Қазақ даласында Ислам дінінің кең таралуына тек діни қызмет жолындағы молдалар мен ұстаздар ғана емес, қазақ ұлтының қаймағына айналған зиялы қауым өкілдері де зор үлес қосқан. Ұлт жанашырларының  дінге деген көзқарасы мен жанашырлығын ұлағатты сөздері мен ой толғамдарынан және жазып кеткен еңбектерінен байқауға болады.

Асыл дініміз туралы тереңнен ой қозғап, зерделі зерттеулер жасаған ғалымдардың бірі – Шоқан Уәлиханов. Ғалымның көпке мәлім «Ислам діні» деген мақаласы бар. Онда: «Қазақстанда ислам діні VIII ғасырда тарай бастағанымен, XIX ғасырдың аяғында ғана бұл дін қазақ халқының арасында басымдыққа ие болды» деп жазды. Тағы бір жазбасында: «Отыз күндік ораза мен бес уақыт намазы болмаған адам туыстары арасында сыйға ие бола алмай, дауыс беру құқығынан айырылған. Олар Ислам дініне толықтай беріліп, Құранға қайшы келетін нәрселерді қабыл етпеген» деген мысалдар келтіреді. Дәл осы кезеңдегі қазақ қоғамындағы бір Аллаға деген наным-сенімнің күшейгенін шетелдік зерттеушілер де растайды. Америкалық зерттеуші М.Олкотт «ХІХ ғасырдың соңғы жартысы қазақ қоғамындағы тағы бір үлкен өзгеріс – қазақтар арасында ислам дінінің таралуы және исламның қазақ қоғамындағы негізгі әлеуметтік және моральдік күшке айналуы», деп атап көрсеткен.

Шоқан Уәлихановтың кейбір зерттеулерінен ислам діні патша үкіметтің тұсында қатты қыспақ көрмегенін, керісінше дәуірлей түскенін жазады. Яғни, Қазақ даласына 1822 жылдан бастап патша билігінің келуімен ислам дінінің мықтап орныққанын баяндайды және ол қазақ халқының рухани көзқарасын зерттей отырып, мұсылмандықпен қатар бақсылық салттарды да көбірек орындағанын тілге тиек етеді. Уәлихановтың мұндай тұжырымы «Қырғыздардағы шамандық қалдықтар» деп аталатын мақаласында кеңінен көрініс тапқан.

– Қырғыздар әсілі мұсылмандар, алайда барлық зеттеушілердің еңбектері мен географиялық нұсқаулықтарда олардың мұсылмандықпен қоса шамандық рәсімдерді ұстанатыны айтылады. Қырғыздарда шаманизм ислами нанымдармен араласып, мұсылмандық деп аталатын бір сенімді құрады. Олар Аллаға сенеді, сонымен қатар онгондарды (аруақтарды)  да құрмет тұтады. Мұсылман әулиелер зират бастарында құрбандық шалды, шамандарға сенді,  мұнымен қоса мұсылман қожаларды да құрметтеді. Кейін татарлардан тәлім алған сауатты балалар ата-бабаларының бұл сенімінен теріс айналып, оған тыйым да салып отырды. Осылай бірқұдайлық ислам діні шамандық сенімдерді ығыстырды, – деп жазды Шоқан Шыңғысұлы.

Ғалымның айтуынша, ислам келгелі зират жанынан өткен жан тоқтап немесе жүрісін баяулатып дұға оқитын болды. Исламның келуімен қасиетті адамдардың қабірлері үлкен мазарға айналды. Сондай-ақ, қорғандарды біртіндеп тастан жасалған құлпытастар алмас-тыра бастады дейді.

Ислам діні туралы үлкен еңбек жазған ғұламалардың бірі – Ыбырай Алтынсарин. Ағартушы ұстаздың «Мұсылманшылықтың тұтқасы» еңбегі  – қазақ қоғамындағы діни танымға, әдет-ғұрып пен салт дәстүрге, қазақы сана болмысына арналған еңбек. Ыбырай атамыз бұл еңбекті жазудағы себебін былайша баяндайды:

– Қазіргі кезде қазақ арасында Мұхамедтің діни оқуы жайылып, етек алып барады. Бұл діни оқуды көбінесе татар және Бұхара молдалары немесе осы жерлерде оқыған қазақтар жүргізіп отыр. Бұхара және татар молдаларының үйреткен рухани білімінің бағыты белгілі. Олар бір жағынан өздерінің жеке мүдделерін көздеп, екінші жағынан өздері бір бағытта ғана сыңаржақ тәрбие алғандықтан, қарапайым халық өздерінің діні не екенін түсінбейді. Қазақ жұртына пайда келтірмек ниетпен һәм қараңғы туғандарымызға түсінікті тілмен өзінің дінін түсіндіру үшін бұл кітапты жазуға кірістім» деп
жазды.

Филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиетші Мекемтас Мырзахметов Ыбырай Алтынсариннің «Мұсылманшылықтың тұтқасы» кітабы мен Шәкәрімнің мұсылманшылық шарты» еңбектері Ресейдің қазақ халқын христиандандыру үшін жүргізген миссионерлік қозғалысына қарсы жазылған еңбек ретінде бағалады.

– Қазақ зиялылары Ресейдің қазақтарды Ислам дінінен қайтару әрекеті нәтижесінде туындауы мүмкін қауіптің алдын алу үшін кітап жазу қажеттігін сезінді. Өйткені, сол кездегі қазақтар пайдаланған ислам туралы дереккөздер араб немесе татар тілдерінде болды. Орыстар қазақтар арасында Ислам дінін әлсірету үшін қазақ мектептерінде осы екі тілді де қолдануға тыйым салды. Бұл кейінгі ұрпақ үшін қауіпті болды. «Мұсылманшылық шарты» – ғылымхал ретінде жазылған кітап. Сондықтан бұл кітап қазақ халқының ғылымхалы деп есептелді. Шәкәрімнің бұл еңбегі ғылымхал кітаптарда қамтылған тақырыптарды қысқаша қамтып өткен, – дейді Мекемтас Мырзахметов.

Ұлт зиялыларының діни наным-сенім, Ислам шариғаты туралы еңбектері мұнымен бітпейді. Мысалы, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр Жүсіп, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Сәдуақас Ғылмани сынды ойшыл ақындардың өлеңдері мен ой-толғамдарынан да біздің ата-бабаларымыздың дәстүрлі дінді қалай ұстанғаны туралы мол мағлұмат алуға
болады.

Тілеуберді САХАБА.