Мен аймақ баспасөзінің қара шаңырағы – «Saryarqa samaly» газетіне 2010 жылы университетті тәмамдаған бойда орналастым. Жыл сайынғы өндірістік тәжірибеден өткен соң, тағы бір жас тілшімен келдім. Бізге қазіргі редакцияның үшінші қабатында түкпірдегі кабинет берілгені әлі есімде…

Екеуіміз бір компьютерде отырып, кезектесіп шағын ақпарат жазу, хат өңдеу сияқты жұмыстармен айналыстық. Редакциядағы аға тілшілерден тәлім алып, мақала жазу, ақпарат жинаудың қыр-сырын бірте-бірте меңгердік. Ол кезде көздеріне көзілдірік киіп, қолынан қалам түспейтін аға тілшілердің өнегелі әңгімелерін тыңдаудан бөлек, қолжазба түріндегі мақалаларды басып берудің өзі бізге үлкен жұмыс болып көрінді.

Уақыт өте келе оқырман хаттарын өңдеуден басқа маңызды мақсат-міндеттер де жүктеле берді. Біртіндеп аудандарға іс-сапарға шығу, халық көтерген мәселелерді жазу сияқты жұмыстармен де айналыстық. Сол кездері бір аптада 38 мың дана болып шығатын газетке материал жинаған қызу тірлікті бастан кештік. «Газет күні», «Шұғыл нөмірге», «Мерекелік номердің жоспары» деген тіркестер қазірдің өзінде ыстық көрінеді. Газетте тілші, шолушы болып еңбек етуді де нәсіп етті.

«Saryarqa samaly» газетінің редакциясы мен үшін үлкен мектепке айналды. Небары төрт жыл ішінде аптасына үш рет оқырманға жол тартатын газетте «автор – Ақмарал Есімханова» деп жазылуы мәңгілік мақтанышыма айналғаны сөзсіз.

 

Ақмарал ЕСІМХАНОВА, журналист.