Соңғы уақытта елімізде петицияға қол қою мәселесі өзекті болып отыр. Ел жұртшылығы қандай да бір мәселеге көңілі толмаса, соған қатысты петиция жариялау арқылы наразылықтарын білдіріп, Үкіметтен қайта қарауды талап етіп жатады. Осыған орай биыл елімізде ресми онлайн-петицияларды қабылдайтын e-Petition.kz сайты да ашылды. Айталық, біраз уақыт бұрын уақытты қайта шегеру, көліктерге салынатын утилизациялық алымды қайта қарау, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны күшейту сынды мәселелерге қатысты петициялар жарияланды. Бүгінде мұндай ұсыныс-талаптарды жариялаудың, оған қол қоюдың талаптарын өзгертуге қатысты ой-пікірлер жиі айтыла бастады. Бұдан ұтарымыз бар ма? Тақырыпты «Алаңның» талқысына салдық.

  

Аида БАЛАЕВА, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі (пікір интернеттен алынды):

– Билік үшін бұқараның пікірі қашан да маңызды. Сондықтан петиция арқылы қандай мәселе көтерілсе де, ескерусіз қалмауы  керек. Жалпы, елімізде ресми онлайн-петициялар қабылдайтын e-Petition.kz сайты жұмыс істейді. Ондағы өтінішті Үкімет деңгейінде қарау үшін 50 мыңнан астам дауыс жинау шарт. Ал петиция талаптарын өзгерту мәселесі қазір қызу талқыланып жатыр. Біз кез келген мәселенің қоғамда алауыздық тудыруына жол бермеуіміз керек. Сондықтан тұрғындардың пікірін тыңдау маңызды. Ал қай жағынан өзгеріс енгізу жөнінде әлі де талқыланатын болады. Талап қоюшылардың негізгі ұсынысы – дауыс санын өзгерту керек дейді. Яғни, соңғы апталарда түскен өтініштерді қарап отырсақ, дауыс жинаудың шегін ұлғайту керек деген мәселе көтерген. Сонымен қатар, бір-бірімен келіспейтін кейбір тараптар ұжымдық өтінішке қол қоятындардың санын көбейтуді әрі өтініштерді қарайтын мемлекеттік органдар тізімін арттыруды қалайды. Бұл ұсыныстар әлі де қаралып, талқыланатын болады.

 

Сәбиден МАНТЫҚОВ,

облыстық мәслихат депутаты:

– Қазақстанда ресми онлайн-петициялар сайты өткен жылдың басынан бері ресми жұмыс істей бастады. Өтінішті Үкімет деңгейінде қарау үшін ол 50 мыңнан астам дауыс жинауы керек. Алайда осы жүйе арқылы қазақстандықтар әкімдер мен министрлердің отставкаға кетуін талап ете алмайды. Сонымен қатар, ІІМ жұмысына, Мемлекеттік тіл мәртебесіне, Мемлекеттік рәміздерге қатысты өтініш жібере алмайды. Егер өзгеріс енгізу керек болса, осы аталған мәселелерге де петиция арқылы талап қоятындай деңгейге жеткізу керек. Неге біз министрлерді отставкасын петиция арқылы талап ете алмаймыз? Неге біз мемлекеттік тіл мәртебесін петиция арқылы көтеріп, өз талабымызды орындата алмаймыз? Қарап отырсаңыз ең өзекті деген сұрақтарды біріккен түрде талап ету мүмкіндігіміз жоқ екен. Міне, өзгерісті осыдан бастаған абзал. Екіншіден, петиция қандай мәселеге қатысты жарияланды деген сұраққа да назар аударылуы керек. Мәселен, жақында тәңіршілдік ұстанымын дін деп қабылдауға қатысты петиция жарияланды. Бұл біріншіден әлеуметтік мәселеге жатпайды, екіншіден қоғамдағы өзектілігі төмен. Сондықтан петицияны белгілі бір мүдделі топтардың өз пайдаларына жаратуына жол берілмеуі керек.

 

Қабылбек ҚУАНҰЛЫ,

қала тұрғыны:

– Жалпы, петиция дегеніміз – халықтың жоғары билікке талап-тілегін естірте алатын жалғыз бірыңғай платформа деуге болады. Сондықтан бұған қатысты өзгеріс енгізу кезде мұқият қарап, әбден зерттеп, зерделеу керек. Бұған дейінгі ұсыныстарда дауыс жинау шегін 50 мыңнан көтеру керек деген мәселе айтылған екен. Мен онымен келіспеймін. Себебі, кейін қандай да бір мәселеге петиция жариялап, дауыс жинаған кезде норманы толтыра алмаса, дауыс жиналмады деген желеумен қаралмай қалуы мүмкін. Сондықтан дауыс жинау шегін керісінше 30 мыңға дейін түсіру керек деп санаймын. Сонымен қатар, өтініштерді қарайтын комиссияның қатарында мемлекеттік орган өкілдерімен қатар, қоғамдық белсенділер де болуы керек.  Соңғы уақытта петиция арқылы көп мәселе көтерілді. Бірақ түбегейлі шешіліп кетпесе де, билкке белгілі бір деңгейде әсер еткені анық. Соның бірі – утиль алымы мен ЛГБТ насихатына қарсы петиция. Енді алдағы уақытта билік тарапынан қандай шешім қабылданатынын уақыт көрсетеді. Ең бастысы, қоғам тарапынан қарсылықтың бар екені көрсетілді.

«Алаңды» үйлестірген – Тілеуберді САХАБА.