Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде барлық қала-аудандарда жол жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Тіпті, отыз жыл бойы асфальт төселмеген жолдар жаңғыртылып, тұрғындар мәре-сәре күй кешуде. Жолдарды салу бір бөлек, сапасын бақылау бір басқа. Жобалар қалай жүзеге асуда? Алдағы уақытта қандай жобалар кезек күтіп тұр? Осы және өзге де сауалдарға облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қанат Қашкиров жауап берді.

– Қанат Шаймарданұлы, биыл жолды жөндеу бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?

– Биыл 28 млрд теңге қаражатқа ұзындығы 682 шақырымды құрайтын жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекендердің көшелерін қайта жаңарту және жөндеу бойынша 140 жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде республикалық бюджет қаражаты есебінен 2,5 млрд теңге сомасына ұзындығы 23 км құрайтын 3 жоба жүзеге асуда. «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында 2,8 млрд теңгеге ұзындығы 93 км болатын елді мекендердің көшелерін орташа жөндеу бойынша 44 жоба іске асып жатыр. Облыстық бюджет қаражаты есебінен 14,1 млрд теңге қаржыға ұзындығы 374 км жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекендердің көшелерін жөндеу бойынша 52 жоба жалғасуда. Сонымен қатар, қалалар мен аудандар бюджеті қаражаты есебінен 8,6 млрд теңгеге ұзындығы 192 км құрайтын аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекендердің көшелерін орташа жөндеу бойынша 41 жоба қарастырылған. Қазіргі таңда 140 жобаның жетпісі аяқталды. Жол жөндеу жұмыстарының сапалы орындалуы — біздің басқарманың ерекше бақылауында.

– Жолдардың сапасы жайлы не айтасыз?

– Облыстық маңызы бар автомобиль жолдарындағы жөндеу жұмыстарының сапасы төрт кезең бойынша қадағаланады. Осы ретте, Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы облыстық филиалымен келісімшарт жасалып, жолдың сапасын бақылау мықтап қолға алынған. Аталған филиал мамандары жолдардың сапасын анықтау мақсатында биыл 321 тексеріс жүргізіп, 58 кемшілікті анықтады. Ақаулар жұмыс барысында жойылады. Жалпы, биыл жол жөндеу жұмыстарының қорытындылары бойынша «Нормативтік жағдайдағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары үлесі» нысаналы көрсеткішін 94 пайызға жеткізу жоспарлануда.

– Алдағы уақытта жолды жөндеу бойынша қандай жобалар тізімде тұр?

– Бүгінде 2024 жылға арналған жоспарлар қалыптастыру кезеңінде. Тізімді кейін назарларыңызға ұсынатын боламыз.

 – Жолды жөндеу кезінде қандай проблемалар кездеседі?

– Басты мәселе – мердігерлердің кестеден кешігуі. Мұның бәрі қажетті мате-риалдардың уақытылы жеткізілмеуінен, жұмыскерлердің тапшылығынан туындайды. Әйтпесе, қай жобаға болмасын қомақты қаражат бөлініп келеді. Қаржы мақсатты игеріліп, жобалар сәтті жүзеге асса –
мақсатымыздың орындалғаны.

–  Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан — Оралхан ҚОЖАНОВ.