Бұл қандай отбасы дейсіз ғой. Ендеше тарқатып түсіндіріп көрелік. Қазіргі таңда ҚР Парламенті Мәжілісінде білім және балалар құқығын қорғау мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық-нормативтік актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қаралуда. Онда балаларды асырап алудың жаңа түрі жан-жақты талқыға түсіп отыр. Бұл түрі кәсіби асырап алушы отбасы деп аталды.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

Уақытша бағып-қағады

Жаңашылдықтың оңы мен солы С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Вера Ким мен Жарқынбек Амантайұлы қатысқан дөңгелек үстелде талқыланды. Жиынға облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко, «AMANAT» партиясының облыстық филиалының атқарушы хатшысы Айгүл Мәлікова, аймағымыздағы патронаттық отбасы өкілдері, балалар үйлерінің басшылары, қамқоршылар қатысты.

Елімізде бала асырап алудың қазіргі таңда түрі бар. Олар – патронаттық, асырап алушы отбасы және қамқоршылық. Балғындар кәмелет жасқа толғанға дейін осындай отбасыларда тәрбиеленеді. Енді ұсынылып отырған түрінде балаларды кәсіби асырап алушы отбасы уақытша күтіп-бағады.

— Бұл заң жобасын еліміздің Оқу-ағарту министрлігі ұсынды. Бүгінге дейін қоғамдық бірлестіктермен, азаматтық қоғаммен, патронаттық отбасы өкілдерімен бірлесіп, талқылап келеміз. Әу бастағы қалпынан заң жобасы біршама өзгеріске ұшырап жатыр. Әлі де ұсыныс-тілектерді ескеру мақсатында өңірлерде осы саланың мамандарымен, бала асырап алған жандармен жүздесіп, ойларын біліп, ұсыныстарын жинақтау үстіндеміз, — дейді Вера Александровна

Ол осы заң жобасын талқылап жатқан жұмыс тобының мүшесі ретінде кәсіби асырап алушы отбасы институтының артықшылықтарын атап өтті. Айтуынша, балалар мұндай отбасыға бірнеше аптадан бірнеше ай аралығында уақытша беріледі. Яғни, жетім, ата-ананың қамқорлығынсыз, қараусыз және панасыз қалған балалар, қатігездік салдарынан қиын өмір жағдайына душар болған балалар кәсіби отбасыда уақытша тәрбиеленеді. Яғни, баланың ары қарайғы мәртебесі анықталғанша немесе оларды асырап алуға ниетте ет жақындары табылғанға дейін кәсіби асырап алушы-тәрбиешінің қамқорлығында болады. Ол үшін Үкімет арнайы жалақы да қарастырады.

— Былайша айтқанда, бұл тәулік бойы қызмет ететін балабақша іспеттес. Ата-аналардың біреуі міндетті түрде жұмыс істемеуі тиіс. Ол үшін мемлекет 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айлық қарастырады. Оған қоса, әр баланың қажеттілігіне айына 10 АЕК шамасында ақша бөлінеді. Демек, кәсіби отбасы – жеке бір мамандық десе болады, — дейді В.Ким.

Кәсіби отбасы атану үшін үміткерлер 6 кезеңнен тұратын тексерістен, талаптардан, дайындықтан өтуі тиіс. Мәселен, бірінші кезекте қамқоршылық және қорғаншылық органдарына құжаттарын тапсырады. Екінші кезеңде үміткердің отбасына баланы қабылдауға қаншалықты дайын
екені психологиялық тұрғыдан диагностикаланады. Үшіншісінде отбасының баланы қабылдап, оны тәрбиелеуге қауқарлығы бағаланады. Төртінші кезеңде терең түрде отбасын жаңа қызметке психологиялық тұрғыдан мамандар дайындайды. Одан кейін тұрмыстық-тұрғын үй жағдайы тексеріледі. Содан кейін ғана кәсіби отбасы мәртебесін беру жөнінде шешім шығарылады. Мұндай отбасылар балаларды демалыс, мереке күндеріне қарамастан тәуліктің кез келген сәтінде қабылдауға әрдайым әзір болуы шарт. Ағайынды балаларды бөлмеу жағы да қарастырылған. Сонымен қатар, бала асыраудың бұрынғы
үш түрінде баланы азаматтар
өздері таңдап алса, кәсіби отбасы институтында мұндай мүмкіндік
жоқ. Құзырлы орган баланы бұрыннан кәсіби отбасы ретінде мәртебесі бар әрі сол уақытта бос отбасына уақытша орналас-тыра алады.

Қауышу мен қоштасу

Заң жобасымен айналысып жатқан мамандар баланың аз уақыт ішінде асырап алушы отбасыға бауыр басып, қоштасуға келгенде қиналмауы жағын да ойластыруда. Ол үшін арнайы бағдарлама әзірленбек. Дегенмен, уақытша асырап алған ата-ана баланы ары қарай қамқорлығына алғысы келсе, асырап алудың бүгінге дейін қолданыстағы үш түрінің біріне жүгінуіне болады.

Асырап алушылардың жас шамасына қатысты та ұсыныстар қызу талқыға түсіп жатқан көрінеді. Бастапқыда, 30-дан 53-ке дейінгі жас ұсынылса, кейін 63 жасқа дейін ұзарту қарастырылуда. Бұл орайда алпыста да белсенді азаматтардың бары ескеріліп отыр. Қоғамда азаматтар ақшасына қызығып, жеке бастың пайдасын ойлап кетеді деген қауіп те жоқ емес. Осы орайда, Мәжіліс депутаттары құзырлы орган тарапынан үздіксіз қолдау, қадағалау жүргізілетінін атап өтті. Яғни, жетім балалардың білім алуына немесе оларды отбасыға орналастыруға жауапты ұйымдар қандай да бір мәселе туындаған жағдайда кәсіби отбасыға психологиялық, құқықтық, медициналық, әлеуметтік көмек көрсетіп отырады. Балалар білім алатын мектептер, балабақшалар, ем алатын медициналық мекемелер де әрдайым назарда ұстайды.

Насихат аз

Жиында заң жобасынан бөлек, балалар үйінің, патронаттық отбасылардың да  мәселелері сөз болды. Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Роза Ақанованың айтуынша, қазіргі таңда облыста 1535 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала бар. Олардың 1087-сі отбасыларда тәрбиеленсе, 448 бала мемлекеттік мекемелерде тұрады.  Оларға мемлекет есебінен барлық қамқорлық қарастырылған. Соңғы үш жылда облысымызда жетім балаларды баспанамен қамту ісі сәл ілгерілеген көрінеді. Үш жылда 531 жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала үйлі болған.  Естеріңізде болар, осыдан біраз уақыт бұрын елімізде балалар үйін азайту үшін отбасылық тәрбиенің түрлі формасы қолға алынды. Аймағымызда нәтижесінде бірқатар балалар үйі жабылды. Дегенмен, білім беру басқармасы өкілінің мәлімдеуінше, соңғы уақытта бұл үйлерде тәрбиеленетін балалар саны азаймай, бір деңгейде тұр. Сонымен қатар, Р.Ақанова Үкіметтің №320 қаулысына өзгерту енгізу қажет.  Айтуынша, бұл құжатқа сәйкес балалар үйі тәрбиеленушілеріне алынуы тиіс киім-кешек атаулары, саны да қазіргі заманға сай келмейді. Мәселен, бір балаға бір жылына оннан астам шұлық бөлінеді. Бұл аздық етеді, дейді. Әлгі құжатта балаға сырт киім ретінде тон алу қажеттігі көрсетіледі. Бірақ, балалар үйінде тұрса да, жалпы білім беретін мектепте оқитын жетім балалардың қатарластарынан ерекшеленбей киінуі үшін сатып алынуы тиіс киімдер де қоғамдағы сұраныспен сай болуы керек, деді. Сондай-ақ, жетім балалар тәрбиеленетін, ерекше күтімді қажет ететін балғындар тұратын мекемелер қызметкерлерінің штаттық кестесін де қарауды сұрады. Мәжіліс депутаттары қағазға тізбектелген бұл ұсыныстарды қабылдап, құзырлы органдарға жеткізетіндерін мәлім етті.

Ал екі бала асырап алған ана, «Ана үйі» қоғамдық қорының бала асырап алған ата-аналар клубының жетекшісі Салтанат Сипатилова кәсіби асырап алушы отбасы институты өте маңызды жоба екенін атап өтті. Осы орайда, баланы қамқорлығына, патронаттық отбасыға алған жандарды қоғамда көбірек насихаттап, жарқын көріністерді көрсету қажеттігін алға тартты.

— Патронаттық отбасыларға мемлекет 35 АЕК көлемінде төлем жасайды. Мұны адамдар, өздері есептеп, «мұндай отбасылар балалар есебінен байлыққа кенеліп, ақшаға құнықты» деп айтуға шебер.  Сондай-ақ, «жұмыс істетуге алады» дегенді де айтып жүр. Айналамызда осындай жағымсыз пікір көп. Сондықтан, баланы асырап алып, ол балғынның қалай өсіп, денсаулығындағы кінараттар қалай емделіп, ел қатарына қосылғаны туралы жақсы оқиғалар жайында кеңінен насихатталса деймін. Осылайша, қоғамда бала асырап алатын отбасыларға қолдау көрсетіліп, өзгелер де жетім балаларды бауырына басуға ұмтылар еді, — дейді С.Сипатилова.

Жалпы, бала асырап алудың жолдарын насихаттау, жастар арасында осы тұрғыдан құқықтық сауаттылықты арттыруға мән беру керектігін Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы да алға тартты. Айтуынша, балалар құқығын қорғау, отбасылық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіруде аянып қалмауымыз қажет. Облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко аймағымызда, өкінішке қарай, бала құқығына қатысты сүреңсіз жағдайлардың орын алғанын
ескеріп, енді алдағы уақытта оған жол бермеу үшін жан-жақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлім етті. Мәселен, облыстық мәслихатта депутаттық жұмыс тобы құрылды. Илья Сергеевич өңіріміздің депутаттары жоғарыда аталған заң жобасының талқылануына, жұмыс тобының отырыстарына тікелей қатысу мүмкіндіктерін қарастыруды сұрады. Мәжіліс депутаты Вера Ким облыстан ұсыныстарды қабылдауға, ниет танытса, бірлесе жұмыс істеуге әзір екендіктерін жеткізді.

Қысқасы, заң жобасы елімізде жетімдер үйлерінің қатары сиреп, панасыз қалған балғындардың жанын жараламай, толыққанды отбасында тәлім-тәрбие алып, еліміздің ертеңіне ел қатарлы үлес қосар азамат болып жетілуін көздейді. Тақырып нәзік болғандықтан депутаттар да жобаның әр тармағын жіті талдауға мүдделі.