Мемлекет басшысының тапсырмасына байланысты биыл Наурыз мерекесін тойлауға айрықша мән берілмек. Осыған орай, жаңа тұжырымдама жасалып, Ұлыстың ұлы күні қарсаңында облысымызда 2500-ге жуық іс-шара өткізу жоспарланған. Сондай-ақ, аймағымыздың түкпір-түкпірінде 240 ақ шаңқан киіз үй тігіліп, 50-ден астам ұлттық салт-дәстүріміз көрсетілмек. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.

 

Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Әлнұр Сейдумановтың айтуынша, бүгінде Наурыздың бірегей логотипі мен жаңа тұжырымдама бекітілді. Әр тақырыпта өткізілетін онкүндік аясында аймақ тұрғындары үшін ауқымды жұмыстар атқарылмақ. Мәселен, 14-23 наурыз аралығында «Наурыз-базарлық» маусымын жариялай отырып, сауда орындарында бірлескен жаппай сатылымдар мен жеңілдіктер ұйымдастырылады.

– 15 наурыз – Қайырымдылық күніне орай облыстағы қарттар үйі, дағдарыс орталықтары, жетім балаларға арналған мекемелер мен көпбалалы отбасылар үшін қайырымдылық көмегі беріледі. 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні болғандықтан, өңірдегі кинотеатрлар мен кинозалдарда ұлттық кино апталығы аясында фильмдер көрсетіледі. 17 наурыз – «Шаңырақ» күні қарсаңында отбасы құндылық-тары дәріптеліп, сыйлы ақсақалдар мен көпбалалы аналар жас жұбайларға, облыс тұрғындарына «Наурыз бата» береді. Сонымен қатар, қала-аудан әкімдіктері жаңа туған нәрестелердің ата-аналарына «Наурыз-базарлық» естелік сыйлықтарын табыстайды. 18 наурыз – Ұлттық киім күнінде ұлттық киімдерді танымал етуге және фестивальдер өткізуге ерекше назар аударылады. 19 наурыз – Жаңару күні дөңгелек үстел, пікірталас алаңдарын, сарапшыларды, саясаттанушыларды, ғалымдарды тарта отырып конференциялар өткізу жоспарлануда. 20 наурыз – Ұлттық спорт күні облыстың барлық қаласы мен ауданында ұлттық спорттан түрлі жарыстар ұйымдастырылады, – деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ, ол 21 наурыз – Ынтымақ күні павлодарлық тұрғындар мен қонақтар үшін мерекелік концерттер, спорттық жарыстар және сурет салу, қыш жасау өнері, домбырада ойнау, қобыз, балаларға арналған мүсін жасау және басқа да шығармашылыққа арналған «open space» аймақтары, ауылшаруашылық жәрмеңкелері ұйымдастырылатынын айтты. Ал Ұлыстың ұлы күні, яғни 22 наурыз – Жыл басы келген күні бұқаралық іс-шаралар мен халықтық мерекелер өтеді деп жоспарлануда. Бұл күні барлық жерде стильді этноауылдар бой көтерсе, 23 наурыз – Тазару күнінде жалпыұлттық экологиялық акция өткізіледі деп күтілуде. Яғни, облыста «Тазалық эстафетасы» бастау алып, соның аясында аулаларды қардан және қоқыстан тазарту, жалғызбасты жандар, зейнеткерлер, көпбалалы аналар мен әлеуметтік осал топтарға көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, бұл күндері жедел жәрдем, өрт және полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп, тұрғындар қауіп-сіздігін қамтамасыз етуге баса мән берілетін болады.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқанның
айтуынша, мереке қарсаңында қала мен аудан орталықтарында – 115, ауылдарда – 125 киіз үй тігіліп, ұлттық салт-дәстүрлеріміз жаңғырмақ.

Жалпы, өңірдегі барлық мәдениет орындарында түрлі іс-шаралар өтеді деп жоспарлануда.

– Төл мерекемізді тойлаудың жаңа дәстүрін қалыптастырып, оның мазмұнын идеологиялық мәнмен байытуға басымдық беріледі. Осы мақсатта жарияланған Наурызнама онкүндігі аясында облыстық «Шаңырақ» орталығы мен «Ардагерлер кеңесінде» Көрісу күні мерекеленіп, Қыдыр ата ақ батасын береді. Балаларға арналған «Ұлттық құндылықтар» интелектуалды ойындар ұйымдастырылып, әннен шашу шашылады. С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Дәс-түр – trend» салт – дәстүрлер фестивалі өтсе, Қ.Әбусейітов атындағы мәдени-сауық орталығында «Біз осында тұрамыз» кинофильмінің мерекелік көрсетілімі болады. 15 наурызда Достық үйінде «Ұлы даланың Ұлы есімдері» атты, Торайғыров университетінде Шәкен Аймановтың 110-жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді. Павлодар қаласындағы «Самал» оңалту орталығында «Ақ мол болсын, Наурыз!» атты қайырымдылық ойын-сауық бағдарламасы, ал Ақсу қаласының Сәбит Дөнентаев атындағы мәдениет сарайында «Қайырылымдылық» күні мерекелік концерттік бағдарламасы ұйымдастырылады. 16 наурызда «ERTIS» музейінде «Ұршық fest» фестивалі қатысушылары жасаған бұйымдардың көрмесі ашылса, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде Иса Байзақовтың 1942 жылғы домбырасының таныстырылымы және домбыраны музейге тапсырған ұстаз Күләш Құнантаевамен кездесу өтеді. Ал Нағымбек Нұрмұхам-медов атындағы облыстық көркемсурет музейінде дәрістер топтамасы және музей қорынан танымал отандық қылқалам шеберлерінің кескіндеме, графика, мүсін өнері көрмесінің тұсаукесері ұйым-дастырылады. Г.Н.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінде «Наурыз көже» дайындау бойынша шеберлік сағаты өтеді, – деді Медет Алпысбайұлы.

Бұдан бөлек, аудан-қалаларда да мерекелік шаралар жалғасатын болады. Мәселен, Аққулы аудандық мәдениет үйінде «Салт – дәстүр таусылмайтын байлығым – Тұсау кесер» театрландырылған қойылым көрсетілсе, Баянауыл ауданының С.Торайғыров атындағы мәдени-сауық орталығында «Ұмыт болған ұлттық тағам» және «Шебер қолдар» атты байқау, академик Қ.Сәтбаевтың Баянауыл мемо-риалдық музейінде батагөй ақсақалдар арасында «Ақ бата – асыл мұра» сайысы ұйымдастырылмақ. Тереңкөл аудандық мәдениет үйінде «Алтын шаңырақ» атты мерекелік кеш, Май ауданының жас отбасылары арасында «Отбасы – бақыт мекені» кездесу кеші өтеді. Облыстағы Наурыз мерекесі мұнымен ғана шектелмейді, павлодарлықтар үшін 23 наурызға дейін күн сайын түрлі тақырыптағы іс-шаралар ұйымдастырылып, мереке мерейін асыра түспек. Бұл күндері музейлер де ұлттық нақыштағы көрмелер ұсынса, ірі сауда орталықтарында облысқа танымал өнерпаздардың қатысуымен мерекелік концерт өткізілмек.

Атап өтерлігі, биыл облыс орталығы – Павлодар қаласында да Наурызды мерекелеуге қатысты дайындық жұмыс-тары қызу қолға алынуда. Бұл жөнінде баяндаған қала әкімінің орынбасары Светлана Гладышева шаһарда 25 киіз үй тігіліп, оның ішінде орталық алаңда 6 тақырыптық ақ орда бой көтеретінін алға тартты. Алғашқы үш киіз үйде биыл мерейтойы аталып өтетін қазақтың ұлы тұлғаларына арналған көрме қойылса, қалған үшеуі қолөнер шеберлері мен суретшілердің туындыларымен толығып, көрермен назарына ұсынылмақ.

– Басты мерекелік шара 22 наурыз күні орталық алаңда өтеді. Наурыз мейрамының Рамазан айымен тұспа-тұс келуіне байланысты жылдағыдай тамақ таратылмайды. Барлық негізгі іс-шара Қ.Сәтбаев көшесі бойында, орталық алаңда (облыстық әкімдікке қарама-қарсы) ұйымдастырылады. Мерекелік бағдарлама сағат 11.00-де басталып, 13.00-ге дейін жалғасады. Облыс тұрғындарын белгілі әншілер Роза Рымбаева мен Қайрат Нұртас мерекемен құттықтап, әншашуын тарту етеді. Бұл мақсатқа қала қазынасынан 10 миллион теңге бөлінді, – деді Светлана Анатольевна.

Сонымен қатар, қала тұрғындары үшін түрлі ұлттық ойын-сауық шаралары өтіп, алтыбақандар орнатылады. Киіз үй қалашығының аумағында қолына қыран ұстаған құсбегілер, ұлттық киім киген алып батырлар, құмай тазылар жүреді. Спорт сүйер қауым үшін асық ату, арқан тарту, аударыспақ, садақ ату, қол күресі, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, теңге ілу, басқа да ойындар ұйымдастырылады. Бұдан басқа, «Mobile Time», «Ру-грим», «Kazakh ART», «Наурызиада», «ТрендЅһор» атты бірнеше алаң ашылып, қызмет көрсетпек. Бұл орындарда түрлі шеберлік сағаттары өтіп, суретшілердің жұмыстарын көруге, заманауи өңдеудегі ұлттық бұйымдарды сатып алуға мүмкіндік жасалмақ. Сонымен қатар, мереке қарсаңында Естай атындағы мәдениет сарайында «МузАрт» тобының ақылы концерті өтпек.

Нұржайна ШОДЫР.