Қазақстанда қыркүйектен бастап тағы бір заң күшіне енді. Қолдағысы бар, қаңғыбасы бар, барлық ит-мысыққа белгі салынып, жеке сәйкестендіру нөмірі
беріледі. Естеріңізде болса, бұрындары көше-көшеде топ-тобымен жүретін ит-мысықты тиісті органдар атып, ал денесін арнайы пеште жағып жіберетін. Жаңа заңға сәйкес енді мұндай әрекеттерге барғандар жауапкершілікке тартылады. Ит-мысықты ұрып, түрлі қатыгездік қарекеттер жасағандар да қатаң жазасын алады. Яғни, адамгершілікке жат қылықтарға жол берілмейді. Осы ретте, қараусыз, қаңғыбас ит-мысықты атпаса, олардың қарасы көбейіп, қоғамға қауіп төнбей ме деген сұрақ та туындауда.
Ал бұл мәселе қалай шешілмек?

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

Атуға аттап баспаңыз!

Жалпы, қаңғыбас ит-мысыққа қатысты мәселе еліміздің қай елді мекенінде болса да өзекті екені даусыз. Қаңғыбас иттің қауып алу жағдайлары да, мысықтардың түрлі инфекция тарататыны да қоғам үшін қауіпті. Сондықтан еліміз бұл іспен бұған дейін, яғни жаңа заң қабылданғанға дейін қалай күресті? Иесіз жүргендерді атып алып, арнайы пеште өртеп жіберетін. Бірақ, өкінішке қарай, одан қаңғыбас ит-мысықтың қатары азаймады. Енді еліміз әлемдік тәжірибелерге иек артты. Бұрынғыша атып тастау әрекетіміз гуманизм тұрғысынан адамға жат деп танылды. Әйтпесе, қауіп төндіретін жануарды атып тастау атам заманнан бері бар екенін білеміз. «Ит атқыштар жүр деген» ел арасында тіркес те қалыптасып алғаны мұндай істің ежелден елде барын білдірсе керек. 2000 жылдың басынан бері ит-мысықты ату ісі ветеринарлық қызмет қолына өткен екен. Оған дейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы органдары құзы-рында болыпты. Бір қарасаңыз, жануарларға қамқорлық танытып, жараланғанына ем-дом жасауы тиіс мамандардың қолына мылтық ұстатып, ит-мысықты атуға итермелеп келгеніміз қисынсыз болғанын енді ұғынғандаймыз. Қазақстанда жыл сайын қаңғыбас ит-мысықты атуға 1 млрд теңгедей қаржы бөлініп келіпті. Облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Асылтас Тілеубаевтың мәлімдеуінше, аймағымызда бұл мақсатқа жыл сайын шамамен 50 млн теңге көлемінде қаржы жұмсалып келген. Биыл заңға енгізілген өзгерістерге байланысты бұл қаражат жаңа бағдарламаларға үлестірілген.

Тіркеген соң тентіретіп жібере ме?

Жаңа бағдарламалар деп отырғанымыз, бұрынғыдай атып, көзін құртудың орнына ұсталған ит-мысыққа екпе жасау, стерилизациялау және чип салып, сәйкестендіру жұмыстары болып бөлінді. Сонымен, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау» заңына сәйкес енді қаңғыбас ит-мысықпен күрес қалай жүргізіледі? Бірден ескертейік, еліміздегі барлық ит-мысық тізімге алынады. Қаңғыбасы да, иесі барлары да арнайы базада есепке енгізілуі тиіс. Демек, әрбір тұрғын ит-мысы-
ғын жетектеп, арқалап арнайы ветеринарлық пункттерге апарып, тізімге тіркейді. Айтпақшы, заңда міндетті тіркелуі тиіс жануарлар тізімінде ит-мысықтан бөлек, теңіз шошқасы, шиншила, күзен, сәнді егеуқұйрық, тасбақа, ергежейлі шошқа, ұстауға тыйым салынбаған атжалман және маймыл бар. Десе де, міндетті ретінде ит-мысыққа басымдық беріліп отыр.

— Ендігі жерде біз қаңғыбас ит-мысықты арнайы уақытша ұстау орнына әкелеміз. Мұнда оларға мемлекет есебінен екпе жасалады, стерильдеу жұмысы жүргізіледі. Содан кейін сәйкестендіру құралы тағылып, есепке қойылады. Арнайы орындарда 60 күнге дейін ұстауға рұқсат. Содан кейін ит-мысық қай жерден ұсталса, сол жерге жіберіледі, — деді Асылтас Абылайұлы. Арнайы орындарға келетін болсақ, құзырлы органның мәліметінше қазіргі таңда Павлодар қаласының шығыс өндірістік аймағында қаңғыбас немесе иесі бас тартқан ит-мысықты алғашқы уақытша ұстауға арналған орынның құрылысы жүріп жатыр. 300 орындық жоба қазан айында аяқталады деп күтілуде. Қабырғалары темірден, ал едені ағаштан салынуда. Бұл орын қалалық тұрғын үй-коммуналдық қызмет балансында болады. Ал қызметті қалалық ветеринарлық органы жүргізеді. Мұндай орындар әр аудан-қалада болады. Бүгінде құзырлы органдар арнайы жер телімін бөлу, рәсімдеу жұмыстарына кіріскен. Бүгінде Шарбақты ауданы алғашқылардың бірі болып жерін бөліп, рәсімдеуді бастапты. Демек, мемлекет енді қаңғыбас ит-мысықтардың санын реттеуді аталған тәсіл бойынша жүргізеді. Стерильдеу деген — оның ары қарай өсіп-өнуіне тосқауыл қою әдісі. Мамандар көшеден ұстап алған ит-мысықтың иесі бары арнайы базадан анықталса, онда мұндай жануарларға стерильдеу сынды шаралар қолданылмайды. Тіркелген иесіне қайтарылады. Тағы бір ескеретіні, құзырлы орган мамандары ит-мысық адамның өмірі мен денсаулығына аса үлкен қауіп төндіріп жатса, яғни, шұғыл жағдайлар кезінде оны атып жіберуге заң рұқсат етеді. Жыл сайын облыста ит-мысықтың тістеп, тырнап алудың шамамен 500-дей дерегі тіркеледі. Үлкен-кішісі бар. Негізі, мамандардың мәлімдеуінше, көп жағдайда қаңғыбас ит-мысық емес, босап кеткен байлаулы иттерден қауіп көбірек. Өйткені, байлаулылары ашулы келеді. Жолында кезіккенін жайпап өтуге әзір болады.

Таңдау — сізде

Бір жағынан қарасақ, әр нәрсенің иесі болғаны жөн. Себебі, қажет кезде сұрауы болады. Міне, осыны ескерген үкімет заң арқылы жұрттың жауапкершілігін арттыруды көздеп отыр. Кейбір ит-мысық иелері қолдағыларына тиісті қырағылық танытпай, өзгенің өміріне қауіп төндіріп жататыны жасырын емес. Осы тұрғыдан алғанда үйдегі ит-мысықты да есепке алудың пайдасы болады деп күтілуде. Үйдегі ит-мысығын тұрғындар қайда барып тіркеп, тиісті сәйкес-тендіру құралын қойғызады? Мемлекет таңбалаудың түрлі тәсілін ұсынып отыр. Олар — асқазан-ішек жолдарына енгізілетін болюс- тар, білезіктер мен қарғыбаулар, электрондық белгілер, құлағының ортасына тағылатын сырғалар, татуировка, терінің астына салынатын чиптер. Міне, осы тәсілдердің ішінде соңғысын тұрғындар да, ветеринарлық дәрігерлер де жөн көреді. Себебі, тіршілік иесіне тіпті зияны жоқ. Денесіне енгізгенде де еш ауырсыну болмайды. Шприц арқылы терінің астына кіргізілетін күріштің дәніндей-ақ заттың бар-жоғы да білінбейтін көрінеді. Тек арнайы құралмен сканерлеу арқылы анықтауға болады.

Саналы түрде салғызғандар бар

Павлодар қаласындағы «Жан» ветеринарлық клиникасының меңгерушісі Раушан Смакова да чип салу тиімді тәсіл деп есептейді.

— Кез келген тіршілік иесі болсын, зат болсын, қожайыны заң жүзінде бекітіліп тұрғаны ең дұрысы деп санаймын. Сондықтан, ит-мысыққа белгі салып, есепке алу өте қажет. Кейбірі үй жануарына қауіпсізі қарғыбау тағу деп есептейді. Бірақ, ол сенімсіз. Жұлқынып, қашып кетсе, иесін табу қиынға соғады. Сырға, татуировка салу ит-мысыққа ауыр болады. Қысқасы, чип салу — ең жеңіл әрі сенімді түрі. Мұнда күріштің дәніндей көлемдегі биоактивті шыны қос жауырынның ортасына немесе жотасына енгізіледі, —
дейді Р.Смакова. Аталмыш клиника күніне 15-20 ит-мысықтан қабылдайды. Бұл жұмыс мамыр айынан бері жүйеленіп келе жатқанын айтады. Яғни, қыркүйекте талап міндетті болғанға дейін саналы түрде үй жануарын таңбалауға ден қойғандар бар. Төрт айда бұл емханада 250 ит-мысық тізімге алыныпты. Ал жалпы чип салу он жылдан бері жүзеге асып келеді. Ол кезде көбінде ит-мысығын шетелге бірге алып шығатындар осы қызметке жүгініп келген. Бұл клиникада ит-мысыққа белгі салу және тіркеу құны 4500 теңге тұрады. Мәселен, павлодарлық «Форвард» клиникасының ветеринарлық дәрі-
гері Яна Вагабова да үй жануарларына белгі салуды құптайды. Тек еліміз бойынша барлық ит-мысық-
ты тіркейтін жүйе біреу ғана болса деген тілегін білдірді. Айтуынша, бірнеше өңір «Tanba» базасын таңдаған. Өзге өңірлерде тағы басқа жүйе түрі кездеседі. Сонымен қатар, жүйеге мәліметті енгізу процесі баяу жүретінін алға тартты. Бұл клиенттерге жылдам қызмет көрсетуге кедергі.

— Тіркеуге әкелген үй жануарын біз суретке түсіреміз, оған қатысты барлық мәліметтерді базаға енгіземіз. Әрбіріне 30 минуттай уақыт кетеді. Егер жүйеде ақау болса, біраз күтуге тура келетін кездер болады. Осыны ескеріп, күніне 5 мысық, 5 ит тіркеп, чипін саламыз. Себебі, клиникамыз өзге де ветеринарлық қызметтер көрсетеді. Олар алдын ала жазылады. Қызмет кұны – 2500 теңге, — дейді ветеринарлық дәрігер. Заң шықпай тұрып, әлемдік тәжірибеге сүйеніп, саналы түрде белгі салғызып, ит-мысығын есепке қойғандар да бар. Сондай тұрғындардың бірі – Оксана есімді павлодарлық тұрғын. Ол екі жыл бұрын кішкентай овчарка тұқымды итіне чип салғызған. Тіркеуге де қойылған. Қазір жаңа базаға енгізілді. Бұл қадамының дұрыс болғанына мына оқиғадан кейін көз жеткізіпті.

— Бірде ветеринарлық клини-калардың біріне көмек алуға келдік. Бір жас жұбайлар қолымдағы күшікке көп қарады. Біраздан кейін жақындап, өздерінің дәл осындай иттерін жоғалтып алғанын айтты. Мен күшігімнің арнайы тіркеуде екенін, өзімдікі екенін көрсеттім, — дейді Оксана. Ол осындай жағдайларда сирек кездесетін үй жануарларын өзгенің таласынан аман алып қалудың заңды жолы –
дәл осы тіркеуге қою деп есептейді.

Ақы алмайды

Қолында бірнеше мысық, ит ұстайтындарға жекеменшік клини-калардағы қызмет құны қымбатқа түсуі мүмкін. Бағаны сылтау етіп, міндетті тіркеуді кейінге шегеріп жүріп алуы да әбден мүмкін. Мұны да мемлекет ескеріп отыр. Аудан-қала орталықтарындағы мемлекеттік ветеринарлық станциялар мен ауылдық елді мекендердегі пункттерде қызмет құны — 800 теңге. Аймағымыздағы аз қамтылған отбасылар ит-мысығын тіркеп, заңға сай белгісін қойғызғысы келсе, ветеринарлық станциялар мен пункттерге баруына болады. Оларға бәрі тегін жүргізіледі. Осы мақсатқа облыста 6,3 млн. теңге қарастырылып отыр. Енді көп адам «тіркемесек, не болады?» деген сұрақ қоюы мүмкін. Құзырлы органдар үй-үйді аралап, тіркемегендерді жазалауды мақсат тұтпайды. Айыппұл арқалатуды ойламайды. Алайда, ит-мысығыңыз кімде-кімге зақым келтірсе, мазасын алса, итіңіз абалап, ары-бері өткен адамға қауіп төндірсе, түскен арыз бойынша мамандар тексеріп келуге құқылы. Тексеріс кезінде үй жануарыңыз ешқайда тіркелмеген болып шықса, 10-20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салады.

 

Аймақтың аудан-қала орталықтарындағы ветеринарлық станциялардың мекенжайлары:

Павлодар қаласы мен Павлодар ауданы — Қамзин көшесі, 352/1

Екібастұз қаласы — Гридин көшесі, 43

Ақсу қаласы — Вокзальная  көшесі, 17

Тереңкөл ауданы — Байтұрсынов көшесі, 234

Баянауыл ауданы — Әуезов  көшесі, 19

Железин ауданы — Чкалов көшесі, 1

Шарбақты ауданы — Веткомплекс, 8/2

Успен ауданы — Терешкова көшесі, 28

Ақтоғай ауданы — Думатов көшесі, 13

Май ауданы — Қазбек би көшесі, 15

Аққулы ауданы — Амангелді көшесі, 84 А