Облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Ақтоғай ауданына барды. Алдымен аймақ басшысы Жалаулы ауылындағы су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылыс барысымен танысты. Сондай-ақ, жұмыс сапары аясында аймақ басшысы аудандағы дезинсекциялық іс-шараларды тексерді.

 

Естеріңізге сала кетсек, Жалаулы ауылындағы 14 үй көктемгі су тасқыны салдарынан зардап шеккен болатын. Олардың бесеуі арнайы комиссияның шешімімен тұруға жарамсыз деп танылды. Осылайша ағымдағы жылдың сәуір айының басында облыс әкімінің тапсырмасымен аталмыш елді мекенде жаңа бес тұрғын үйдің құрылысы басталды. Айта кетейік, жаңа тұрғын үйлердің құрылысына ERG тобы қаражат бөліп, демеушілік жасауда.

— Біз үшін үйлерді жерлестері алдында парызы мен жауапкершілігін сезінетін осы аудандағы кәсіпкердің салуы маңызды болды. Сол себепті бүгінгі тұрғын үйлердің құрылысына жауапты бас мердігер ретінде осы ауданның жергілікті тұрғыны әрі ірі кәсіпкерлерінің бірі таңдап алынды. Біз ауыл шаруашылығының білікті маманы, халық қалаулысы Александр Терентьевке қазіргі жүріп жатқан құрылысты толығымен сеніп тапсырдық. Тұрғын үйлердің сапасына да халық алдында өзің жауап бересің дедік. Бұл — бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің көрінісі. Бүгінгі таңда бірқатар тұрғын үйлердің құрылысы аяқталуға жақындап қалды. Жаңа баспаналар заманауи құрылыс материалдарынан салынып жатыр. Үйлер жылыту, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерімен қамтамасыз етіледі. Жергілікті тұрғындар да құрылыс барысын бақылауда ұстауда. Тұрғын үй ауданының жалпы көлемі 102 шаршы метрді құрайды. Құрылысты маусымның соңы – шілденің басында аяқтап, жаңа тұрғын үйлердің кілттерін иелеріне табыстауды жоспарлап отырмыз, – деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар, облыс әкімінің айтуынша, мұндағы әр үйге берілген жердің көлемі – 10 сотық, 0,1 гектарды құрайды. Жергілікті тұрғындар жаңа тұрғын үйлердің қасына қора-жайлар салу үшін апаттық деп танылған үйлерін бұзып, құрылыс материалдарын пайдалана алады. Алайда бұрынғы жер телімдері үйлердің құрылысына пайдаланылмайды, мемлекеттің меншігіне қайтарылады. Яғни кез келген құрылысқа тыйым салынады. Себебі, аталған учаскелер су басу ықтималдығы жоғары төменгі аймақтарда орналасқан.

— Құрылысы жүріп жатқан жаңа баспаналардың ерекшелігі – төбелері биік, үйдің іші жылы болуы үшін қабырғалары жылыту материалдарымен қапталған. Құрылысқа толығымен заманауи материалдар қолданылуда. Мәселен, үйлердің қабырғалары газобетоннан тұрғызылып, сырты силикат кірпішпен қапталған. Үйлердің ішінде дәретханасы болады. Жылыту қазандығы тұратын арнайы орын да қарастырылған. Барлық жаңа үйлерді ауылдағы биік жерге салу тапсырылды. Қазіргі уақытта құрылыста 30 адам және 2 бірлік техника жұмыс істеуде. Қысқа ғана уақыт аралығында бес үйдің қабырғалары бой көтеріп үлгерді. Екі үйде жұмыстар 90 пайыз орындалды, бөлмелерді әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Қалған үйлерде жұмыстар жалғасуда, — деп толықтырды ол.

Сондай-ақ, Асайын Байханов Павлодар облысы су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға еліміз бойынша алғашқы болып төлем аударған аймақтардың бірі екенін еске салды. Атап өтсек, 28 наурыз бен 12 сәуір аралығында су тасқыны кезінде мүлкі әртүрлі дәрежеде зардап шеккен облыс тұрғындарынан түскен барлық жүзден астам өтінім бойынша өтемақы төленді.

– Жергілікті тұрғындардан барлығы 125 өтініш түсті. Біреулердің қысқа дайындаған тосап, басқа да өнімдері сақталған жертөлесін су басса, енді бірінде толық су басқан үйлер апаттық  деп танылды. Ондай алты үй болды. Шарбақты ауданында демеушілердің есебінен бір үй сатып алынды, ал бұл жерде жаңадан бес үй салынады деп шешім қабылданды. Барлығы «ERG тобы» тарапынан қаржыланды-рылды, – деді Асайын Байханов.

Сонымен қатар, аймақ басшысы алдағы уақытта Жалаулы ауылын су тасқынынан қорғау мақсатында аталмыш елді мекеннің шетінде қазаншұңқыр қазылып жатқанын жеткізді. Көктемгі қарғын суға арналған қазаншұңқырдың терең-
дігі 3 метрді құрап, жалпы көлемі 200 мың текше метр су сақтауға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ, адамдар мен жануарлардың қауіпсіздігі үшін жасанды су қоймасының айналасына қоршаулар орнатылады.

Бұдан бөлек, жұмыс сапары барысында облыс әкімі аудандағы дезинсекциялық іс-шараларды тексеріп, қанатты зиянкестермен күресудің кешенді жоспарын пысықтап өтті. Облыстағы дезинсекциялық іс-шараларға жауапты бас мердігер биыл шыбын-шіркеймен күресуді күшейту мақсатында кәсіпорын 500-800 метр қашықтықты қамтитын екі қуатты аэрозоль генераторымен толыққанын жеткізді. Заманауи қондырғылар мердігердің өз қаражаты есебінен сатып алынды және қажет болған жағдайда бүкіл аймақ бойынша пайдаланылатын болады.

Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаеваның мәліметінше, Ақтоғай ауданындағы жайылманың 81 пайызын су басты, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе артық. Аудан бойынша әуеден өңделетін аумақ та 20 мың гектарға дейін ұлғайтылды.

— Әуеден өңделетін алқаптардың жиектерін өңдеу 23 сәуірден, ал, әуеден өңдеу 5 мамырдан басталды. Бүгінгі күні жоспарланған 52 ұшудың 12-сі орындалды, биологиялық препаратпен 4,6 мың гектар аумақ өңделді. Сондай-ақ, 17 мамырдан бастап Ақтоғай, Приреченск, Мүткенов, Қожамжар, Қайнар ауылдарында тосқауылды өңдеу басталды. Ғылыми топтың ұсынымдарына сәйкес аудандағы барлық 17 жағалау бойында орналасқан ауылдарды — Қараой, Жамбыл, Қайнар, Қожамжар, Приреченск, Ақтоғай, Жоламан, Әбжан, Мүткенов, Естай, Жаңабет, Жаңатап, Исантерек, Жаңауыл, Қараоба, Әуелбек, Өтес ауылдарын тосқауылмен қамту жоспарлануда, — деді басқарма басшысы.

 

Алтынбек  МҰҚЫШЕВ, Жалаулы ауылы, Ақтоғай ауданы.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.