Қазақ қоғамында ерекше маңызға ие институт — әулет. Бұл — тектік әлеует пен ұрпақ жалғастығын жүйелі дамытудың ұлттық моделі. Қазақтың «Қасқа айғырдың құлыны тым құрыса, төбел туады» деген пәлсапалық сөзі осының дәлеліндей. Қоғамымызда ізгілікті қасиеттерімен көпке үлгі болып отырған әулеттер саны аз емес. Солардың бірі – халықтың ықыласына бөленген, Ертіс-Баян өңіріне етене таныс Сейітовтер отбасы.

Тәрбие – тал бесіктен

Аймағымызда мәдениеттің үлкен жанашыры, өздері де сан алуан өнер иелері, айтыскерлер баянауылдық Жұмкен Сейітовті және оның ізін жалғап келе жатқан баласы Тілек Сейітовті білмейтін адам кемде-кем. Бұл — алуан қырлы айтыс өнерін серік еткен әулет. Жұмкен аға — кеңестік кезеңнің қыспағы мен тоқсаныншы жылдардағы тоқырау салдарынан тұралап қалған айтысты аймағымызда жандандыруға атса-лысқан санаулы жандардың бірі. Тілек болса — қыспақ көрмеген, талай додада маңдайы жарқырап көрінген тәуелсіз елдің айтыскері.

Бұл әулеттің үлкені — бүгінде немере-шөбересінің қамын жеп отырған Раушан әже. 85 жастағы қария ескі дәстүр, ежелгі салтпен екі сөзінің бірін мақалдап, мәтелдеп түйрейді. Сөйтіп, кібіртіктеп сөйлеген талайды ұялтады. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» демекші, Раушан әже немере-шөберелеріне ақыл айтып, балапандарының қызығын көріп келеді.

Сейітовтер әулетінің шаңыра-ғында қазақылықтың иісі аңқып тұр. Отбасы мүшелері салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты, жөн-жоралғыларды бала бойына сіңіруді бірінші орынға қояды. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, ұл-қызының санасына елін, жерін, ұлтын сүйетін отаншылдық тәрбиені сіңіруде. Бұл әулеттің балаларының бәрі  бесік жырын тыңдап өскен.

Шаңырақтың иесі Жұмкен Сейітов немерелерінің тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетінін айтады.

— Немерелеріме алдымен үлкенді сыйлауды, құрмет көрсетуді үйретемін. Олар таңертең ұйқыдан тұрғанда үлкендерге сәлем беруді, алыс жолдан келгенде ата-әжесімен амандасуды да біледі. Балапандарыма домбыра тартуды да үйре-темін. Тәрбие мен білімнің негізі кітапта ғой. Ұйқыға жатарда  ертегі оқып беремін, — дейді Ж.Сейітов.

Бүгінде Жұмкен Сейітов Мәшһүр Жүсіп ауылындағы мәдениет үйіне басшылық етіп, елді мекендегі қоғамдық жұмыстарға белсенді араласады. Ағамыздың жары Айман Сейітова Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атындағы орта мектепте мейірбике болып жұмыс істейді. Олар — үш баланы тәрбиелеп өсірген бақытты ата-ана. Тұңғыштары Тілек пен аяулы келіндері Мөлдірден 4 немере сүйіп отыр. Қыздары Мақпал балабақшада, Мәдина білім беру саласында қызмет етіп, ұрпақ тәрбиесімен айналысуда.

Бүгінде көпбалалы әке атанып отырған Тілек Сейітов ұл-қызының бесікке бөленгенін айтады. Балалары 60 жылдық тарихы бар бесікте жатқан. Әжесінен қалған ағаш төсекте әкесі, әпкелері, өзі, қарындастары және балалары да ұйықтаған.

— Балаға берілетін алғашқы тәрбие – бесік жыры. Анасынан әлди-әлдиді естіп өскен баланың тілі де тез шығады. Қазақ «Бесігі жоқ үйде береке болмайды» деп бекер айтпаған. Онда жатқан сәбидің ұйқысы тыныш болады. Балаларымызды бесікке бөлеген кезде «Тыштырма» рәсімін де жасап, үлкендердің ақ батасын алдық, — дейді Тілек Жұмкенұлы.

Сейітовтер әулетінде ежелден келе жатқан ашамай дәстүрі де орындалады. Тілек балалары дүние есігін ашқан кезде әрқайсысына құлын атағанын айтады. Ұл-қызы 5-6 жасқа келген кезде атқа ашамай салып, баланы мінгізіп үйретеді. Қазір балаларының алды әкелерімен бірге атқа отырады екен.

Бұл әулетте бала өмірге келгенде жасалатын шілдехана, қалжа той, қырқынан шығару рәсімдері де ұлттық жоралғылардың негі-зінде өткізіледі. Шаттыққа толы шаңырақта қазақтың тұсау кесу рәсіміне де ерекше мән беріледі. Отбасы мүшелері нәрестенің аяғындағы ала жіпті қадірлі, ісі алға басып тұрған, жылдам, сүрінбей жүретін адамға кестірген.

Бүгінде Тілек Жұмкенұлы баларына атқа мінуді үйретіп, қазақтың көне өнері – атбегілікті де қолға алған. Сонымен қатар, тазы итін өсіріп, ұл-қызын аңшылық өнерге де баулуда.

 

Отбасының алтын қазығы

Тілек Жұмкенұлы отбасында бала тәрбесінде ата-әженің атқаратын рөлі орасан екенін айтады. Ата-әженің институтынан өткен бала басқаша, айналасына деген көзқарасы да ерекше болады. Өйткені, үлкендердің жанында жүріп, олардың өнегелі әңгімесін тыңдап өскен баланың сана-сезімі басқалардан ерекше болып қалыптасады. Таптырмас мектеп тәрбиесі іспетті.

— Өзім әжемнің тәрбиесінде өскен адаммын. Сол үшін де мақтанамын. Бүгінгі балаларыма үйретіп жатқан ұлттық құндылықтарды маған үйреткен де сол кісі. Мені өнерге баулыған да әжем. Күні бүгінге дейін әжем айтқан аңыз әңгімелер, салиқалы ойлар санамда. Себебі шынайы мейірім мен ізгілікпен тұнған дүниелер ұмытылмайды. Жалпы, ата-әженің немереге деген махаббатын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Олардың тәрбиесі бала жүрегін нұрландырып тұрады. Боямасыз, кіршіксіз таза махаббаты тек ата-әженің тәрбиесін көрген балалар ғана түсінеді, — дейді Т.Сейітов.

Үйдегі ұлдың үлкені Нұртілеу ата-әжесінің баласы екен. Кішкен-тайынан сол адамдар бауырына басқан.

Келіні жақсы үйдің керегесі алтын

Үйдегі береке, жылулық, бақыт ене мен келіннің сыйластығына байланысты екені сөзсіз. Тілектің жан-жары Мөлдір қазақи отбасында тәрбиеленген инабатты, ибалы, ақылды келін десек, қателеспейміз. Ол студент кезінен аудандық, облыстық «Наурыз аруы» байқауының жүлдегері атанған. Күні бүгінге дейін аудандық, облыстық келіндер сайысында топ жарып келеді. Ұлттық салт-дәстүрді жатқа білетін Мөлдір табандылығымен талай додада жүзден жүйрік атануда. Үйде бала тәрбиелеген аяулы ана — келешек ұрпақты білім нәрімен сусындатып келе жатқан білікті ұстаз. Ол оқушыларға музыка пәнінен сабақ береді. Білімін жетілдіруде талмай еңбектеніп, 3 дипломның иесі атанған.

— Қазақта «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» деген сөз бар. Келіндік өмірдің бастауы төркіннен басталуы дұрыс деп есептеймін. Мені анам мен әкем үлкен өмірге тәрбиелеуде ақылын айтып, шаруаға үйретті, тәлім-тәрбие берді. Үлкенді сыйлау, сыпайы болуды, қонақ күтуді сол кісілерден үйрендім. Өйткені, бала күнімде бұл қасиеттерді көріп өстім. Тұрмысқа шығатын кезде елімізге танымал ақындар отбасының табалдырығын аттайтынымды біле тұра, соған іштей дайын болып келдім. Бірақ бәрін үйден үйреніп келу мүмкін емес. Келіндік өмірде анамдай болып кеткен енемнен көп нәрсені үйрендім. Ол кісі мені қызындай көріп, әрдайым қолдап жүреді. Бала тәрбиесіне де көп көмегі бар. Мені қонақтан қалдыр-
ған емес. Сайыстарға қатыссам үнемі жанашырлық танытады. Осы уақытқа дейін талай додада топ жарып жүруім — ата-анамның арқасы, — дейді Мөлдір Әсетқызы.

Мөлдір бала күнінде жарыстарға жиі қатысқандықтан сайысқа түсу аса бір қиындық тудырмайтынын айтады. Инабатты келін өткен жылы Баянауыл ауданының атынан облыстық келіндер сайысына қатысып, намысты қолдан бермей, бірінші орынды жеңіп алған. Жүзден жүйрік атануында отбасының еңбегі, қолдауы зор екенін айтады. Себебі келіндері сайысқа түскен додада қолдау білдіру үшін ата-анасы, жолдасы, балалары бірге барып, сахнада да өнер көрсеткен.

Талай додада топ жарған Мөлдір үйдегі береке әйелдің көңіл-күйіне байланысты екенін айтады. Әйел жадырап жүрсе, отбасы мүшелері де көңілді болмақ.

— Әйел адамның бақытты болуы үшін байлық, дүние маңызды емес. Бастысы, үйдегі отағасының қолдауы, жылы сөз айтуы, қолы тимей жатқан шаруаға қолғабыс етуі маңызды. Отбасы мүшелерінің өзара сыйластығы, әр істе бір-біріне жанашырлық танытуы керек. Үш бірдей мамандық игерсем де, осы әулетке келін болып түскенімді, ауылда тұратынымды, бие сауып, қымыз сапыратынымды мақтан етемін, — дейді Мөлдір.

Тілек пен Мөлдірдің үйінен қонақ та арылмайды. Бұл шаңырақтағы құрметті меймандарға арналған бөлме де қазақи үлгіде жабдық-талған. Жалпы, қонаққа үйдің төрін, астың дәмдісін ұсыну — ежелден келе жатқан ескі салтымыз. Қонақты ақжарқын көңілмен жақсылап күту – көргенділік, адамгершілік, азаматтық қана емес, тіпті міндет болған десек, артық айтқандық емес. Сейітовтер әулеті де дәл солай. Баян топырағына аяғы тиген елімізге белгілі ақын, қаламгерлер, өнер иелері осы әулетте қонақ болмай қайтпайды. Бұл — қонақжайлылық, меймандостық дәстүрді берік сақтағандықтың белгісі.

Мөлдір Әсетқызы үйге келген мейманға жылы қабақ танытып, шын пейілмен ас ұсыну үлкен құрмет деп біледі. Сондықтан әр қонақты үйге келген құт деп қарсы алады.

Ұлттық салт-дәстүрді берік ұстанған Сейітовтер әулеті облыстық «Мерейлі отбасы» байқауының екінші орын иегері екендігін ерекше атап өткен жөн. Бұл отбасы мүшелерінің бәрі дарынды, талантты екенін білдірсе керек. Көпке үлгі отбасы ұлттық мейрам, әз-Наурызды шаңырақтарында төрт- көзі түгел болып қарсы алуды әдетке айналдырған. Сейітовтер әулетін ақтың молаятын, тіршіліктің жаңаратын мерекесімен құттықтап, жаңа жыл шаңырақтарына құт-береке, толағай табыс, молшылық әкелсін деп тілейміз!

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА.