Биыл қазақтан шыққан тұңғыш академик, ғалым-геолог Қаныш Сәтбаевтың туғанына – 125 жыл. Аталмыш мерейтойға орай «Шаңырақ» облыстық халық шығарма-шылығы және мәдени-сауық қызметі орталығының ұйымдастыруымен «Қаныштың ізімен» атты экспедиция ұйымдастырылды. 3 күнге созылған экспедицияның құрамы облыстың шығармашыл жастарынан жасақталды.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Шаңырақ» облыстық халық шығарма-шылығы және мәдени-сауық қызметі орталығының басшысы Замира Солтанова «Қаныштың ізімен» атты экспедицияның мақсат-міндеттерімен таныстырып өтті.

– «Қаныштың ізімен» экспедициясы Қаныш атамыздың ізі қалған Ұлытау өңірін аралаумен ерекшеленді. Негізгі мақсат – ғалымның жүрген жерлерін көзбен көріп танысу, тәжірибе алмасу. Экспедиция құрамы 27 мамыр күні жолға шықты. Сапар барысында жастар академиктің ғұмырнамасында маңызды рөл атқарған Ұлытау облысының Жезқазған, Сәтбаев қалалары, Қарсақбай, Жезді елді мекендерінде болды. Сапар 29 мамыр күні аяқталды, – деді З.Солтанова.

Замира Амангелдіқызы экспедиция құрамы мәдениет, өнер, әдебиет және ғылым салаларында еңбек етіп жүрген 35 жасқа дейінгі жастардан  қамтылғанын айтты. Олардың қатарында Марғұлан университетінің ғылыми зерттеу институтының қызметкері Болатбек Мұзафар, «Алтын домбыра» иегері Аспанбек Шұғатай, Тілек Сейітов, әнші, термеші Бөкен Жігер, Мизан Жұмалі, дәстүрлі әншілер Жалын Құнанбай, Тәттімбет Жасқайратұлы, жас маман Абзал Рымбек, ұстаз Айнұр Бағланқызы және  блогер, белгілі өнерпаз Ғабит Хафиз бар.

– Өздеріңіз жақсы білетіндей, Қаныш атамыз қазақ ғылымынан бөлек, білім, өнер, мәдениет, әдебиет, музыка салалары бойынша мол еңбек етті. Экспедиция құрамында аталған салалар бойынша білікті де білімді жастардың басы қосылды. Мысалы, Қаныш атамыз жас кезінде ән шырқаумен қоса, халықтың музыкалық шығармаларын да жинаған. Ол кезінде А.В.Затаевичке жиырма бес ән тапсырған. Олар белгілі музыка зерттеушісінің 1931 жылы Мәскеуде шыққан «Қазақтың 500 әні мен күйі» атты белгілі еңбегінде жарық көрді. Сапар барысында дәстүрлі әншілеріміз Жалын  мен Тәттімбет Қаныш Сәтбаев ұнатып жаздырған «Бүркітбай», «Қара жорға», «Бибігүл», «Мақпал», «Іңкәр», «Сарын», «Екі жирен» әндерін орындады, – деді ол.

Экспедицияның алғашқы күнінде қатысушылар Мұса Шорманұлының кесенесіне, Сәтбай, Имантай аталар әулетінің зиратына тағзым етті. Сол күні Қарсақбай ауылындағы академик Қ.Сәтбаевтың музей-үйіне, Жезді кентіндегі Тау-кен және барлау ісі тарихи музейіне, Жезқазған қаласындағы академик Қ.Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік музейіне және әйгілі «Қазақмыс» корпорациясына саяхат жасады. Кейін Сәтбаев қаласындағы  «Ұлар» әдеби клубының мүшелерімен кездесу ұйымдастырылды.

Айта кетейік, академик Қаныш Сәтбаевтың мерейтойына орай аталмыш орталық маусым айының 14-15 күндері Баянауыл ауданында халықаралық ақындар айтысын өткізуді жоспарлап отыр. Оған Бекарыс Шойбеков, Нұрмат Мансұров секілді елімізге белгілі айтыскер ақындар қатысады деп күтілуде. Сондай-ақ, айтулы  сайыста көршілес Қырғызстан, Моңғолия елдерінен де сөз жүйріктері бақ сынамақ.

Айдана БОРАНБАЕВА