«Тамыздан бастап суды аздап тамызамыз», «Жалақыдан басқа бәрі қымбаттауда», «Жаз мезгілінде жылу үшін есеп келгені несі?» Мұның бәрі – әлеуметтік желідегі жергілікті тұрғындардың коммуналдық қызмет көрсетуші компаниялардың бағаны көтеруіне қатысты жазған ой-пікірлері. Кейбірі маусымдағы түбіртектерде жылу үшін есептеулер жүргізіліп жатыр деп шағымданып, энергоорталықтан тікелей түсінік алғысы келген. Өз кезегінде энергиямен қамтушы монополист кәсіпорын жаңғырту мен кадр тұрақтылығын желеу етіп, тарифті бірден 39 пайызға көтермек. Алайда бұл мәселені шеше ме? Көпшілікті алаңдатқан тақырыпты «Алаң» қатысушыларының талқысына салып көрдік.

 

Ибрагим ТАНГИЕВ,  ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы:

– Тариф бойынша жаңа есептеулер 1 тамыздан күшіне енеді. Облыс тұрғындары үшін электр түбіртектегі сандар орташа есеппен 27 пайызға артады. Жылуға келетін болсақ, мамандар әрбір қала бойынша талдау жасап, алдын-ала есептеулер жүргізді. Нәтижесінде, жылу үшін Павлодарда тариф 5 пайызға артса, Ақсуда көрсеткіш 11 пайызға көтеріледі. Екібастұзда қазір желілердің күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Осыған байланысты кеншілер қаласында жылу үшін тариф шамамен 27-30 пайызға артады деп күтілуде. Енгізілетін тарифтерді есептеу үшін біз өз түбіртектерімізді алып, жаңа тарифтерге көбейттік. Ақсу және Екібастұздан бізге түбіртектерді жолдауды сұрап, оны да есептедік. Орташа есеппен сома айына 1770 теңгеге өседі. Екібастұзда жылу төлемі шамамен 3000 теңгеге артады.

Талғат АРҒЫНОВ, «Павлодарэнергосбыт» ЖШС-нің бас директоры:

– Қазіргі уақытта компания 230 мыңнан астам абонентке қызмет көрсетеді. Оның 222,6 мыңы – тұрмыстық тұтынушылар. Тарифтерді көтерудің объективті себептері бар. Олардың негізгілері: электр энергиясына сату бағасының өсуі, «ПРЭК» АҚ, «ҚТЖ» АҚ және Сәтбаев атындағы каналдан электр энергиясын беру тарифтерінің өсуі, «KEGOC» АҚ жүйелік қызметтеріне тарифтердің өсуі. Көлік қызметтеріне, банктік сыйақыға шығындар өсті. Кәсіпорынның шығындарын да жабу қажет. Қазіргі уақытта тұтынушылардың мерзімі өткен берешегінің көлемі ғана 509 миллион теңгеден асты. Ал желідегі шағымдарға келер болсақ, «жылу энергиясы» үшін келген есептеулер – бұл ыстық судың берешегі. Жылу энергиясы дегеніміз бұл – жылу және ыстық су. Жазда әрине ыстық суға келетін қаражат жылу энергиясы деп көрсетілген. Тұтынушылар тек ыстық су үшін төлейді.

 

Ирина КИСЛИНСКАЯ,  Павлодар қаласының тұрғыны:

– Тарифті қайта-қайта көтеру әсіресе қарапайым тұрғындар үшін қиынға соғары анық. Үкімет бұл шешімдерін жекеменшік иелігіндегі кәсіпорындардағы құрал-жабдықтар, жүйелер, желілер әбден тозғанын айтып түсіндіруде. Сондықтан оларды жаңарту үшін қызмет бағасын көтеруге мәжбүр екен. Түсінбейті-німіз – ол неге халық есебінен жасалуы керек? Тұрғындар тұтынған тауары мен пайдаланған қызметі үшін ай сайын, жылдар бойы тұрақты түрде төлем жасап келеді. Ал құрал-жабдықтарды жөндеу немесе оны жаңарту сол қызметті көрсететін кәсіпорынның бас ауруы болуы керек, солар шешетін ішкі өндірістік мәселесі емес пе? Үкімет осы мәселені баса назарға алуы керек деп ойлаймын. Қазір халыққа оңай емес.

«Алаңды» үйлестірген – Алтынбек  ЕЛЕМЕСҰЛЫ.