Соңғы кездері, өкінішке қарай, елімізде қоғамдық көлік жүргізушілеріне жұдырық ала жүгіретін жағдайлар жиілеп кетті. Естеріңізде болар, былтыр жыл соңында Алматыда жүріп келе жатқан автобус тізгініндегі әйелге жолаушылардың бірі жұдырық жұмсап, жүргізуші есінен танып қалды. Салдарынан автобус басқарусыз қалып, жол бойындағы бірнеше көлікті соғып, аялдама маңындағы адамдарды басып кетті. Үш адам көз жұмды…

Алматыда, артынша Атырауда…

2023 жылдың желтоқсанында Алматыда аялдамада алаңсыз тұрған адамдар қарасына қарсы келген автобус үш адамның өмірін қиды. Бұл сәтте көлік тізгінінде отырған әйел ессіз жатты. Техника бақылаусыз бейберекет бағыт алған еді. Себебі, адамдарды тасумен айналысып жүрген нәзік жан жолаушының жөнсіз талабын, нақтысы, рұқсатсыз орынға аялдап, түсіріп кетуін орындамайтынын айтқан соң таяқтың астында қалады. Куәгерлердің айтуынша, жолаушы жол ақысын төлеуден бас тартқан. Артынша жүргізушіден аялдамаға жетпей көпірде түсіріп кетуін талап еткен. Жүргізуші қауіпсіздік ережесін сақтап, есікті ашпай қойған. Айтқанын орындата алмаған соң жүріп келе жатқан көлікте жүргізушімен сөз таластырған жігіт мәселені жұдырықпен шешуді жөн көреді. Ер адамның бірнеше ауыр соққысынан әйел есінен танып қалды. Басқарусыз ватобус аялдамадағы адамдардан бөлек жол бойындағы бірнеше көлікке соқтығысады. Елді есеңгіреткен ауыр апат кешке ел үйіне қайтып бара жатқанда орын алды. Үш адам қайтыс болып, төрт адам ауыр жарақатпен ауруханаға түсті. Осылайша, бір адамның «еркелігінен» қаншама отбасы қара жамылды. Қазіргі таңда жұдырығын жүгірткен жігітке қатысты қылмыстық іс қозғалып, сот жүріп жатыр. Екі бап бойынша жаза тағайындалмақ…

Осы жағдайдан кейін жоғары мінберлерден қоғамдық көлік жүргізушілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар айтыла бастады. Көпшілік айтып ауыз жиғанша, Алматыдағы оқиға Атырауда қайталанды. Бұл жолы, Алла сақтап, автобус тоқтап тұрған сәт еді…

Атыраудағы жағдайды жазатын болсақ, мұнда да жүргізуші жолаушыдан жолақысын талап етемін деп, оңбай таяқ жеді. Жолаушылар тасымалына жауапты мекеме басшысының айтуынша, жүргізуші бет жарақатын алған. Нақтысы, беті мен жағы, көзі ісіп кеткен. Көліктің төлем қабылдайтын валидаторын да сындырыпты. Бұзақы қашып үлгерген, полиция оны қолға түсіріпті. Тергеу амалдары жүргізілуде.

Біз сөз еткен екі оқиға резонанс тудырған соң көпшіліктің құлағына жетті. Біз білмейтін, естімей қалған кішігірім дау-дамайлар еліміздің әр түкпірінде күн сайын орын алып жатқаны да анық.

Кабинкасы жабығы жақсы

Алматыдағы оқиғадан кейін еліміздің Көлік министрлігі алдағы уақытта жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы шара қабылдайтындарын мәлім етті. Көлік министрі Марат Қарабаев БАҚ-қа берген сұхбатында бұған дейін жүргізушінің қауіпсіздігі үшін айналасын қоршауға қатысты мәселе қарастырылма-ғанын ашық айтты. Ауыр апат министрліктің алда арнайы амалдар қолға алуын талап еткенін де тілге тиек еткен еді…

Астаналық депутаттар да алаңдаушылық танытты. Тіпті, олар қоғамдық көліктерде жүргізушілерді жолаушылардан оқшаулап тұратын темір тор қарастырылуы қажет деп отыр. Осы ретте, халық қалаулылары жаңа автобустар сатып аларда жүргізушілердің қауіпсіздігін қамту жағы еске-рілуі тиіс деген пікірде. Депутат шетелде жүргізушіні жолаушының жұдырығынан қорғайтын темірторлар қарастырылғанын алға тартты. Сол тәжірибені елімізге енгізу қажет, деді.

Иә, техника тізгінінде отырған адамның екі көзі алаңсыз тек жолда болғаны абзал. Өйткені, қаншама адам өміріне жауапты болады. Жалпы, осы орайда, Павлодар қаласындағы автобустарда жүргізушілердің қауіпсіздігі қаншалықты сақталған? Жолаушылар мен жүргізушілер арасында дау-дамай қаншалықты жиі орын алады? Осы сұрақтармен «Павлодар автокомбинаты» ЖШС директоры Александр Панченкоға хабарласқан едік. Кәсіпорын басшысының айтуынша, шу шығарып, жүргізушімен сөзге келетіндер кездеседі. Орын алған оқиғалардың бірін айтып берді. Яғни, көз жанары бойынша мүгедектігі бар деп өзін көрсеткен азаматтан жеңілдікті картамен ақы төлеуді талап еткенде, ол бас тартқан. Ол тек анықтамасын ұсынатын көрінеді. Александр Панченко электронды билеттеу жүйесінде жеңілдікпен тегін жүретіндерді валидаторда тек картамен белгілеу мүмкін екенін алға тартады. Осыны қанша түсіндіргенмен, жеңілдікті билет ұсынғанмен, одан бас тартып, автобус жүргізушісіне бас салған. Жолаушылардың көмегімен оны автобустан шығарғанымен, ашуға булыққан азамат көліктің терезе сүрткіш құрылғысына жармасып, автобустың алға басуына тосқауыл жасаған. Барлығын ұялы телефонына түсіріп жүріпті. Осыдан кейін әлгі жолаушы полиция шақырып, ақыры жүргізушіге айыппұл салыныпты. Қазіргі таңда іс қозғау жағы да қарастырылып жатқан көрінеді.

– Бұл азаматтың біздің жүргі-зушілерге шу шығаруы – бір ғана оқиға емес. Біздің кәсіпорынға тиесілі автобустарда мұндай оқиғаның кемі 10-ы орын алды. Ылғи ушықтырып, бәрін ұялы телефонынан түсіріп, инстаграмға салуға асығады. Арнайы көлік картасын алу жөнінде сан рет түсіндірілсе де, баяғы әрекетіне баса береді. Жүргізушілеріміз де бүгінде байла-ныспауға тырысатын болды, – дейді Александр Панченко.

Көлік тізгіндеген адам өзінің ғана емес айналасындағылардың өміріне жауапты екенін ескерген кәсіпорын басшысы алдағы уақытта тек жабық кабинкасы бар жаңа автобустар сатып алуға бел буыпты.

– Былтыр сатып алынған 10 автобусымызда жүргізушіні жолаушылардан оқшаулап тұратын жабық кабинкасы бар. Алдағы сәуір айында тағы 10 көлік жеткізіледі. Жалпы, біздің автопарктегі автобустардың 20 пайызында толық жабылатын кабинкасы бар. Әрине, оқшаулаған жөн. Бірақ темір тормен қоршау бізге келмейді. Себебі, көліктерде кондукторлар жоқ. Жолаушылардың 10 пайызы қолма-қол ақшамен төлем жасайды. Оны тағы жүргізуші қабылдайды, – дейді автокомбинат басшысы.

Кәсіпорын басшылығы жүргі-зушілерге жолаушылармен жұмыс кезінде барынша жанжалдаспау жағы түсіндірілетінін де айтты.

– Алматыдағы жағдайдан кейін кәсіпорынның қауіпсіз қозғалыс жөніндегі инженері жүргізуші-лерді жинап, оқиғаның алдын алу мәселелерін түсіндірді. Диспетчер де жүргізушілерге жолдама берер кезінде жағдайларды шиеленіс-тірмей шешуді еске салып отырады. Кешке келген соң да штаттан тыс мәселелердің туындаған-туындамағанын сұраймыз. Кейде мас күйінде кірген жолаушылар көпшіліктің мазасын алып, көліктің алған бағытымен жүруіне кедергі келтіретін кездер болады. Мұндайда бірден полиция шақырып, мәселені ушықтырмауға мән береміз, – дейді А.Панченко.

Керісу емес, келісу керек!

Әскери қызметтен зейнетке шығып, қоғамдық көлікті тізгіндеген Болатбек есімді жүргізушіні сөзге тартып, әр күні қалай өтетінін сұрадық. 1,5 жылдай облыс орталығында жолаушылар тасымалдаумен айналысатын азамат жанжалдаспаудың жолын білемін, дейді.

– Адамдармен дауға келмеймін. Керіскеннен ешкім пайда көрмейді. Әскери қызметтегі тәжірибем де қазіргі қызметіме көмегін тигізіп отыр деп ойлаймын. Әр адамның мінезі әртүрлі. Кейбір адам кіре әр сөзінен кикілжің тудыруға бекінгенін байқайсың. Ондайда жұмсақ сөйлеп, әңгімені бұрып жіберуге тырысамын. Әріптестерімнен қатты дау-дамай орын алатынын жиі естимін. Өз басым жүз теңге үшін бет жыртысып тұрғанды ұнатпаймын. Кейде аязды күндері шағын автобусымызға аялдамада тұрған барлық адам сыймай қалады. Не есік жабылмайды, не адамдар сығылысып тұрғысы жоқ. Ешкім шыққысы тағы келмейді. Содан ешқандай шу шығармаймын, жай ғана «есік жабылмайынша қозғала алмаймын» деймін. Ұяты бар кейбір ер адам шығып, балалардың қалуына жағдай жасап жатады. Бұл – адамгершіліктің нышаны, – дейді шағын автобус жүргізушісі.

Ол қоғамдық көліктерде жүргізуші мен жолаушының арасын бөліп тұратын кеңістіктің болғаны жөн деген ойда. Мұндай шара тек жүргізушінің қауіпсіздігі үшін емес, бүкіл жолаушылардың сақтығы үшін де маңызды, дейді. Оқшаулаудан бөлек, адамдардың қарым-қатынасын түзеу, үйдегі тәрбиені бекемдеу көп кикілжіңнің алдын алады деген ойын да білдірді. Яғни, керісу арқылы емес, келісумен көп мәселені шешуге болады деп санайды.

Түйін:

Қауіпсіздік мәселесінің түйінін тарқатуды, амалын табуды алда құзырлы министрлік әлі ойластырады деген ойдамыз. Жүргізушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қаншалықты маңызды екенін тасымалдаушы кәсіпорындар да түсіне бастағаны қуантады. Нақты қадамдар жасалғанға дейін біз бен сіздің қолымыздан келетін ізгі амал – барынша сабырлы болып, даулы мәселені даурықпай шешуге әрекет ету.

 

Гүлжайна Түгелбай.

 

 

Суреттерді түсірген –

Есенжол Исабек.