Ел тарихындағы жеңістер мен жеңілістер, қателіктер мен жетістіктер, этностардың тұрмысы мен мәдениеті, Қазақстанның егемендік алуы, бәрі-бәрін айғақтайтын дереккөз — мұрағаттарда. Бұл құжаттар саясат пен экономиканың, идеология мен мәдениеттің басты құралы болып саналады. Ұлттың генетикалық коды — дәстүр мен мәдениеттің қайнар көзі мұрағаттарда сақталғандықтан, азаматтардың өткені мен бүгінін білуге деген құштарлығы, күнделікті тіршілікте жекелеген құжаттарға қол жеткізуге ұмтылысы қашан да бірінші орында тұрған қажеттілік болып келген және мұнан кейін де мән-маңызы артпаса еш кемімейді.

1999 жылдың 22 желтоқсанында қабылданған Қазақстан Республикасының «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Заңының 25 жылдығында облысымызда жаңа архивтік мекеме – Павлодар облысының мемлекеттік архивінің Павлодар аудандық филиалы құрылды. Жаңа мекеменің ашылуына ұзақ жыл дайындық жұмыстары жүргізілді. Филиалдың мақсаты — облыстың мемлекеттік архивінен тапсырылған және Ұлттық архивтік қордың ажырамас бөлігі саналатын архивтік қорлар құжаттарының, сонымен қатар жеке құрам құжаттарының сақталуын және оларды мемлекеттік есепке алуды қамтамасыз ету. Филиал архившілері архивтік қорларды сапалы қалыптастыруды және архивті жаңа құжаттармен толықтыру жұмысын жалғастыруды басты міндеттерінің бірі деп санайды. Қазақстан Республикасының «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Заңында Ұлттық архив қорының құжаттарын сақтау барлық заңды және жеке тұлғалардың міндеті деп көрсетілген. Атап өтерлігі, мемлекеттік сақтауға түскенге дейін құжаттар ұйымдардың, мекемелер мен кәсіпорындардың ведомстволық архивінде болады. Сондықтан осы кезеңде құжаттардың дұрыс сақталуын қамтамасыз ету аса маңызды. Жасыратыны жоқ, ведомстволық архивтердің иелері көбінесе олардың жағдайын жеткілікті деңгейде бақыламайды. Сол себепті, Павлодар аудандық филиал міндеттерінің бірі — ведомстволық архивтермен жұмысты бір жолға қою. Филиалымызда сақталатын Ұлттық архив қорының құжаттары Павлодар ауданының байтақ тарихын, оның еңбеккерлерінің жетістіктерін, ауданның облыстың дамуына қосқан үлесін зерттеудің қайнар көзі десе болады. Міне, сондықтан да құжаттық мұраны сақтау әрі толықтыра түсу — жаңа архивтің басты міндеті болмақ. Павлодар аудандық филиалы «Архивтік анықтамалар, архивтік құжаттардың көшірмелерін немесе архивтік үзінділер беру» мемлекеттік қызметін көрсетеді. Филиал құжаттары бойынша Павлодар ауданы аумағында орналасқан кәсіпорындарда, ұйымдар мен мекемелерде, кеңшарлар мен ұжымшарларда және тағы басқаларында жұмыс істеген кезеңіндегі еңбек өтілін растау туралы әлеуметтік-құқықтық сипаттағы азаматтардың өтініштеріне жауап қатады. Красноармейка ауыл шаруашылығы техникумының, Павлодар кеңшары-техникумы құжаттары бойынша білім алғаны туралы архивтік анықтамалар беріледі. Павлодар аудандық атқару комитетінің, ауыл кеңестерінің, ауданның ауылдық округ әкімдері аппараттарының құжаттары түрлі шешімдер, қаулылар, өкімдердің көшірмелерін, құжаттардан архивтік үзінділер беруге негіз болады. Сонымен бірге, ауыл кеңестерінің, ауылдық округ әкімдері аппарат-тарының архивтік қорларындағы шаруашылық кітаптар бойынша азаматтардың тұрғандығы, отбасы құрамы, ұлты туралы дерек расталады. Сұратылып отырған құжаттар мемлекеттік сақтауда болмаған жағдайда филиал тиісті мазмұнда немесе өтінішті өзге мемлекеттік немесе ведомстволық архивтерге тиесілігі бойынша жолдағаны туралы жауап береді. Осылайша, архивтік құжаттар жеке және заңды тұлғалардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғайды, сондықтан оларды сақтау өте маңызды, мәселен, оларды жоғалтып алу азаматтарға зейнетақысын уақытылы рәсімдеуге, дербес деректерін растауға, мүліктік құқықтарын қорғауға және т.б. мүмкіндік бермейді. Архивтік анықтама алу үшін Павлодар аудандық филиалының анықтама үстелінің көмегіне жүгінуге немесе www.egov.kz «электронды үкімет» вебпорталы арқылы «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғам арқылы өтініш беруге болады. Павлодар аудандық филиалының анықтама үстелінің көмегіне жүгінген кезде белгіленген нысанда өтініш жазу қажет. Бар болса, сұратылып отырған деректерді растайтын құжаттардың көшірмелерін қоса тапсырады. Сонымен бірге қызмет алушының жеке басын рас-тайтын құжат, өкілеттілігін растайтын құжат, ал қызмет алушының мүддесін үшінші тұлға білдірген жағдай-да нотариалды куәландырылған сенімхат талап етіледі. Пошта арқылы өтініш білдірген-де еркін түрде жазылған, жеке тұлға немесе заңды тұлғаның өкілі қол қойған, өтініш білдіруші туралы мәліметтер (жеке тұлға үшін – тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), тұратын жері, байланыс телефондары, заңды тұлғалар үшін оның атауы, заңды мекенжайы, ақпаратты іздеуге қажетті хаттың мәліметтері көрсетілген өтініш талап етіледі. Бар болса, сұратылып отырған мәліметтерді растайтын құжаттардың көшірмелері қоса беріледі. Павлодар облысы мемлекеттік архивінің Павлодар аудандық филиалы мына мекенжайда орналасқан: Павлодар қ., Ак.Бектұров к-сі, 62/1. Телефоны: 8 (7182) 320171. Жұмыс уақыты: дүйсенбі-жұма сағат 09.00-ден 18.00-ге дейін, түскі үзіліс 13.00-ден 14.00-ге дейін, демалыс күндері сенбі және жексенбі.

Шолпан ӘЙТІМОВА,

Павлодар облыстық мемлекеттік архивінің Павлодар аудандық филиалының басшысы.