Асыл дінімізде «Уақып» ұғымының мәні мен мағынасы тереңде. Уақып сөзінің терминдік мағынасы «ұстау», «тоқтату» дегенді білдіреді. Ал шариғаттағы ұғымы —
бір дүниені ұзақ уақыт ел игілігіне қайырымдылыққа беріп, тоқтаусыз сауапқа кенелу, ұзақ уақыт жақсылығы мен шарапатына бөлену.
Исламтанушылардың сөзінше, қасиетті Рамазан айының үш тұғыры бар. Олар – ораза ұстау, Құран оқу және қайырымдылық жасау. Осы жолы қайырымдылық пен садақаның уақып түрін сөз етпекпіз. Иә, қайырсадақаның түр-түрі бар. Әркім қолынан келгенін жасауға тырысады. Бір адам кедей-кепшікті киіндіруді мақсат тұтса, енді бір
адам аш адамның қарнын тойдырып, алғыс-батасын алуға асығады. Тіпті, жығылғанға демеу, сүрінгенге сүйеу, жылағанды жұбату, мұңайғанмен сырласудың өзі қайырымдылық пен садақаның бір түрі деп білеміз. Ал мұның сауабы шектеулі, аш-жалаңаш адамның қайта қарны ашып, алып берген киімі қайта тозғанша ғана жалғасуы мүмкін. Ал уақып қайырымдылығының бұлардан ерекшелігі мен артықшылығы оның сауабының үзілмей, қиямет күніне дейін жалғасуында. Бұған қандай амалдар жатады дегенге тоқталайық. Бұған мұсылман жамағаты бес уақыт намаз оқитын мешіт салу, шәкірттерге діни білім беретін медресе ашу, сәбилерді тәрбиелейтін балабақша, келешек ұрпаққа кемел білім беретін мектеп, ауырғанды емдейтін аурухана салу секілді өте ауқымды қайырымдылық істері жатады. Яғни, жеке бір адамға емес, бүкіл қоғамға пайдасы тиетін мемлекеттік деңгейдегі ірі жобаларға демеушілік ету уақып амалының құрамына кіреді. Әрине, мұндай амалдың сауабы сіз салып кеткен ғимарат жұмысын тоқтатқанша жалғасады деген сөз. Ал тоқтамаса, сіздің жеті ұрпағыңызға дейін жалғасып, бүкіл әулетіңізге жақсылығы мен шарапаты тиеді деп түсінеміз. Ардақты Пайғамбарымыз: «Егер адам баласы бұл өмірден өтсе, бүкіл амалдары тоқтайды. Тек үш жағдайда ғана амал дәптері жазыла береді: жалғасып тұратын садақа, пайдаға асқан ілім және дұға жасайтын салиқалы ұрпақ», – деген. Міне, «Жалғасып тұратын садақа» дегеніміз осы уақып амалының садақасы деп түсінген дұрыс болар.
— Асыл дініміздің тарихында уақып амалына қатысты ғибратты оқиғалар көптеп кездеседі. Хазірет Омар Хайбар соғысында бір жерді иемденеді. Бір күні осы жер хақында кеңесу үшін ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Уа, Алланың елшісі! Мен Хайбар соғысында бір жерді меншігіме алдым және ондай байлыққа бұған дейін ие болмадым. Бұл жер хақында маған қандай әмір бересіз?» – деп сұрайды. Ардақты Пайғамбарымыз: «Егер қаласаң ол жерді уақып қыл да, одан түскен пайданы садақа етіп отыр», – деп кеңес береді. Бұл «Ислам тарихындағы ең алғашқы уақып» деп санаған, — деді Умар Әл-Фарух мешітінің бас имамы Ақтөре Әліпбайұлы.
Біздің бабаларымыз да уақып амалына ерекше мән берген, ауқатты да дән-дәулетті адамдар осындай ұлы істерге көптеп ұйытқы болғанын білеміз, тарихтан оқимыз. Соған бірер мысал келтірер болсақ: Әлемге әйгілі билеуші Сұлтан Бейбарыс бабамыздың Мысыр еліне салған мешіті әлі күнге дейін бар. Сонымен қатар, Ислам жұртына ардақты үш мешіт: Меккедегі Харам мешітін, Мәдинадағы Пайғамбар мешітін, Құддыс қаласындағы Әл-Ақса мешітін жөндеуден өткізіп, үлкейтіп бергені белгілі. Абайдың әкесі Құнанбай қажы болса Меккеге қажылық жасай барып, «Тақия» атты қонақүй тұрғызып, уақып жасаған. Әкесінің бұл игі ісі жайында Хакім Абай:
Меккеде уақып үй салып,
Пәтер қып, жаққан шырақты.
Бір құдайдың жолына,
Малды аямай бұлапты, – деген.
Одан бөлек, ұлт ұстазы, белгілі ағартушы Ыбырай Алтынсарин де қазақ даласында, Торғай өңірінде мектеп салдырып, қаншама қазақ баласының білім алуына ықпал етті. Ол мектептен жүздеген қазақ жастары білім алып, еліміз үшін еңбек етті. Бұл тарихта кездесетін мысалдардың бір шеті ғана. Бұдан басқа да көп дерек келтіруге болады.
Тілеуберді САХАБА.