Жыл сайын елімізде мүлкі бар жеке және заңды тұлғалар мүлік салығын төлейді. Бірақ оны уақытылы өтемейтін азаматтар да бар. Бүгінде облыс бойынша 249 мыңнан астам адам бюджетке 333 млн теңге қарыз. Міндетті төлемді дер кезінде аудармай жүрген осындай азаматтарға қандай шара қолданылады? Жалпы, салық қалай есептеледі? Осы және өзге де сауалдарға Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмысы басқармасының басшысы Галина Бирюкова жауап берді.
— Галина Васильевна, биыл жеке және заңды тұлғалар 2023 жылғы салық міндеттемелері бойынша мүлік салығын төлеуі тиіс. Тұрғындар бұл салықты қай уақытқа дейін өтеуге міндетті?
— Иә, жеке тұлғалар мен заңды тұлғалар мүлік салығын есепті жылдан кейінгі жылдың 1 қазанынан кешіктірмей төлеуі керек. Яғни, 2023 жыл үшін 2024 жылғы 1 қазанға дейін төлеуі тиіс. Бұл салық түрі жылына бір рет сұралады. Уақытылы төлемеген жағдайда қарыз үстіне өсімпұл қосылады.
Қазіргі уақытта Павлодар облысы бойынша 2023 жылға арналған жеке тұлғалардың мүлік салығы жыл басынан қазан айына дейінгі мерзім бойынша 332,9 млн теңге сомасына есептелді. Ал шілде айына дейін 195,3 млн теңгені құрады. Павлодарлықтарға мүлікке салынатын салықты уәкілетті органның мәліметтері бойынша есептеп, екінші деңгейлі банктер және хабарламалар тапсыру, сондай-ақ, коммуналдық қызметтер арқылы салық міндеттемелерін орындау үшін салық төлеушілерге жіберетінін еске салғым келеді.
— Бұл ретте мүлік салығынан босатылатын әлеуметтік санаттар бар ма?
— Иә, кейбір тұлғалар мүлік салығын төлемейді немесе салық базасы төмендетіледі. Атап айтар болсақ, салық базасы келесі жағдайларда төмендейді:
1000 АЕК шегінде (2024 жылы – 3 692 000 теңге) – жеке тұратын зейнеткерлер үшін, егер мекенжайы бойынша тек зейнеткер тіркелген болса;
1000 АЕК шегінде (2024 жылы – 3 692 000 теңге) – Кеңес Одағының батырлары, Социалистік Еңбек батырлары, «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Epi» атақтарына ие болған, үшінші дәрежелі «Даңқ» орденімен және «Отан» орденімен марапатталған тұлғалар, «Батыр ана», «Алтын алқа» алқаларымен наградталған көпбалалы аналар;
1 500 АЕК-ке (2024 жылы – 5 538 000 теңге) – Ұлы Отан соғысы және басқа мемлекеттер аумағындағы соғыс ардагерлері, тыл ардагерлері, жетім балалар мен 18 жасқа дейінгі ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және бала кезінен мүгедектігі бар баланың ата-анасының біреуі мүлік салығын төлемейді.
Пайдалануға немесе мүліктік жалдауға берілген салық салу нысандарына жеңілдіктер қолданылмайды.
— Мүлік салығын қалай есептейді?
— Мүлік салығының көлемі сол мүліктің құнына байланысты. Жеке тұлғалар салықты өздері есептемесе де болады. Бәрі автоматты түрде есептеледі. Мүлік салығының мөлшерлемесі салық базасына, яғни меншіктегі объектінің кадастрлық құнына байланысты. Мысалы, құны 2 млн теңгеге дейінгі нысан үшін салық 0,05 пайыздық мөлшерлемеде есептеледі. Ал құны 2 млн теңгеден артық нысан үшін салық салу объектісінің құны мен салық мөлшерлемесіне сәйкес есептеледі.
— Тұрғындар салық берешегінің бар-жоғын қалай тексеріп, төлей алады?
— Салық сомасын ЖСН арқылы kgd.gov.kz сайтында («Электрондық қызметтер» – «Салық берешегі туралы мәлімет» немесе «Алдағы төлемдер»), «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасында, eGov порталы және мобильді қосымша-сында, банк қосымшалары секілді ақпарат көздерінен көруге әрі төлеуге болады:
— Ақпаратыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Айдана БОРАНБАЕВА.