Биыл – көрнекті ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Қани Арман Бақтанұлының туғанына 70 жыл толды. Аталған мерейтойға орай «Толқын-толқын жыр туар бізден кейін» атты республикалық жыр мүшәйрасы өтті. Мүшәйраға еліміздің әр өңірінен 30 ақын қатысты.

22 ақпан – ақынның туған күнінде Астана қаласындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында аталған мүшәйраның жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі және «Таңдамалы» шығармалар жинағының тұсаукесері өтті. Айта кетерлігі, бұл шараны Павлодар облысының әкімдігінің қолдауымен облыстық Мәдениет, архивтер және құжат-
тама басқармасы ұйымдастырды.

Жиын шымылдығын Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан кіріспе сөзімен түрді.

«Өмірінің саналы бөлігін ұлттың келешегі, халықтың болашағы үшін еңбек етумен өткізген, тіл мен діл, ұлттық рух пен қазақы болмыс, ел бірлігі мен халық ынтымағы үшін қалам тербеген қаламгер жерлестерінің ғана емес, барша қауымның жадында. Арман Бақтанұлының мерейтойына орай өткен республикалық жастар мүшәйрасының жеңімпаздарын марапаттауды Елорда төрінде ұйымдастырудағы басты мақсат – ақын ағамыздың есімін Астана жұрты да естіп, шығармашылығымен таныссын деген ой. Арман Қанидың екінші өмірі, жаңа тағдыры басталды. Ол – жазған дүниелері, соңында қалған өлшеусіз мұрасы, қазынасы. Оны жинақтау, сақтау, насихаттау – баршамыздың міндетіміз», – деді Медет Алпысбайұлы.

Жыр додасына ақын, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Ғалым Жайлыбай, ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Ақсұңқарұлы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы, ақын, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантай және «Aiqara.kz» ақпараттық порталының бас редакторы
Жұмабек Сманов қазылық етті.

Мүшәйра қорытындысында бас жүлдені Алпысбай Хонж жеңіп алды. 1-орынды Жұлдызай Ысқақ, 2-орынды Айбек Оралхан, 3-орынды Олжас Қасым еншіледі. Сондай-ақ, «Аманжол Шамкенов атындағы» арнайы жүлдені Біржан Ахмер, «Мұзафар Әлімбаев атындағы» арнайы жүлдені Айдана Сегізбаева иеленді.

Іс-шарада ақынның «Таңдамалы» шығармалар жинағының тұсауы кесілді. Кітап өнер жанашыры, меценат, «Жомарт жүрек» сыйлығының иегері, облыстық мәслихат депутаты Асылбек Туғанбайдың демеушілігімен жарық көрді. Ақынның жаңа жинағы Ұлттық кітапхана қорына табысталды.

Әдеби жиында көзкөргендер естелігі жанды тебірентті. Замандастар айтқан әр сөзден Арман ақынның үні естілгендей, тынысы сезілгендей болды. Біз танитын, біз сағынатын ақын бейнесі, азамат болмысы көз алдымызға келгендей әсер сыйлады.

Сөзді ақын Серік Ақсұңқарұлы бастады. «Арман – 70-інші, 80-інші жылдарға дейін жеткен Мағжандардың жаңғырығы сияқты. Ол – 15 жасынан КГБ-ның аңдуында жүріп, жыр жазған, Керекуде әдеби орта қалыптастырған жүректі адам. Менде Армандыкіндей жүрек жоқ», – деді Серік ақын.

Келесі кезекте ақын Ғалым Жайлыбай сөз алды. Ғалым ақын Арман Бақтанұлымен өмірінің соңына дейін сырлас, сыйлас болды. Замандасы өмірден өткенде: «…Егеулі найзаң сынды, Ертіс-Баян, Ер еді еңку шалған, елде барым…», – деп жоқтау жыр жазып, қаралы жұртты жұбатқан еді. Ақын сөзін: «Арман Қани – қазақ үшін үлкен ұғымға айналған азамат. Арғы аталары Иса мен Жаяу мұсалардың қанынан жаралған Арман ар, намыс, рух деген ұғымдармен өмір сүрді», – деп бастады.

«…Арман екеуімізді көп дүние байланыстырады. 1983 жылы Алматы қаласында республикалық «Жігер» фестивалі өтті. Оның кеңістігі өте ауқымды еді. Еліміз бойынша 47 ақын қатысты. Қазір солардың 4-5-еуі ғана қалды: Шәһизада Әбдікәрімов, Шәмшия Жұбатова, Қасымхан Бегманов. Қалғандарының көбі өмір жолында, кешегі базар заманында жоғалып кетті. Біз Арманмен алғаш сол фестивальде танысып, табысқан едік. Ол кезде Арман трактор зауытының жұмысшысы болатын. Жұмекен Нәжімеденовтен, Қуандық Шаңғытбаевтан оң баға алды. Сол кезден басталған рухани үндестігіміз үзілген жоқ. Мен 2001 жылы «Шындықпен бетпе-бет» деген кітабына алғысөз жаздым. Одан соң «Қазақ әдебиетіне» «Керекуде Арман деген ақын бар» деп мақала жарияладым. Арманмен өмірінің соңғы күніне дейін бірге жүрдік.

Арман ұзақ жылдар Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалын басқарып, өңірдегі талантты жастардың шығуына әсер етті, танылуына ықпал етті», – деп түйіндеді сөзін Ғалым ақын.

Бұдан соң Арман Қанимен рухани аға-бауыр болып араласқан ақын, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан сөз сөйледі. Ол өз сөзінде Арман Бақтанұлының күрескерлік қырына кеңірек тоқталды. «2001 жылы біз «Жас Алашта» жұмыс істеп жүрген кезімізде Арман аға редакцияға келді. Жай ғана келмей, Ертіс-Баян өңірінің үлкен қайраткерлерінің атынан ұлтқа қатысты ұранмен, ашық саяси мәлімдемемен келді. Газетке жарияладық. Бұрын ол кісінің өлеңдерімен ғана таныс едік. Енді ол бізге қайраткерлік, күрескерлік қырымен танылды.

Арман Қани секілді жүрегі аттай тұлғаларға күрескерлік рухты ғана береді. Оның тағдыры – тағылымға, өмірі өнегеге айналды. Ақын ағамыз – өңір басшылығымен бірде келісіп, бірде керісіп, бірде тебісіп жүріп, идеясын өткізген, жергілікті жерде ұлттың үнін шығарған, ұлттың бояуын сіңірген азамат. Арман ағамыздың күресінің әсері болар, бүгінде Павлодар облысында ұлттық интеллегенция қалыптасты. Өңірде жүргізіліп жатқан ұлттық саясаттың бір ширегінде Арман ағамыздың еңбегі бар деп
есептейміз», – деді Жанарбек Садықанұлы.

Сонымен бірге, ақынның бөлесі Гүлбаршын Дүрманова сөз сөйлеп, жастарды ақынның өлеңдерін оқып рухтануға, бойға күш-қуат жинауға шақырды. Ал ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғабит Сапаров Арман Қаниға арнаған өлеңін оқыды. Еске алу сөздерін ақынның жары Бақыт Аханбайқызы жиналған жұртшылыққа алғыс айтып түйіндеді.

Марапаттау рәсімінде дәстүрлі әншілер Дәуренбек Слямғали мен Тәттімбет Жасқайратұлы Арман Бақтанұлы сүйіп тыңдаған әндерді – Мәди Бәпиұлының «Қаракесегі» мен Жаяу Мұса Байжанұлының «Ақ сисасын» орындады. Сонымен бірге, ақынның ұрпақтары – Нұрел Бастеми, Алуа Бастеми, Елдар Боранбай және Ернар Арман «Жиен», «Маған бәрібір…», «Интернатты еске алу», «Көкжал» өлеңдерін оқыды.

Арман Қанидың туғанына 70 жыл толуына арналған іс-шараны ақынның ізбасар інісі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантай қорытындылады. Ол әдеби жиынды ұйымдастырған облыс әкімдігіне, мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшылығына, «Шаңырақ» облыстық орталығына алғыс айтты. Сонымен бірге, ақынды оқырманмен қауыштырған, астаналық зиялы қауыммен, қаламгерлермен табыстарған ҚР Ұлттық академиялық кітапхананың басшылығына, ұжымына ризашылығын білдірді. «Арман ағаның жақсы қасиеттерін бойымызға сіңіруге тырыстық. Ол ақтық демі шыққанға дейін қазаққа адал болды. Ағамыздың соңында қалған ізі өшпейді», – деді Жарқынбек Амантайұлы.

Іс-шара барысында С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана мен Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қорындағы ақын өмірі мен шығармашылығына қатысты кітаптар мен жәдігерлер қойылған көрме ұйымдастырылды.

 

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ,

Астана қаласы.