Желілік маркетинг пен қаржылық пира-миданың құрылымы ұқсас болғанымен, екеуінің жұмыс жүйесі екі түрлі. Қаржылық пирамидалар ешқандай өнім немесе тауар ұсынбайды, айналымда тек ақша жүреді.

Оның жұмыс істеу принципі мынадай: сіз алдымен белгілі бір сомада ақшалай салым саласыз, сонан соң сіздің артыңыздан тіркелген адамдардың салымының есебінен пайыздық үлес алып отырасыз. Салымшылардың саны көбейген сайын табыс та еселене береді. Мұнда алдаушылық, көмескілік, айлакерлік және басқа да заңсыз (шариғатқа қайшы) әрекеттер болғандықтан, бұл кәсіппен айналысуға шариғатта рұқсат жоқ.

Желілік маркетинг дегеніміз – тәуелсіз дистрибьютерлер (тауар өткізуші агент) желісін құру арқылы өнімді сату немесе қызмет түрін көрсету. Мұнда өнім делдал арқылы емес, өндіруші компаниядан тікелей тұтынушының қолына тиеді. Әрбір агенттің табысы өнімді сатқаны үшін берілетін үстеме ақы және қол астындағы агенттерінен түскен сыйақыдан құралады. Өз тобына тіркелген агенттердің саны неғұрлым көбейген сайын табыс та соғұрлым молайып отырады.  Сөз соңында айтарымыз, желілік маркетингті шариғатқа сай деп тану  үшін мына талаптар орындалуы керек: бірінші кезекте компанияның көрсететін қызмет түрлері мен ұсынатын тауарлары халал болуы тиіс. Екінші, ұйымға тегін тіркелу, компания мүшесі өнімді сату немесе қызмет көрсету арқылы жаңа клиенттерді тартуға міндеттелмеу секілді белгілі шарттар орындалуы керек. Сонда ғана мұндай компаниялардың қызметін тұтынуға немесе айналысуға болады.

Алла Тағала қасиетті құранда «Бір-бірлеріңнің мал-мүліктеріңді арам жолмен жемеңдер»,  – деп бұйырады. Сондықтан ол заңға қайшы келген және шариғат бойынша рұқсат етілмеген кәсіппен айналыспаған абзал.

 

ҚМДБ Ғұламалар кеңесі.