Алдағы уақытта Ақсу электр станциясының қызметкерлері қалаған пәтерді еш қиындықсыз ала алады. Ол үшін Павлодар облысының әкімдігі, Eurasian Resources Group (ERG) құрамындағы «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ және «Отбасы банк» АҚ үшжақты меморандум жасады. Соған сәйкес, энергетика саласының өкілдеріне тұрғын үйлер жеңілдетілген ипотека бойынша берілетін болды.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

Ақсу электр станциясының 55 жылдық мерейтойы қарса-ңында аталмыш кәсіпорын қызметкерлеріне тамаша тарту жасалмақ. Жергілікті билік, «ЕЭК» пен «Отбасы банк» паритеттік негізде жалпы сомасы 900 млн теңге болатын арнайы қор құрды. Яғни, тараптардың әрқайсысы 300 млн теңге бөлді. Бұл сома энергетиктерге берілетін ипотеканы қаржыландыруға жұмсалады.

— Өңірдегі ірі өндіріс орындарын біріктіретін Еуразиялық Топ тек жоғары өнімділігімен емес, жоғары әлеуметтік жауапкерші-лігімен де белгілі. Біз жыл сайын аталмыш компания басшылығымен 3 млрд теңге көлеміндегі сомаға меморандум жасаймыз. Бұл қомақты қаражат әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталып келеді. Ендігі ретте тағы бір тың жобаны бастағалы отырмыз. Ақсу электр станциясының 55 жылдығы қарсаңында тұрғын үй бағдарламасы іске қосылмақ. Соның аясында 55 отбасы баспаналы болады. Осы орайда арнайы комиссия Ақсу қаласының әкімдігінде тұрғын үй кезегінде тұрған энергетиктерге басымдық беріледі. Егер аталған бағдарлама оң нәтиже берсе, оны ары қарай да жалғастыруға ниеттіміз, — деді облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жамбайбек. ERG бас директорының қаржы жөніндегі орынбасары Данияр Рахматуллаевтың айтуынша, бұған дейін әкімдік және «Отбасы банк» АҚ-мен бірлескен осы іспетті жоба Ақтөбе және Қарағанды облыстарында бастау алған. Ендігі ретте Ақсу қаласындағы қызметкерлердің баспана жағдайын жақсартуға да баса мән беріліп отыр.

— Мемлекет басшысы шағын шаһарларды дамытып, олардың әлеуетін арттыруға қатысты ауқымды тапсырмалар бергені белгілі. Соның аясында ақсулық энергетиктер үшін жаңа тұрғын үй бағдарламасы қолға алынып отыр. Ақсу – бағдарламаға қосылған алғашқы моноқала. Мұндағы 55 жылдық электр станциясында қазір 1,5 мыңнан астам адам еңбек етеді. Біз үшін олардың әлеуметтік жағдайын жасау маңызды. Бүгінде станцияда қызмет атқаратын 200-ге жуық адамның жеке үйі жоқ. Өкінішке қарай, біз барлығын бірдей бір уақытта баспанамен қамти алмаймыз. Сондықтан жаңа бағдарламаға жалғыз шектеу енгіздік: оған соңғы бес жыл аралығында өзінің, отбасы мүшелерінің атында пәтері болмаған азаматтар ғана қатыса алады, — деді Д.Рахматуллаев. Энергетиктерге арналған тұрғын үй бағдарламасының операторы – «Отбасы банк» АҚ. Аталмыш қаржы институтының Павлодар облыстық филиалының директоры Талғат Баилов жобаның шарттарына кеңінен тоқталды. Айтуынша, ипотекалық қарыз жылдық 5 пайыздық (жылдық тиімді үстеме ақысы 5,2 пайыздан басталады) мөлшерлемемен 20 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Бұл ретте бастапқы жарна – пәтер сомасының 10 пайызы. Банк ипотекалық қарыз ретінде 15 млн теңгеге дейін беруге дайын. Бұл сомаға бірінші және екінші нарықтағы пәтерді алуға мүмкіндік бар. Ерекше атап өтерлігі, энергетиктерге баспаналы болу үшін шотта қаржыны ұзақ уауқыт жинаудың қажеті жоқ. Шот ашып, оған тұрғын үй бағасының 10 пайызын бастапқы жарна ретінде салса болғаны.

— Біздің есептеуіміз бойынша, аталған тұрғын үй бағдарламасы аясында пәтер алатын энергетиктер ай сайын орта есеппен 40-50 мың теңге көлемінде ипотека төлейтін болады. Бұл өте тиімді. Жалпы, биыл «Отбасы банк» 60 мыңнан астам займ берді. Оның ішінде 2800 павлодарлық отбасы қоныс тойын тойлады. Соңғы уақытта серіктестік бағдарла-малардың көбейіп жатқаны қуантады. Біздің банк, ірі компаниялар мен жергілікті биліктің қаржылай қолдауы арқасында өңір тұрғындары көптен күткен пәтер кілттерін қолына алуда, — дейді Т.Баилов. Осылайша, жақын арада Ақсу электр станциясының қызметкерлері де өз үйіне қол жеткізген қызметкерлердің қатарын толықтырады.