Еліміздегі жұмыс күші көп өңірлерден азаматтарды солтүстік облыстарға көшіру бағдарламасы бары белгілі. Соған сәйкес, қоныс аударушылар тұрақты жұмыс орнымен қамтылып, оларға баспана алуда көмек көрсетілуі тиіс. Бұған дейін облыстық прокуратура өкілдері аталған бағытта қазынаның жарты миллиард теңгеден астам қаржысы қолды болғанын мәлімдеген еді. Аталмыш жағдайға, жалпы өңірдегі көші-қон мәселесіне байланысты жергілікті билік түсініктеме берді.
Естеріңізге сала кетейік, таяуда облыстық прокуратура жүргізген тексеріс нәтижесінде облыстың алты ауданында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» бағдарламасы аясында көптеген кемшілік орын алғаны белгілі болды. Басты «былық» — 600 млн теңгенің жымқырылуы. Ашығын айтқанда, қоныс аударушыларды қаржылай қолдауға бөлінген қаражатты иемденудің тұтас тізбегі құрылғаны әшкере болды. Яғни, баспана сомасының жартысын мемлекеттен алу үшін үйлердің бағасы әдейі 8 млн теңгеге дейін жоғары етіп көрсетілген. Сөйтіп, пысықайлар 4 млн теңгені қалтаға басып келген. Ал шын мәнінде қаңырап бос тұрған үйлер 500 мың теңгеден бастап сатып алынған. Тіпті, жекелеген жағдайларда Мансап орталығының қызметкерлері оңтүстік өңірлерге барып, белгілі бір сомаға жергілікті тұрғындарды тауып, олардың атына құжаттар рәсімдегені белгілі болды. Алайда бұл азаматтар біздің аймаққа мүлде келмеген. Аталмыш жағдай Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлімі «Алаяқтық» бойынша тіркелген еді.
Бұрнағы күні Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі бұл жайтқа қатысты түсініктеме берді.
— Экономикалық ұтқырлық сертификаттары бойынша қаражатты төлеу туралы шешім мемлекеттік органдардың араласуына жол берілмейтін тұрғын үйді сатып алу — сату келісімшарты ұсынылғаннан кейін шығарылады. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта үйлерді сатушылар мен қоныс аударушылар арасында баспана бағасын көтеру туралы өзара келісу жағдайлары анықталуда. Алайда, экономикалық ұтқырлық сертификаттарын беруде жұмыс органы болып табылатын Мансап орталықтарының функционалында мұндай фактілерді анықтауға және жолын кесуге мүмкіндік беретін құқықтық өкілеттіктері жоқ. Біз прокуратура органдарының қоныс аударушылардың алған бюджет қаражаттарын тексеруге араласуын құптаймыз және оларға жан-жақты қолдау көрсетеміз. Сонымен қатар, Павлодар облысының мемлекеттік қызметшілеріне қатысты жылжымайтын мүлікке жоғары бағаларды көрсете отырып келісімшарттар жасау, сертификаттарды заңсыз беру және олар бойынша жүргізілген төлемдерді жымқыруға қатысу жөнінде шағымдар жоқ екенін атап өтеміз, — деп мәлімдеді жергілікті билік өкілдері.
Жалпы, 2017 жылдан 2023 жылға дейін бағдарлама аясында қоныс аударушыларға тұрғын үйді жалға алу шығындары өтеліп келген еді. Ол кезде төлем көлемі 15-30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде болды. 2023 жылдан бастап тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін қоныс аударушыларға қаржылай көмек көрсетуге мүмкіндік беретін мемлекеттік экономикалық ұтқырлық сертификаты енгізілді. Сертификат тұрғын үй құнының 50 пайызы, бірақ, 1160 АЕК-тен аспайтын көлемде беріледі. Былтыр өңірдегі Мансап орталықтары осындай 542 сертификат беріп, олар бойынша
1,9 млрд теңге қаражат төленді.
Бұл ретте облыс басшылығы аталған мемлекеттік бағдарламаның басым тұстарына да тоқталды. Өңірге көшіру бағдарламасы басталғалы біздің аймаққа 20 мыңға жуық қоныс аударушылар мен қандастар көшіп келген екен. Олардың 48 пайызы — әртүрлі біліктілігі бар еңбекке қабілетті жастағы адамдар. Келгендердің жартысы — мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балалар.
Осы орайда балалардың келуі ауыл мектептеріндегі оқушылар санының көбеюіне оң әсерін тигізіп, тіпті кейбір жағдайда мектептердің жабылуының алдын алғанын атап өту керек. Мәселен, Аққулы ауданының Майқарағай ауылының мектебінде бұған дейін 26 бала білім алды. Ал соңғы екі жыл ішінде мұндағы оқушылардың саны 69 шәкіртке дейін өсті. Шарбақты ауданының Шегірен ауылында да оқушылар саны екі есе өсіп, 70-тен 140 балаға дейін жетті. Қоныс аудару жобасын іске асыру Ақтоғай ауданының Барлыбай ауылында, Тереңкөл ауданының Жаңақұрылыс ауылында, Успен ауданының Ольгино, Белоусовка, Қаратай, Константиновка ауылдарында және т.б. бірқатар елді мекенде оқушылар санының өсуіне ықпал етті.
Өз тілшіміз.