Павлодар облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған «Эльпида» этномәдени бірлестігі жуырда 25 жылдық мерейтойын атап өтті.
Осыған орай жуырда облысымызға өзге өңірлердің грек қоғамдастық ұйымдарының төрағалары келді. «Эльпида» этномәдени бірлестігінің төрағасы Людмила Ифандопулоның айтуынша, орталық алғаш құрылған кезде ұйымға ересек адамдармен бірге жастар да қосылған. Бүгінде бірлестік әртүрлі этностардың жастарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Шығармашылық кездесулер өткізіп, концерттік бағдарламаларда өнер көрсетеді. Орталық жастарға жұмысқа орналасуға, қаланың жоғары оқу орындары мен колледждерінде оқу үшін гранттар алуға көмектеседі.
– «Эльпида» облыстық грек этномәдени бірлестігі 1999 жылы құрылды. Бүгінде ұйымға облыстың 520 тұрғыны енген. Өзге этномәдени бірлестіктің мүшелерімен бірлесіп түрлі шара ұйымдастырамыз. Орталықтың «Αναγεννηση» би ұжымы және «Ορφεασ» би студиясы бар. Жыл сайын дәстүрлі түрде қалалық демалыс саябағында грек мәдениетінің жазғы күндерін, түрлі фестиваль мен байқаулар өткіземіз. Сондай-ақ, грек халқының мәдениетін, оның рухани және адамгершілік құндылықтарын насихаттай отырып, оқу орындарының студенттерімен кездесулер өткіземіз, — дейді Л.Ифандопуло.
Мерейтойға орай өткен кездесуге Қазақстан грек қоғамдары республикалық қауымдастығының президенті Иван Грузиади және Алматы, Түркістан, Тараз, Атырау, Теміртау облыстарынан төрағалары келді. Солардың бірі – Атырау облысындағы грек этномәдени бірлестігінің төрағасы Анастасия Тайлахиди.
– Гректердің аға буыны сиреп жатқан соң байланысты үзе бастадық. Алайда Павлодар облысындағы әріптестерімізді көріп, бір марқайып қалдық. Ұйымның мерейтойы құтты болсын! – деді А.Тайлахиди. Кездесу барысында «Эльпида» бірлестігінің белсенді қатысушылары Алғыс хаттармен және мадақтамалармен марапатталды.
Өз тілшіміз.