Ырысгүл ШАҚАМАН, Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты.

1986 жылы Желтоқсан оқиғасы кезінде, Алматы Қыздар педагогикалық университетінің филология факультетінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша соңғы курста оқып жүр едім. Сабағымыз аяқталып, бөлмеге келген соң, мен: «Қыздар, бұлай отырған дұрыс емес, жиналып, митингіге шығу керек қой. Мынау – сұмдық, біздің елді бөтен ұлттың өкілі басқармақ па?» деген сияқты ой тастадым. Олардың мені қостамағанына ренжіген жоқпын. Алдағы күннің не болатынын ешкім білмейді. Сондықтан мен өзім іштей қынжылып, ертеңге дейін үндемей жүрдім. Ертеңінде Бағира топтас құрбымыз жүгіріп келіп: «Рая (студент кезімде осылай атайтын мені), сенің арманың орындалды, митингіге шығуға осылай қарай бір топ жас келе жатыр!» деді.
Бейбіт, тыныш мақсатта үкімет адамдарымен сөйлесіп, ойымызды айтып, сұрағымызға жауап алып қайтамыз деп келе жатырмыз. Алаңға да келіп жеттік. Келсек, бізге дейін де қаншама адам жиналып қалыпты. Көңіліміз жайланғандай болды. Халықтың жиналғанына қуанып: «Бар екен ғой біздің халық, намысымыз бар екенін көрсетейікші» деп күтіп тұрдық.
Бір кезде жан-жағыма қарасам, солдаттары бар жүк, өрт сөндіретін машиналар ағылып келіп жатыр. Халықтың бүгінгі күнгі жиналуы да бос әурешілік, тек енді қудалаушылық басталатынын түсіндім. Дағдарған, күйінген оймен қанды төбелестен әзер қашып, жатақханамызға келдік. Терезе, есіктерді көрпемен жауып, шам жағып, не істейміз деп отырдық.
Ертеңінде таңертең сағат 9-дарда 4-қабаттан түсіп, сыртқа бет алып едім, вахтада өзім қатты сыйлайтын декан, филология ғылымының докторы, профессор Сейілбек Исаев ағамыз кезекшілікте отыр екен. Мені көріп: «Сен қайда барасың?» — деді. Мен де саспастан «Апайымның үйіне» деп едім, шығуыма рұқсат берді. Сөйтсе де, өтірік айтып, апайым жұмыс істейтін қазіргі С.Бегалин атындағы балалар кітапханасына дейін автобуспен жетіп, апайыма есеп үшін кіріп шықтым да, сол арадан алаң жаққа жаяу кеттім. Келсем, алаңда жастар легін қарулы милиционерлер әрі-бері қудалап, қолға түскендерді ұрыпсоғып жатыр. Басқалармен топ ортасында қоршауда қалып қойдым. Бір кезде ұзын бойлы, өңі жұқалау келген қазақ милиционері мені көріп: «Қарындас, кет, кет бұл жерден» дегенде, оның көзіне көзім түсіп кетіп, тұрып қалдым. Оның кім екенін білмесем де, милиционердің арасында бізге араша түсетін адамдардың болғаны көңілді жұбатқанмен, қазақ жастарына үлкен кесапат тигенін сол уақытта ғана анық ұқтым.
Сөйтіп, жылдар өте берді. Біз жан-жаққа тарап, жолдамамен ауылдық жерге жұмысқа орналасып кеттік. Мен Павлодар облысы Шарбақты ауданы Қызылтаң ауылында үш жыл жұмыс істедім. Күндердің күнінде сол оқиға туралы әңгіме болар ма екен деген ой мазалап жүрді. Бір күні «Қазақ әдебиеті» газетінің бір нөмірінен Олжас Сүлейменовтің Желтоқсан оқиғасы жайындағы ойын жазған мақаласынан жастар көтерілісінің дұрыс екенін, оларды кінәлау, қудалаудың болмау керектігі жайындағы пікірін оқып, арқам кеңіп сала берді. Олжас Сүлейменовтің сол мақаласы тұншыққан ойды шығаруға, жариялауға жол ашты…