Асылан есімді павлодарлық азамат 10-сынып оқып жүрген кезінде дүкендерде қаптап тұратын ойын автоматтарына азын-аулақ ақша салып, құмар ойынға қызыға бастайды. Қызыққаны соншалық, ептеп букмекерлік кеңселерге қалай ойысқанын білмей қалады. Салған ақшасынан айырылып, айналасынан қарыз сұрауға көшеді. Сұрайтын жандар таусылғанда, үйіндегі заттарды сата бастайды. Осылайша, құмар ойынға деген тәуелділік ай өткен сайын асқынып кетеді. Ата-анасы мектептен кейін жоғары оқу орнына да түсіреді. Ал ол құмар ойынға әуестігін ауыздықтай алмады…

Орала берген ойынға

Ақыры амалы таусылған ата-ана баласын Алматыдағы республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығына апарады. Айлап ұлдарын емдетеді. Бірақ, лудоманиямен емдеудегі павлодарлық филиалдың тәжірибесі ескеріліп, құмар ойынға есі кеткен азаматты аймағымызға жолдайды. Мұндай тәуелділіктен арылту үшін ұзақ ем керек, дейді орталықтың Павлодар қаласындағы филиалдың нарколог дәрігері Данияр Куржикбаев. Айтуынша, әлгі азамат 7 айға жуық ем қабылдайды. Емдеу бағдарламасына сәйкес беті бері қарағандарды арасында қалаға шығарып тұратын көрінеді. Міне, сондай кезде Асылан ескі әдетіне қайта басқаны байқалады. Мамандар емдеу-алдын алу шараларын қайта бастауға мәжбүр болады. Сол азамат әлі күнге дейін толық айықпапты. Қазіргі таңда тағы үшінші ай аталмыш орталықта емделіп жатқан бұл жігітте құмар ойынның кесірінен туындаған пробеламалар турасында енді-енді түсінік қалыптаса бастапты. Сондықтан ақ желеңділер оған жан-жақты терапия тәсілін қолданып, қатарға қосуға әлі де күш салмақ.

Міне, біз сөз еткен бір ғана адамның тағдыры. Одан бөлек, қаншама азамат ойнап жүріп, «ойлап» тапқан ауруымен алысып әлек. Орталықтың өкілі, нарколог дәрігер Данияр Бақытжанұлының мәлімдеуінше, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 10 адам ойынға тәуелділіктен емделген. Былтыр 7 тұрғын ем алыпты. Яғни, ойынқұмарлардың қатары артып келеді.

Жақынының жәрдемі

Әлбетте, лудоманияға шалдыққандардың бәрі арнайы орталыққа барып, ем-дом алуды жөн көрмейді. Сондықтан қоғамда өз дертімен өзі күресіп, тіпті, дертінің асқынғаны соншалық, оны проблема көріп жүрмегендер де жетерлік. Жағдай ушығып, айналасындағылардың да мазасы кеткен шақта ойынқұмарды туыстары жетелеп, орталықтарға апарады. Кей жағдайда саналы түрде өзінің күші жетпегенде мамандар көмегіне жүгінетіндер де бар көрінеді. Мұндайда көмек алуына өмірдің кейбір сәттері, орын алған оқиғалар ынталандырады екен. Бұл дерттен мемлекеттік мекемеде тегін емделуге болады. Мәселен, аймағымызда орналасқан жоғарыда аталған республикалық орталықтың филиалында стационарлық түрде түрлі терапиядан өтуге болады.

– Біздің орталықта емделу үшін ойынқұмар азамат госпитализацияға дейінгі міндетті тексерулерден өтеді. Аға дәрігермен және бөлімше меңгерушісімен тікелей байланысады. Біздегі қызмет тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінде көрсетіледі. Стационарға жатып емделеді. Яғни, мамандандырылған медициналық жан-жақты жәрдем көрсетіледі. Лудоманиядан жазылу процесі, әдетте, кешенді көмектен тұрады. Оған терапия, әлеуметтік ортаны қолдау кіреді. Кей жағдайда дәрі-дәрмекпен емделеді. Толық емделу үшін ұзақ уақыт қажет, жылдар бойы жеткен жетістікті тұрақты қолдауға көңіл бөлу керек, – дейді нарколог дәрігер.

Маманның мәлімдеуінше, бұл дертпен күресте психотерапияның рөлі маңызды. Яғни, оның когнитивті-мінез-құлық терапиясы, психологиялық талдау, топтық терапия, отбасылық терапия сынды тәсілдер қолданылады. Осылайша, мамандар ойынға тәуелділіктің себептері мен салдарын пациенттің ұғынуына қол ұшын береді. Күйзелісті және құмар ойынға деген әуестікті басқаруды үйретеді. Мұндай амалдар дәрменсіз болған кезде дәрі-дәрмекпен емдеуге тура келетін көрінеді.

– Кейбір жағдайларда күйзеліс, мазасыздық немесе психиканың бұзылуы сынды лудомания симптомдарын басқару үшін дәрі-дәрмектік ем тағайындалады. Бұл белгілер құмар ойынға тәуелділікпен қатар жүреді. Айта кететін жайт, лудоманияны емдеу кезінде отбасы мен туыстарының қолдауы аса маңызды. Яғни, туыстары пациентке көңіл-күй тұрғысынан қолдау, емделуіне ынталандыру және терапевтік сессияларға қатысу арқылы жәрдемдесе алады, – дейді Данияр Бақытжанұлы.

Тағы бір көмек – әлеуметтік қолдау. Бұл ретте, мамандар пациентке құмар ойындарды алмастыратын жайлы жағдайлар туғызуға жәрдемдесу керек. Құмар ойыннан босаған уақытқа, жаңа өмір салтына үйренісіп кетуіне көмектесу қажет. Күйзелісті басқару, шешім қабылдау дағдыларын дамыту тренингтері ұсынылады. Осы орайда, мамандар әр пациентке жеке емдеу терапиясын тағайындайды. Себебі, әр азаматтың мінез-құлқы, қажеттіліктері әртүрлі болады. Соған сай емдеудің тиімді стратегиясы таңдалады.

Ал Павлодарда лудоманияны емдеумен айналысатын «Луч» оңалту орталығының жетекшісі Дулат Құдайберген дерттен айықтыру үшін алдымен оларды сыртқы әлемнен оқшаулау қажет деген пікірде.

– Әлбетте, психологиялық терапия, оңалту шаралары жүргізіледі. Одан бөлек, құмар ойынға жол ашатын смартфоннан да ажырату керек. Өзін-өзі кінәлау, ұялу, үрей сезімдерінен арылтуға күш салу қажет. Себебі, ойынға есі кеткен адамның бойын осы сезімдер билейді. Күйзеліс дендей береді. Мұндай жағдайда жүрген адам проблеманы өздігінен еңсере алмайды. Сол шұңқырдан алып шығу – алғашқы қадамдардың бірі. Одан кейін дұрыс өмір сүру сценарийі құрылады. Бір байқағанымыз, өмірде бұрыннан күле алатын, қалжыңдай білетін адамды құмарлықтан арылту оңайырақ, – дейді Д.Құдайберген.

Әр үшінші отбасы…

Лудоманияның бүгінде ұлттық мәселе ретінде Ұлттық құрылтайда көтерілуінің өзі қоғамда дендеп бара жатқан дерт екенін білдірсе керек. Ұрпақтың болашағы үшін ел Президентінің алаңдаушылық танытуы да тегін емес. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде әрбір үшінші отбасының дәл осы лудомания- дан шаңырағы шайқалады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде 400 мыңға жуық азамат букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті екенін айтты.

– Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады, – деді Мемлекет басшысы.

Құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттаған. Әлі де күресті күшейту қажеттігін Президент ескертті. Тіпті арнайы жоспар қабылдауды тапсырды. Бүгінде ҚР Парламент Мәжілісінде лудомания- мен күреске бағытталған заң жобасы талқылануда. Көпшілік осы құжатқа көп үміт артып отыр. Себебі, адамды ақылынан адастырып, ауыр психологиялық дертке шалдықтыратын дерт жыл өткен сайын тек дендеп барады. Қазақстан бойынша құмар ойынға салынғандардың саны жағынан Алматы, Астана және Қарағанды қалалары үштікте екен. Депутаттар құмар ойынға салынатын қаржы бүгінде құрылыс саласына құйылатын қаражаттан әлдеқашан асып кеткеніне алаңдаушылық танытуда. Соңғы екі жылда құмар ойындар нарығы жылжымайтын мүлік нарығын басып озып, жылдың бірінші тоқсанында осы саладағы халықтың шығындары 100 млрд. теңгеден асқан.

Онлайн казинолармен күрес, заңсыз лотореялық терминалдарды, заңсыз ойын бизнесін анықтау жұмыстары жайлы облыстық экономикалық тергеу-тексеру департаментінен білген едік. Департамент басшысының орынбасары Жоламан Қиналбековтің айтуынша, қазіргі таңда онлайн казиноларға жасалатын сілтемелерді бұғаттауға күш салынады.

– Былтыр біздің департаменттегі «Киберқадағалау» жүйесіне онлайн казино сайттарын бұғаттауға 540 сілтеме жіберіліп, соның 291-і толық бұғатталды. Соңғы екі жылда аймағымызда заңсыз ойын бизнесі анықталған жоқ, –
дейді Жоламан Тойғазынұлы.

Тағы бір тәуелділік туындаған

Жалпы, неге елімізде лудомания етек жайып барады? ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев ойынқұмарлықтың эпидемияға айналуының себебі құмар ойындарының қоғамға қолжетімді болуында жатыр деп санайды. Яғни, кез келген адам интернет арқылы сайттарға кіріп, құмар ойынға қарай бойлап кеткенін білмей қалады. Ақыры лудомания нашақорлық пен маскүнемдіктен кейінгі орындағы қоғам дерті ретінде танылып отыр. Бұл терминді тарқатсақ, «ойынға ессіз құнығу» дегенді білдіреді. Оңалту орталығының басшысы Дулат Құдайберген де бүгінде құмар ойындардың онлайн түрінің көбеюі көпшілікті шырмап отырғанын айтады. Оның айтуынша, тіпті, соңғы уақытта декретте үйде отырған жас аналардың интернет арқылы онлайн ойындарға кіріп кеткені жиілеген. Қазіргі таңда екі әйел аталмыш орталықта ем алып жатқан көрінеді.

– Бұрын лудомания дерті ерлерге ғана тән көрінетін. Себебі, тек ер азаматтар құмар ойынға шырмалып, содан шығудың жолын іздеп келетін. Өкінішке қарай, соңғы уақытта бала күтімімен үйде отырған әйелдер онлайн ойынға салынып, оңай олжаға кенелгісі келеді. Сөйтіп, біртіндеп қарызға кіріп, қос-қостан несие алғандар бар. Қарызға белшесінен батқанда, жағдай ушыққанда күйеулері біліп, кеселдің қайдан келгені анықталып жатады, – дейді Д.Құдайберген.

Сонымен қатар, мамандар ойынқұмарлыққа салынуға адамның ортасы да әсер ететінін айтады. Айналасы ішкіштер мен ставка қоятын, оңай олжаға кенелуге бейім адамдар болса, баланың өзі сол әрекеттерді үйреніп алады. Ал қалыпты, зиялы отбасынан шыққан жастар құмар ойынның қармағына ілінсе, оны шығару сәл жеңілірек, ол азамат та әрекетінің бұрыс екенін біліп, құтылуға тырысады, дейді Д.Құдайберген.

– Лудомания – жан мен мидың ауруы. Әлбетте, адам оған саналы түрде келмейді. Біртіндеп құрдымға тартқанын ешкім аңғармай қалады. Бір өкініштісі, бүгінде лудоманиямен бірге жас өрендер арасында смартфондағы ойынға тәуелділік белең ала бастады. Бізде екі жас бала ем алды. Мұндай тәуелділік кезінде жас бала тәулік бойы көз ілмей, телефонға телміріп кетеді. Күніне бір рет қана ас-суын аузына алады. Апталап жуынудан қалады. Тура айтқанда, күні-түні өмірі телефон ішінде өтеді. Бара-бара ойынға донат салуға көшеді. Бұл – ақша! Ол үшін ата-анасына манипуляция жасайды. 16 жастағы жеткіншек анасынан ақша алу үшін оған биік үйдің төбесіне шығып, бейнебайланыс- пен хабарласқан. Қарызымды жаппасаң, қазір өліп кетем деп бопсалаған жағдайлар да болған, – дейді Дулат Құдайберген.

Әлгі жеткіншекті емдеудің алғашқы айында смартфоннан айырған соң ол кәдімгідей нашақордай күйде болыпты. Агрессия көбейіп, дірілдеп, төбелесуге дейін дайын тұрған.

Интернеттен мына деректі көзіміз шалды. Былтыр 14-18 жас шамасындағы жеткіншектердің 50 пайыздан астамы компьютер ойындарын ойнауға көп уақыт жұмсайтыны анықталған.

Бәс тігуден бас тарта алады

Бүгінде қоғам кеселімен күресудің түрлі тәсілі қолға алынып жатыр. Соның бірі лудомандарға өздерін өзі құмар ойыннан тыюдың тетігі іске қосылды. Пилоттық жоба биыл 18 наурызда елімізде eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы енгізілді. Онлайн қызметтің көмегімен адамдар өздерін ерікті түрде «қара тізімге» енгізіп, бұдан былай бәс тігуден бас тарта алады. Электронды цифрлық қолтаңбасын қолданып, жаңаша өмірге қадам басқысы келетіндер 6 айдан 12 айға дейін өзін құмар ойыннан шектей алады. Қазіргі таңда ҚР Парламентінде қаралып жатқан ойын бизнесі және лотореялар туралы заң жобасында шектеу мерзімін 1 жылдан 10 жылға дейін ұзарту мәселесі қарастырылуда. Пилоттық жоба іске қосылған сәттен бастап небары екі апта ішінде 7 мыңнан астам азамат онлайн түрле өзіне шектеу қойған. Тағы 3 мың адам қағаз жүзінде қалауын білдірген. Ал бір ай өткенде өздеріне шектеу қойғандар қатары 40 мыңға жеткен. Олардың 36 мыңнан астамы онлайн өтініш берсе, тағы 3398 азамат қағаз жүзінде өз-өзіне тыйым салған. Бұл қызметті пайдаланғандар ойын мекемелері мен букмекерлік кеңселердің сайттарына белгіленген аралықта мүлдем кіре алмайды. Осылайша, олар саналы түрде отбасының берекесін қашырған кеселден өз бетінше арылғысы келетіндерін білдірген.

Заңнан үміт зор

Әлі де дендеген дертпен күрес жалғаса бермек. Қазіргі таңда ҚР Парламенті қабырғасында ойын бизнесі мен лотореялар қызметі туралы заң жобасы талқылануда. Заң жобасын Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдады. Маңызды құжат азаматтарды ойынқұмарлықтың қалыптасуынан қорғауға бағытталған. Мұнда ойынқұмарлықты реттеудің жан-жақты жолдары ескерілмек. Мәселен, заң қабылданса, бұдан былай елімізде 25-ке толмаған азаматтарға құмар ойын ойнауға тыйым салынады. Бұған дейін 21 жасқа дейін шектеу болған. Сонымен қатар, депутаттар борышкерлер тізімінде тұрған азаматтарды да құмар ойынға жолатпаудың амалын жасамақ. Яғни, баласына алимент төлемей, несиесін өтей алмай жүргендер де букмекерлік кеңселердің сайттарында, жалпы құмар ойынға бәс тіге алмайды. Толық тыйым қойылады. Ал бұл азаматтарға ойнауға мүмкіндік бергендер 300-ден 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалайды.

– Сонымен қатар, заң жобасында букмекерлік кеңселерде бәс тігу, ақша алу және төлеу кезінде қатысушыларды бейне-биометрикалық идентификациядан өткізу міндеттеледі. Ойын бизнесі ұйымдастырушыларының үшінші тұлғалардың банктік карточкаларына төлем қабылдауына шектеу қою мәселесі қарастырылған. Мемлекеттік қызметшілердің, құқық қорғау және әскери қызметкерлердің бәс тігуіне тыйым салу ескерілген. Шамамен 220 мыңға жуық қызметкердің құмар ойын ойнауы шектеледі, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев.

Сондай-ақ, заң жобасында букмекерлік кеңселердің сыртқы жарнамаларына да тыйым салынады. Мұндай жарнамалар бұдан былай ғимараттар мен көліктерде, басылымдарда, кино-бейне-анықтамалық материалдарда да көрініс таппауы тиіс. Электронды казино мен интернет-казинолардың қызметін ұйымдастырғандар үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылуда. Ойынқұмарлық бір азаматты ғана емес, жақындарын да әуре-сарсаңға салғанын ескерсек, жаңа заң жобасы талай адамның тағдырын оң өзгертеді деген үміт бар.

                              Түйін:

Қарап отырсақ, құмар ойынға бүгінде тұрғын-дардың жасы да, кәрісі де, ері де, әйелі де еріп кеткен. Сондықтан тұтас ұлтқа төнген қауіп екені сөзсіз. Бүтін бір буынның бұзылуына әкеп соғуда. Талай отбасының берекесін қашыруда. Былайша, алсақ, әжептәуір әлеуметтік мәселе. Тіпті, шырмаудан шыға алмай, өзіне қол жұмсағандар да аз емес көрінеді. Сондықтан көп болып күресіп, ұрпақты  мұндай кеселден аман алып қалудың барлық тәсілі қолданғаны абзал.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.