Бүгінгі таңда Павлодар облысында рұқсат етілмеген 30 қоқыс алаңы анықталды. Оның бірі Павлодар қаласындағы Солтүстік индустриялық аймақ аумағында орналасқан. Аталған учаскеге тұрғындар құрылыс қалдықтарын төгіп, сонымен қатар, жүргізушілер үлкен карьерді қазып, осы жерден құм тасуды әдетке айналдырған.

 

Өткен аптада «Таза Қазақстан» республикалық науқаны аясында Павлодарда заңсыз қоқыс орындарын анықтау мақсатында профилактикалық рейд өтті. Экологиялық іс-шараға Павлодар облысы экология департаментінің мамандары, полиция қызметкерлері, табиғат жанашырлары мен «Amanat» партиясының мүшелері қатысты.

Павлодар облысы экология депар-таменті басшысының орынбасары Мағзұм Көкімбаевтың мәліметінше, жыл басынан экологтар 7 мемле-
кеттік мекемеге 1 миллион 300 мың теңгеге әкімшілік хаттама толтырды. Заң бұзғандардың басым бөлігі қаражаттарын үнемдеу мақсатында қалдықтарды рұқсат етілмеген қоқыс алаңдарына төккен.

– Қоқыс қалдықтарын арнайы полигонға апару қажет. Осындай заңсыз қоқыс үйінділерінің санын жыл сайын азайту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, заң бұзушыларға әкімшілік хаттама толтыруға мәжбүрміз. Осылайша, биыл жеті мекемеге 1,3 миллион теңгеге айыппұл салынды. Қазіргі уақытта Павлодарда рұқсат етілген он қоқыс полигоны бар. Ақшаны үнемдеу, қоқыс шығару қызметін көрсету және полигонға төлемеу үшін кейбір жүргізушілер осындай әрекеттерге барады. Қылмыстарды көбінесе қала тұрғындарының өздері жасайды. Осындай рұқсат етілмеген полигонды мысалға ала отырып, қоқыс «тауларының» көбейіп кетуіне жол бермеу туралы шешім қабылданды. Біз мұндай полигондарды рейдтер барысында және «Ғарыш сапары» ғарыштан түсірілген суреттердің арқасында анықтаймыз, – деді М.Көкімбаев.

Естеріңізге салсақ, өткен жылы ғарыштан түсірілген суреттердің арқасында экологтар аймағымыздағы 167 заңсыз қоқыс үйіндісін анықтаған. Бүгінде олардың басым бөлігі жойылды. Павлодар қаласында 10 қоқыс полигоны болса, Екібастұзда олардың саны жетеу. Сонымен қатар, Ақсуда екі жер телімі бар.

Мәселені талқылау барысында депутаттар рұқсат етілмеген полигондар бойынша мониторингтік топ құру туралы шешім қабылдады. Полицейлер мен мүдделі адамдардың арқасында тәртіп бұзушылар жауапқа тартылмақ. Сондай-ақ, ұсыныстардың қатарында жазаның бұлтартпастығы, қоғамды жұмылдыру және тұрғындардан құрылыс қалдықтарын тегін қабылдай алатын полигондарға мемлекет тарапынан субсидиялар енгізу мәселелері бар. Халық қалаулыларының айтуынша, мәселені түбегейлі шешу үшін бұзақыларды әлеуметтік желіге жариялап отыру қажет. Осылайша, олар ұялып, келесі жолы табиғатқа зақым келтірмес бұрын ойланатын болады деген сенімде.

– Қалалық мәслихат депутаттары мен қоғамдық бірлестік өкілдерінің қатысуымен арнайы мониторинг тобын құру керек. Халық қалаулылары мен қоғам белсенділері полиция қызметкерлерімен бірге айына екі рет арнайы көліктермен патрульдеуге шығады. Бұзушылықтарды камераға түсіріп, әлеуметтік желілер арқылы көрсетеміз. Қала тұрғындары мұндай «табиғат қаһармандарын» өз көздерімен көріп, тануы тиіс. Ал басқа жүргізуші бұл видеоны көріп, келесі жолы тәуекелге бармай, қоқысты полигонға апаруға шешім қабылдайды. Басқа амал жоқ, – деді қалалық мәслихат депутаты Болат Сүлейменов.

Сонымен қатар, депутат бюджет қаражатын үнемі мұндай полигондарды жоюға жұмсамай, осындай қалдықтарды тегін қабылдауы үшін субсидия бөлу керектігін айтты.

– Мәселенің салдарымен емес, себебімен күресу керек. Қазіргі уақытта құрылыс қалдықтарын, тұрмыстық қоқыстарды ақылы түрде қабылдайды. Қалай болғанда да, заңсыз үйінділердің барлығы халық бюджеті есебінен жойылады. Оны полигондарды субсидиялауға жіберген дұрыс. Қоқыс қалдықтарының құны төмендеген жағдайда ғана аталмыш мәселе шешімін табады. Олай болмағанда кейбір адамдар далаға қоқыс шығара береді. Ал оларға айыппұл салу керек, – деді ол.

Экология департаменті бұл мүмкіндікті республикалық деңгейде қарас-тыруға болатынын баса айтты. Қазіргі кездің өзінде ҚР Экологиялық заңна-масына бірқатар толықтырулар мен өзгерту енгізілуде.

– Бүгінгі таңда Қоршаған ортаны қорғау министрлігі қайта өңдеуден түсетін төлемдер мен басқа да экологиялық төлемдерді бөлу мәселесін қарастыруда. Олар «Жасыл даму» АҚ-да орталықтандырылған. Биылдан бастап қоқыс алаңдарына қаржы бөліне бастады. Осылайша, полигонға түсетін қалдықтар қайта өңделіп, қайта пайдаланылады. Бұған қоса, қазірдің өзінде қоқыс жинайтын контейнерлерге субсидия беріліп жатыр, – деді М.Көкімбаев.

Алтынбек МҰҚЫШЕВ.