Кезекке тұрудың тәртібі өзгерді

Ақп 27, 2025

Үш айдан кейін тұрғын үй кезегіне тұратын азаматтар әдеттегідей әкімдіктерге бармайды. Онлайн, оп-оңай жолмен Otbasy bank-тің сайты арқылы баспана кезегіне тіркеле алады. Себебі, елімізде тұрғын үй кезегіне алу қызметі заңнамалық түрде мемлекеттік органнан аталмыш банктің құзыретіне өтті.

Әркімнің баспанаға бар таласы…

Otbasy bank-тің басқарушы директоры – Бірінші тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығының директоры Азат Әшімов бұл қызмет қалай іске асатынын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Естеріңізге сала кетейік, былтыр қараша айында ел Президенті «Тұрғын үй саясатын реформалау туралы» Заңға қол қойды. Осы заңнамаға сәйкес Otbasy bank-ке ұлттық даму институты деген мәртебе берілді. Осылайша, бұдан былай баспанаға мұқтаж азаматтарды тұрғын үй кезегіне қою қызметін дәл осы банк атқарады. Одан бөлек, әкімдіктерге тиесілі тұрғын үйлерді бөлу, жеке жалға берушілерден жалға алынған баспаналардың жалдық құнын субсидиялау, жеңілдікті ипотекалық несие беру сияқты тұрғын үймен қамту тұрғысындағы мемлекеттік қолдау шараларын іске асырады.

— Заң шеңберінде тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды кезекке қоюдың да тәртіптері өзгерді. Яғни, бұрын белгілі бір санатқа жататын тұрғындар ғана әкімдіктерде кезекке тұра алатын. Мәселен, көпбалалы отбасылар, жетім балалар және тағы басқа да бірқатар санатқа жататын тұрғындар құқылы еді. Енді кез келген азамат баспанаға мұқтаж ретінде кезекке тұра алады. Бастысы, соңғы бес жылда Қазақстан аумағында басында баспанасы болмауы шарт, — дейді А.Әшімов.

Алайда, банк әлі бұл қызметке кіріскен жоқ. 2025 жылдың 24 мамырынан бастап тұрғындарды кезекке қою функциясын ресми түрде бастайды. Оған дейін қаржы ұйымы бүгінде дайындық жұмыстарына кіріскен.

— Бұл жаңа функцияны іске асыру үшін біз ақпараттық жүйе – Бірінші тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығын құрдық. Бұл ақпараттық жүйеге бұған дейін әкімдіктерде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар толығымен көшіріледі. Ал мамыр айының 24-інен бастап жаңадан тұрғындар кезекке алына бастайды. Бірден айтайын, мемлекеттік қолдау шаралары, яғни, жалданатын пәтерлерді бөлу, жалдық төлемді субсидиялау, жеңілдік ипотекалық несиелер үлестіруде азаматтардың кезекке тұрған күні және кірістері ескеріледі. Бұл өте әділ қадам деп санаймыз. Демек, ең алдымен кезекте ұзақ уақыт тұрғандар қамтылады, — дейді банк басшылығы.

Сондай-ақ, тұрғын үйге қатысты мемлекеттік қолдау шараларын көрсеткен кезде азаматтардың кіріс деңгейлері де назарға алынады. Мәселен, табысы төмен, қоғамның осал топтарына жалға берілетін пәтерлер немесе жалдық төлемді субсидиялау сияқты қолдау шаралары қолданылады. Кірістері ипотекалық несиені өтеуге жеткілікті азаматтарға 2 немесе 5 пайыздық «Бақытты отбасы» немесе «Шаңырақ» бағдарламалары аясында баспаналы болу мүмкіндіктері беріледі. Кірісі одан да көбірек немесе кезекті жылдар бойы күткісі келмейтін тұрғындар қосалқы қарызгер тартып, бірінші нарықтан «Наурыз» бағдарламасы бойынша 7 пайыздық ипотекалық несие ала алады.

Бес жыл басында баспанасы жоқ кез келген азаматтың пәтер кезегіне тұру құқығы пайда болып, тұрғындар ауқымы артқанымен басымдық берілетін санаттар сақталғанын айта кетейік. Мұндай тұрғындардың
8 санаты айқындалыпты. Олардың қатарында ҰОС ардагерлері, жеңілдік жасау жағынан ҰОС ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер, өзге елдерде әскери ұрыстардың қатысушылары, жетім балалар, көпбалалы отбасылар бар. Сонымен қатар, жаңа санат – жесір әйелдер санаты енгізілген. Демек, әкімдіктер Otbasy bank-ке сатуға берген жалпы тұрғын үй көлемінің 70 пайыздан кем болмайтын бөлігі аталған санаттағы азаматтарға алдымен беріледі. Осы ретте, қазіргі таңда құзырлы министрлік мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру тәртібін реттейтін нормативтік-құқықтық акт әзірлеуде.

Өтінім онлайн беріледі

Банктің кезекке қою жүйесі толығымен автоматтандырылған көрінеді. Мемлекеттік мәліметтер базасымен кіріктірілген. Өтінімді азаматтар онлайн түрде бере алады.

— Тұрғын үй кезегіне өтінім беру үшін азаматтарда дербес компьютер және электронды цифрлық қолтаң-басы болса болғаны. otbasybank.kz сайтында ЭЦҚ арқылы авторизациядан өту керек. Қосымша ешбір құжат талап етілмейді. Біз өтінім негізінде тексереміз. Яғни, азаматтардың құқықтық мәртебесі, әлеуметтік мәртебесі тексеріледі, содан кейін бәрі дұрыс болса, жүйе ол адамды автоматты түрде кезекке қояды. Кезекке қойылғаны, ұсынылатын мемлекеттік қолдау шаралары туралы азаматтар тұрғын үймен қамту орталығы жүйесіндегі өзінің жеке кабинетінен біле алады, — дейді Азат Әшімов.

Әкімдіктегі тізімдерді банкке көшіру кезінде тұрғындар кезек жоғалып кете ме, айырылып қаламыз ба деп алаңдап жатқаны да жасырын емес. Банк өкілдері мұндай келеңсіздікке жол берілмейтініне сендіріп отыр. Сол үшін қазіргі таңда тесттік түрде көшіру амалдары жасалуда.

— Банк арқылы тұрғын үй кезегіне қою қызметінің басталуына бірнеше ай бар. осы уақытқа дейін әкімдік-терден кезекте тұрған азаматтар тізілімін қабылдаймыз, оны ақпараттық жүйемізге орналастырамыз. Тесттік режимде азаматтардың дербес деректерінсіз алып та жатырмыз. Сынап көрудеміз. Бірқатар кемшіліктер байқалды. Тізімде болғанымен, ЖСН бойынша мәліметтер жоқ тұстар кездесуде. Сондықтан, азаматтар kezekte.kz ресурсы арқылы 24 мамырға дейін өздерінің мәртебелерін бір тексеріп өткендері жөн, — дейді банк өкілі.

Сонымен қатар, банк жаңа қызметті бастағаннан әр тоқсан сайын тізімдегілерді түгендеп отырмақ ниетте. Мұнда дербес деректер туралы заң талаптары сақталады. Азаматтардан дербес деректерін жинау және өңдеуге келісім сұралады. Келісім алу үшін 1414 нөміріне қысқаша хабарлама жіберу көзделген. Ал хабарлама жетіп тұруы үшін азаматтар телефон нөмірлерінің мобильді азаматтар базасында тіркелгенін тексеріп алуы тиіс. Бұл ретте, банктегілер адамдардың алаяқтық әрекеттерден қауіптенуі әбден мүмкін екенін жоққа шығармайды. Бірақ, отбасы банк мұндай хабарлама жібергенде ешқашан азаматтардың дербес деректерін сұрамайтынын ескертіп отыр. Тоқсан сайын түгендеу арқылы әр азаматтың әлеуметтік мәртебесін қадағалап отырады. Бұл мемлекеттік қолдау шараларын айқындау үшін қажет көрінеді.

Банк басшылығы заңмен жұмыстың ашықтығын қамтамасыз ету көзделгенін алға тартты. Ақпараттық ресурста кезекте тұрғандар туралы мәлімет болмақ. Қолдау алғандар туралы ақпарат ашық жарияланып тұрмақ. Ал әлдекімдер сенімсіздік танытып, біреудің өзінен бұрын баспаналы болғанына немесе қолдау көргеніне күмән келтірсе, оған да ашық жауап беру тетіктері қарастырылған. Яғни, қолдау көрген азаматтан келісім алып, жағдайдың мән-жайын жариялайды. Осылайша, әділетсіз үлестірді дегенге қатысты күмәнді сейілту көзделіп отыр.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.