береді. Мәселен, қолыңызда бір өсімдіктің суреті бар. Бірақ атауын білмейсіз. Оны ұялы телефоныңызға түсіріп, чатботқа жүктесеңіз, оның қандай өсімдік екенін, қайда өсетінін, ерекшелік-
терін алдыңызға әкеледі, — дейді Анар Орынбекқызы.

Бірақ оқытушы мұндай жаңашылдықтар студенттерді, қазіргі буынды жалқаулыққа жетелей ме деп тағы алаңдайтынын бүгіп қалмады. Айтуынша, кітап оқудан мақұрым болып қалуы мүмкін.

Бүгінде жасанды интеллектің қамтымаған саласы жоқ-ау. Әсіресе, маркетинг, дизайн бағытында көп қолданылады. Әлемде, сонымен бірге, медицинаға да бірте-бірте ене бастаған. Әсіресе, диагностикада тиімділігін көрсеткен көрінеді. Яғни, жасанды интеллект науқас және сау адамдардың рентгенге түскен суреттерін салыстыра келіп, диагноз қоя алған. Тіпті, адам таппаған кезде жасанды интеллект көмектескені айтылады.

 

Адамды алмастырғаннан…

Иә, әу баста, ғалымдар түрлі роботтарды ойлап табуда адамға ауырлық туғызатын шаруалардан арылту үшін зерттеу жүргізгені белгілі. Осыдан ондаған жыл бұрын адам күшін қажет ететін жұмыстарға бүгінде робот «кірісіп кетті». Әзірге роботтың мүмкіндігі пайымдау және сыни ойлау мүмкіндігіне ғана ие емес. Кеңінен қолданыла бастағаннан бері ғалымдардың бір тобы қауіптене бастаған рас. Тіпті, олардың ішінде «адамзаттың түбіне жасанды интеллектіге ие роботтар жетеді» деп пайымдайтындары да бар.

Анар Садықова да технологияның дамуымен келетін қауіптің барын жоққа шығармайды. Ол адамға ұқсата жасатқан роботтарға азаматтық берудің өзін ақылға сыймайтын әрекет деп санайды. Естеріңізде болар, гонконктық Hanson Robotics компаниясы құрастырған София есімі таңылған роботқа Сауд Арабиясы өз елінің азаматтығын берді.  Осылайша, алғашқы робот адам қатарлы азаматтық алды. Мұндай жаңалықты Анар Орынбекқызы орынсыз әрі қорқынышты тірлік деп есептейді.

— Бастапқыда роботтар адам өмірін жеңілдету,  шығыны көп ескі әдістерден арылу, кәсіпорындарды, қызметті барынша цифрландыру, тың технологияларды қолдану мақсатында қолға алынды. Солай жасалып та жатыр. Алайда тым тереңдеп кеткендей көрінеді. Әсіресе, адамға ұқсатып жасалғандарын адаммен теңдей көру ешбір этикаға жатпайды, — дейді Анар Орынбекқызы.

Әлемдік ғалымдар бүгінде роботтардың адамдарды алмастыруынан жұмыссыздық белең алады деп қауіптеніп жатқаны да жасырын емес. Мысалы, 2014 жылы америкалық миллиардер Джефф Безос Amazon.com компаниясы жүк тасымалдайтын мыңдаған қызметкерін жұмыстан босатып, оларды роботтармен алмастырған екен. Қазіргі таңда компанияның қоймаларында жүз мың робот жұмыс істейді екен. Такси қызметін ұсынатын Uber компаниясы жүргізушісіз қозғалатын көлік жүйесін тестілеуден өткізіп жатқан көрінеді. Егер жоба іске асса, 2 миллионға жуық такси жүргізушісі жұмыссыз қалуы мүмкін деген болжам жасалуда. Ғалымдардың тағы бір тобы одан үрейленудің қажеті жоқ деген пікірде. Есесіне, адамдардың шығармашылықпен айналысуына уақыт көбейеді деп ой түйеді. Оны енді уақыт көрсетер.

Әлбетте, өркениеттің мұндай жемістері елімізге толық жете қойған жоқ. Бірақ біртіндеп еніп жатқаны байқалады. Әлем дамуынан қалыспай, қатар жүрген жақсы, әрине. Алайда, оның пайдасынан гөрі зияны тиіп кетпесе, игі дейсің.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.