Қазақ халқы ұлт болып қалыптасқалы бері қазақ тілі де бірге өмір сүріп келеді. Тілдің иесі – кешегі қазақ, бүгінгі қазақ және болашақтағы да қазақ. Ата Заңда «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп анық  та   айқын   жазылған. Егемен  ел болғандықтан, мемлекеттік тіл – қазақ тілін білу – елдің әр азаматының міндетті борышы.

Өзімнің қазақ тіліне деген сүйіспеншілігім мектеп кезінен басталды. Алғашында мемлекеттік тілдегі кітаптарды оқи бастадым. Кейін жоғары оқу орнында тереңірек оқып, сөйлеуге тырыстым. Бүгінде одан әрі жалғастырудамын. Қызмет барысында тіл жағынан ешқашан қиналып көрген емеспін. Туған жерім қазақ жері, айналамдағы достарым, ортам бәрі қазақтар болғандықтан тіл жағынан қиындықтар туындаған емес. Күнделікті жаңалықтарды қазақ тілді сайттардан оқимын. Өзіме қажетті ақпараттарды да осы тілде аламын. Уақытым болғанда теледидардан қазақ тіліндегі бағдарламаларды көруге тырысамын. Сонымен қоса, әлеуметтік желілердегі қазақ тілді достарымның жазбаларын оқып отырамын. Тұрып жатқан елдің тілін білу және оны құрметтеу мен үшін маңызды.

Қазақ халқы осымен тоғызыншы жыл қатарынан Алғыс айту күнін атап өтеді. Қолға алынған бұл мерекенің маңызы өте зор. Өткен ғасырдың қилы-қыстау кезеңдерін-
де қазақ жеріне қаншама адам жер аударылып келді. Сонда қазақ халқы ішер асын, тұрып жатқан үйін бөлісіп, сол жандардың тіршілікке ілесіп кетуіне үлкен көмегін тигізді. Міне, Алғыс айту күні қазақ халқының осындай дархан көңіліне алғыс білдіру үшін құрылған атаулы күн.

Барша қазақстандықты Алғыс айту күнімен құттықтаймын. Көктемдей жайдары көңіл күймен барлығыңызға достық пен денсаулық тілеймін. Отанымыз Қазақстандағы татулық пен бірлік үшін барлығына алғыс айтамын!

 

Карина ФАРГИЕВА, Қ.Даржұман атындағы ұлттық жаңғыру мектебінің шешен-ингуш бөлімшесінің педагогы, «Халкъан барт» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің мүшесі.