Аймағымызда биыл республикалық бюджет есебінен баспанаға мұқтаж жандарға 212 пәтер сатып алынып, жалға берілуі тиіс. Бұл мақсатқа республика қазынасынан 2,9 млрд теңге қарастырылған. Алайда, жылдың соңғы айы басталса да небары 35-і ғана сатып алынған. Яғни, қаражаттың 16,3 пайызы ғана игерілген.
Бұл жөнінде облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында облыстық құрылыс басқармасының басшысы Асқар Әжмұрат мәлім етті. Жиында аймақтағы жалпы тұрғын үй құрылысының ахуалы айтылды. Он айда 296 мың шаршы метр баспана қолданысқа берілген. Биыл облыста жалға берілетін 800 пәтер сатып алуға 12,3 млрд теңге қарастырылған. Оның 592-сі кейін сатып алу құқығымен жалға берілсе, республикалық бюджет есебінен алынатын 212 баспана сатып алу құқығынсыз үлестіріледі. 592 пәтердің бүгінде 373-і сатып алынған. Ал республикалық қазынадан қарастырылған қаржыға алынуы тиіс 212 пәтердің әлі 130-ына конкурс жарияланбаған. Себебі, кейбір аудандарда құрылыс жұмыстары аяқталмай жатқан көрінеді. Бұл ретте, қауіп Успен, Тереңкөл, Ертіс аудандарында байқалып отыр. Республикадан бөлінген қаражат игерілмесе, ол кері қайтарылады. Мұндай жағдайға жол берілсе, облыстан қолдаудың болмайтынын кесіп айтты. Тереңкөл ауданының әкімі 24 пәтерлі үйге жылу беріліп, ішкі әрлеу жұмыстары күні-түні жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Айдың соңына дейін игеріледі деп сендірді. Успен ауданының әкімі де 25 желтоқсанға дейін реттейтінін уәде етті. Павлодар қаласында республика қазынасына 75 пәтер сатып алу конкурстары жарияланып, 20 желтоқсанға дейін сатып алынатыны мәлім болды.
Аймақ басшысы Асайын Байханов мұндай жағдайға жеткізген аудан әкімдерін қатаң сынға алды. Тіпті, өзінің бірінші орынбасарынан бастап, құрылыс басқармасы басшысы құрылыс алаңында түнесе де, баспаналар түгел тапсырылуы тиіс екенін ескертті. Ал жоспарды орындамағандарға қатаң шаралар қолданылатынын да атап өтті.
— Егер республикалық бюджеттің қаржысы игерілмесе, облыстан қаражат бермеймін. Жыл сайын әкімдер бюджеттік комиссияға келіп, тұрғындардың қажеттілігіне деп қаржы сұрап алады. Игереміз деп уәде етеді. Ал жыл соңында сол қаражатты игеру үшін бірге жүгіріп қаламыз. Қолдарыңызға қолғап, аяқтарыңызға етік киіп, құрылыс алаңына қонсаңыздар да, жоспар орындалуы тиіс. Қаншама жылдан бері күтіп жүрген баспаналарына тұрғындар кіруі керек. Бұл – ел Президентінің тапсырмасы. Сайлауалды бағдарламасының бір бөлігі. Бұл ұлттық жобаның орындалмауына жол берілмейді. Баспанамен қамту халықтың әл-ауқатын арттырудың басым бағыты екенін ұмытпаңыздар, — деді облыс әкімі А.Байханов.
Айта кетейік, жалға берілетін пәтерлерден бөлек, аймағымызда тұрғын үй құрылысының екінші бағыты – несиелік үйлер салу да іске асуда. Қазіргі таңда 14 көпқабатты үй бой көтеруде. Павлодар қаласында 4, Екібастұзда 3 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Ақсуда көп қабатты екі үй салынып қойды.
Г.ТҮГЕЛБАЙ.