Бүгінгі таңда облыс тұрғындарының көлік салығы үшін 1 миллиард теңгеден астам берешегі бар. 1 сәуірге дейін салықты төлемеген жағдайда борышкерлерге салық сомасының 1,25 пайызы мөлшерінде өсімпұл салынады. Алайда сала мамандары көптеген азамат төлем жасау керектігі туралы хабарламаларды елемей жатқанын айтады. Салық берешегін өтемеген азаматтарды қандай жауап-кершілік күтіп тұр? Жүргізушілер нені білуі тиіс? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Руслан Рахымбердімен әңгімелестік.

– Қазіргі уақытта облыс бойынша салық берешегі бар азаматтардың саны қанша?

– Павлодар облысында 180 мыңнан астам темір тұлпар тіркелген, оларға иелік ететін 130 мыңнан астам азамат бар. Арасында берешек сомасын өтемей, қарыздары жылдар бойы жиналып қалғандары да аз емес. Биыл көлік салығы бойынша жалпы сомасы 650 млн теңгеге жуық 10 мыңнан астам салық төлеушілердің берешегі бар. 2024 жылы көлік құралдары бойынша болжамды салық сомасы 2 млрд теңгеден асады, олардың ішінде 180 млн теңгедей салық сомасына 13 мың азаматқа жеңілдік көрсетіледі. Жалпы, жылдың басынан бастап, павлодарлықтар есептелген 1 миллиард 831 миллион 992 мың теңгенің бүгінгі таңда 78 миллион 941 мың теңге берешегін төлеп үлгерді. Өткен жылдар бойынша 6071 салық төлеушінің 483 млн теңге көлемінде қарызы бар.

– Есептелген салық берешегін қайда, қалай төлеуге болады?

– Салық төлеу үшін мемлекеттік кірістер органдарына барудың қажеті жоқ. Комитеттің сайтында салыққа қатысты бірнеше электронды сервис бар. Көлік құралдарына салынатын салықтың сомасын «kgd.gov.kz» web-порталында орналастырылған салық калькуляторының көмегімен есептеуге болады. Сол жерден салық берешегінің бар-жоғы туралы толық мәліметтерді тексеруге болады. 2024 жылға есептелген көлік салығы «е-Salyq Azamat» мобильді қосымшасының «Алдағы төлемдер» қызметінде орналасқан. Мобильді қосымшаға кіру үшін  ұялы телефон нөміріңіз мобильді азаматтар базасында тіркелген болуы керек. Сондай-ақ, «eGov» порталында да салық берешегі мен өсімпұлдің бар-жоғын анықтауға болады. Портал онлайн режимде төлем жасауға да мүмкіндік береді. Ол үшін ЭЦҚ қажет емес. Бір реттік парольмен кіріп, ЖСН мен суреттегі кодты теру жеткілікті. Онымен қоса, екінші деңгейлі банктер қосымшаларында да бұл қызмет түрі қолжетімді.

– Көлік иелену құқығын басқаларға берген кезде салық қалай есептеледі?

– ЖШС көлікті өзі иелене ғана қоймай, оны басқа біреуге иелікке бере алады. Сондай-ақ, компанияның меншігінде ешқандай көлік болмаса, біреудің көлігін иеленуге құқық алуға болады. Заңды тұлғаның мүлік иеленуге, пайдалануға және басқаруға үш түрлі құқығы бар. Атап өтсек, меншік құқығы аясында мүлік иесі мүлкін өз қалауына қарай пайдаланады. Сондай-ақ, шаруашылық жүргізу құқығы бойынша мемлекеттік мекеме мемлекеттен белгілі бір мүлік алып, оны заң шегінде пайдалана алады. Оралымды басқару құқығы бойынша кез келген компания басқа біреудің мүлкін келісілген шектен шықпай пайдаланады. Егер компания көлікті осы құқықтардың бірі бойынша бір жылдан кем уақыт ішінде пайдаланса, оның салығын нақты пайдаланған кезең үшін төлеуге тиіс.

– Салық төлемегені үшін азаматтарды қандай жауап-кершілік күтеді?

– Салық төлеу мерзімін өткізіп жіберсеңіз немесе оны мүлдем төлемесеңіз, төлем мерзімі өткеннен кейінгі әр күн үшін өсімпұл салынады. Бұдан бөлек, банк шотына, кассаның шығыс операцияларына шектеулер орнатылады. Мүлікке тыйым салынып, электронды шот-фактураларды шығаруға шектеу салынады. Егер компанияңыз тәуекелдерді басқару жүйесі бойынша жоғары немесе орта дәрежелі тәуекелге ие болса, салық комитеті қарызды мәжбүрлеп төлеттіруі, яғни қарыз болған соманы борышкердің немесе оның дебиторларының банк шоттарынан ұстап қалуы немесе тыйым салынған мүлкін сатып жіберуі мүмкін.

– Ақпаратыңызға рақмет!

А.МҰҚЫШЕВ.