16 мамыр күні «Saryarqa samaly» газетінің «Жас times» жастар қосымшасында Диас Жанбектің «Газет оқырманымен ғұмырлы» атты мақаласы жарық көрді. Автор баспасөздің бүгінгі бет-бейнесі, оқырман қауымды тарту жолдарына тоқталған екен. Бұл мақалаға қатысты мен де өз пікірімді білдіруді жөн санадым.

 

Газет — халық тағдыры, қоғам айнасы. Ахмет Байтұрсынұлының «Газет — халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген сөзі бүгін де өзектілігін жойған жоқ. Қоғам өмірінің айнасы, жеделдіктен гөрі тереңдікті талап ететін газеттің ғұмыры мен үшін шексіз.

Аймақтың айнасына айналған газет оқырмандарының қашан да талғамы мен талабы зор екені сөзсіз. Әр сала өз арнасында жаңарып, жасарып, түрленсе де, ғасырлар бойы өз құндылығын жоғалтпаған газеттің ерекшелігі оның деректілігі, байыптылығы, нақтылығы болмақ. Заман қаншалықты алға озып дамыса да ақпарат кеңістігінде басылымның орны қашанда бөлек. Себебі, газет — көнеден келе жатқан дәстүрлі ақпарат көзі.

Қазақтың рухын оятып, тілі мен сөзін түзеуге талпынған Алаш зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетін шығарған. Кейін Ахмет атамыздың ізін жалғар елімізде көптеген газет-журнал шыға бастады. Соның бірі де бірегейі – іргесі 1929 жылы қаланған өңірлік «Saryarqa samaly» газеті. Алғашында «Кеңес туы» деген атпен жарыққа шыққан газет кейін «Қызыл ту», «Тың өлкесі» атанып, социалистік өмірдің бейнесіне айналды.

Қоғамдағы проблемаларды назардан тыс қалдырмай қалтқысыз қызмет еткен бұл басылымның негізін қалаған алғашқы редактор — Бейсембай Кенжебаев. Тарихы тереңде жатқан басылымда Әзілхан Нұршайықов, Мұзафар Әлімбаев, Зейін Шашкин сияқты қазақтың талантты қаламгерлері қызмет етті. Ғасырға жуық уақыт бойы Ертіс-Баян өңіріндегі барлық өзекті тақырыпты көтеріп, оқырман қауыммен етене байланысты болып, бірге жасасып келеді.

Ұлттың үніне айналған басы-лымның 92 жасар оқырманы Мұхтар Әбенов өткен ғасырдың 50-інші жылдарынан бері газетке жазылып, бүгінгі күнге дейін бірде — бір нөмірін құр жібермей оқып жүр.

— Газетті қолға алып, иісін сезініп оқығанға не жетсін?! Ой өрісің кеңейіп, жан дүниеңді байытады. Анығында, шағын экранның арғы жағындағы кей жұтаң дүниелерді көргеннен ел ішіндегі жаңалықты, елеулі оқиғаны, рухани-танымдық мақалаларды газет арқылы қолыңа ұстап оқығанның орны тым бөлек, — деген еді байырғы оқырман басылымға берген сұхбатында.

Шынымен, газеттің берері бөлек. Басылым оқырманымен ғұмырлы. Ақпарат айдынында қаншама өзгерістер орнап, жедел тарату тәсілдері көбейсе де, газеттің орнын ешкім баса алмайды.  Газет — өшпес тарих, із қалдырар мұра. Осынау жылдар бойы халыққа еңбек етіп жатқан «Сарыарқамның» шырағы сөнбей, беделі асқақтай түсетініне сенемін.

Даяна ИБАДЕЛЬДИНОВА,  Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті.

Суреттер газет мұрағатынан алынды.