Өткен демалыс күндері Павлодар облысында дүлей дауыл соғып, жүзден аса ғимаратқа зақым келгені мәлім. Осы орайда Павлодар қаласының әкімі өңірде төтенше жағдай режимін енгізуді тапсырды. Қазіргі уақытта құтқарушылар табиғи апат салдарын жойып жатыр. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.

 

«Ашық НҚА» порталында табиғи сипаттағы төтенше жағдайға байланысты Павлодар қаласының әкімі
Хасар Хабылбековтің шешімі жарияланды. Құжат жобасы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі қалалық комиссиясының кезектен тыс отырысының хаттамасы негізінде әзірленіп отыр. Жалпы, мұндай шешімдер төтенше жағдайдың салдарын жылдам жою үшін қабылданатынын айта кетейік. Табиғи сипаттағы төтенше жағдайдың жариялануы бюджет қаржысын жедел бөлу және тағы басқа шараларды шұғыл атқаруға мүмкіндік береді.

Қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, ағымдағы жылдың 10 қаңтарында жылдамдығы секундына 30 метрден асатын қатты жел кезінде зақымданған 454 қалалық толық трансформаторлық қосалқы стансасын қалпына келтіру үшін жергілікті ауқымдағы табиғи төтенше жағдай енгізілуде. Бұдан бөлек, қатты дауылдың салдарынан қалада 42 ғимараттың шатыры зақымданып, 100-ден астам елді мекенде электр қуаты өшіп қалды.

– «Павлодар қаласының, Павлодар қаласы Ленин кентінің, Павлодар қаласы Жетекші, Мойылды, Павлодар ауылдарының және Павлодар қаласы Кенжекөл ауылдық округінің аумағында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялансын. Жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жою басшысы болып Павлодар қаласы әкімінің жетекшілік ететін орынбасары тағайындалсын, – делінген құжатта.

Онымен қоса, жақында «Ашық НҚА» порталында Ақтоғай ауданы Жалаулы ауылдық округінің Шолақсор ауылында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жариялау туралы құжат жарияланды.

Естеріңізге сала кетсек, былтыр 29 желтоқсанда қатты дауыл аталмыш елді мекендегі мәдениет үйінің шатырын жартылай ұшырып әкеткен болатын. Жойқын желдің салдарынан құлаған шатырдың ауданы 330 шаршы метрді құрады. Сметалық сараптамаға сәйкес жөндеу жұмыстарына 10 миллион теңгеден астам қаражат қажет.

Ақтоғай ауданының әкімдігінде аталмыш мәселеге қатысты пікір білдіріп, қазіргі уақытта Шолақсор ауылын-дағы мәдениет үйінің шатырын жөндеуге байланысты құжат ҚР нормативтiк-құқықтық актілерiнiң эталондық бақылау банкi жүргізетін қағидамен бекiтiлетінін айтты. Яғни, соңғы шешім уәкілетті органның құзырында.

Айта кетейік, өткен жылы Шолақсор ауылдық мәдениет үйінің ғимараты және шатыры 45,5 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өтті. Мердігер компания – «ГрадСтройСервис» ЖШС. Өз кезегінде аталған компания өкілдері кепілдік мерзімі төтенше жағдай жариялануына байланысты жарамсыз деп танылуын алға тартып отыр.

Өз тілшіміз.