Осы жылдың алғашқы алты айында мүгедектік тобын белгілеу үшін медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматтағы пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 31,7 мыңнан астам өтінім қаралған.

Бұл — Қазақстанның барлық өңіріндегі куәландырудан өткен мүгедектігі бар адамдардың жалпы санының 24,7 пайызы, дейді мамандар. Қазіргі уақытта жобаға 740-тан астам медициналық ұйым қосылған. Былтыр сырттай куәландыру бойынша 57,1 мың өтінім қаралған. Бұл — куәландырудан өткен мүгедектігі бар адамдардың жалпы санының 22,7 пайызы ғана. Соған қарағанда, биыл онлайн құжат рәсімдеуді пайдаланушылар қатары артқан. Себебі, көпшілік онлайн қызметтің оңай екенін алға тартуда. Мүгедектік тобын белгілеу жөніндегі қызметті алу үшін өтініш берушіге тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгіну және қажетті тексеруден өту қажет, қалған процестер ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен оның қатысуынсыз өтеді екен. Ал сырттай куәландыруға көшудің артықшылығы — әкімшілік және бюрократиялық кедергілер жойылады, МӘС сараптамалық шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз етеді, мүгедектікті белгілеу және мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау шараларын анықтау бойынша қызметтерді үйден шықпай-ақ алуға мүмкіндік бар. Ең бастысы, сала мамандары көрсетілетін қызметті алушы мен берушінің арасында тікелей байланыс болмағандықтан, сыбайлас жемқорлық азаятынын айтады.

Нұржайна ШОДЫР.