2024 жылдың 15 сәуірі мен 15 мамыры аралығында Қазақстанда «Киік» табиғатты қорғау акциясы өтеді. Акцияның мақсаты — киіктердің санының популяциясын сақтау, заңсыз аң аулаумен күрес және киіктерді, олардың мүйіздерін және басқа өнімдерін заңсыз сату және сатып алумен айналысатын браконьерлік топтардың қызметін анықтау және оларды тыю бойынша жұмысты күшейту.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиыны барысында Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаев «Киік» акциясы кезінде қорғау іс-шаралары Май және Баянауыл аудандарында, сондай-ақ, Ақсу және Екібастұз қалаларының жерлерінде өтетінін атап өтті. Павлодар облысындағы кең көлемді «Киік» табиғатты қорғау акциясын өткізуге 10 инспектор, 2 көлік жүргізуші, сонымен бірге, жүру мүмкіндігі зор 5 автокөлік жұмылдырылады.
— Акция кезінде жабайы тұяқты жануарлар мен киіктердің жиналу және көшу орындарында олардың жағдайына мониторинг жүргізіледі. Сондай-ақ, мүдделі ұйымдармен бірге ұйық кезіндегі тұяқты жануарларды қорғау, табиғатты қорғау заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу және заңсыз аң аулаумен күрес және табиғатты қорғау заңнамасын сақтау бойынша бірлескен іс-шаралар күшейтіледі. Бұдан бөлек, сирек кездесетін және жойылу қаупі бар тұяқты жануарлардың орналасу орындарындағы елді мекендерде киіктерді сақтау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіледі, — деді инспекция басшысы.
Сонымен қатар, Руслан Төлепбаев Павлодар облысында көбінесе Бетпақдала популяциясына жататын киіктер өмір сүретінін айтып, олардың негізгі жүру, төлдеу, ұйықталу және көшу жолдарының орындары Май және Баянауыл аудандарында орналасқанын айтты. Сондай-ақ, кішкентай топтар Ақсу және Екібастұз аудандарында да кездеседі.
— Осы жылдың сәуір айында Павлодар облысының аумағында киіктердің саны мен популяциясына авиасанақ жүргізілді. Киіктердің болжалды саны 20 мың басты құрайды. 2024 жылдың басынан бері инспекция және «Охотзоопром» ӨК» мекемесінің жұмыскерлері табиғатты қорғау заңнамасын сақтау бойынша 6 бірлескен рейдтік іс-шара өткізді. Заңсыз аң аулау фактілері тіркелмеді. Сирек кездесетін және жойылу қаупі бар жануарлардың түрлері, сондай-ақ, аулауға тыйым салынған жануарларды заңсыз аулау 6000 АЕК көлеміндегі айыппұл мен мүлкін тәркілеумен бірге 3 жылдан 10 жылға дейін бостандығын шектеумен жазаланады, — деді инспектор.
А.МҰҚЫШЕВ.