Игергенге — игілік

Жел 27, 2024

Кез келген өңірдің экономикалық өркендеуі тартылған инвестиция көлемімен таразыланады. Ал құйылған қаржы ұқыппен ұқсатылса, ұтарымыз да ұшан-теңіз. Облысымыз бұл жағынан биыл озық.

Оны облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының ұсынған ақпаратынан аңғаруға болады. Мәселен, биыл аймағымыздың экономикасына 11 айда 943 млрд теңге қаржы тартылған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 35,8 пайызға артық. Өңірдің экономикалық көрсеткіштері де биыл он бір айда қарқын алып, оң нәтижеге ие. Әсіресе, өнеркәсіптік өндіріс көлемі 4,8 трлн теңгеге жетпек. Оның ішінде өңдеу секторының көлемі
9,4 пайызға өскен. Нәтижесінде өнеркәсіптік өндіріс 4,6 пайызға артқан. Дәл осы өнеркәсіптік өңдеу көлемі жағынан аймағымыз — үштікке, ал шикізаттық емес экспорт көлемі бойынша бестікке енген. Ал ауыл шаруашылығы секторына тартылған инвестиция айтарлықтай артып, дәл осы
көрсеткішпен өңіріміз елімізде көшбасшылық орынға тұрақтаған. Бұл дегеніңіз — облысымыз қолайлы инвестициялық климатқа ие екенінің айқын
көрінісі.

Одан бөлек, жуырда облыс әкімі аймағымызда 140 инвестициялық жобаның пулы түзілгенін мәлім еткен еді. Олар іске асса, 10 мың тұрақты жұмыс орны ашылуы бек мүмкін. Бұл өңір экономикасына елеулі серпін береді деп күтілуде. Биыл өнеркәсіп саласында 4,1 млрд теңгенің төрт жобасы іске асқан.

Аймақ басшысы Астанада өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын баяндау барысында облыс экономикасының құрылымы айтарлықтай түрленіп жатқанын атап өтті. Яғни, әртараптандыру арқылы өнеркәсіптік-шикізаттық өңірден өңдеу саласы қуатты әрі аграрлық секторы серпінді аймаққа айналуда.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, негізгі капиталға түскен инвестицияның басым бөлігі – өнеркәсіп саласына тиесілі. Нақтысы, 412,8 млрд теңге. Одан кейінгі үлес аграрлық сектор еншісінде. Бұл салаға 190,3 млрд теңге құйылған. Көлік пен қоймалау секторына 72,5 млрд теңге бағытталса, құрылысқа 4,3 млрд теңге инвестиция
салынған.

Бүгінде өңіріміз инвестиция салу тұрғысынан ең перспективті облыс саналады. Себебі, табиғи ресурстарға бай, инфрақұрылымы дамыған, іскерлік климат та қолайлы. Бұл отандық және шетелдік инвесторлардың қызығушылығын тудырмай қоймайды. Өңіріміздің Орталық Азияны Ресеймен, Еуропамен, Қытаймен байланыстыратын халықаралық маңызды көліктік дәліздердің түйілісінде орналасуы да облысымыз үшін оңтайлы болып отыр. Аймағымыз арқылы теміржол желісі өтеді. Бұл Шығыс және Батыс Еуропа, Орталық Азия мен Қытай арасында жүк тасымалы үшін стратегиялық тұрғыда маңызды.

Г.ТҮГЕЛБАЙ.