Елімізде тағдыр табыстырған сан ұлт өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешуде. Осы орайда он жылға жуық уақыт бұрын Қазақстанның атаулы күндер күнтізбесіне елеулі мереке – Алғыс айту күні енген болатын. 1 наурызда аталып өтетін ерекше мерекеге орай Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі, Павлодар облыстық «Халкъан барт» шешен-ингуш этно-мәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Шамиль Шахидұлы Джабраиловпен сұхбаттасқан едік.

– Қазақстан көптеген ұлттар үшін ортақ қара шаңыраққа айналды. Әр диаспораның өзіндік тарихы бар. Ата-бабаларыңыздың елімізге қоныс аудару тарихына тоқталып өтсеңіз…

– Менің халқымның Қазақстанға келуі өте қайғылы жағдайда өрбіді. Тарихқа көз жүгіртсек, 1944 жылы 23 ақпанда шешендер мен ингуштарды Қазақстан мен Қырғызстанға күштеп қоныс аудару бойынша «Чечевица» операциясы жүргізілген. Басқаша айтқанда, сол кездегі билік тарапынан халқымызға қатысты ұлттық геноцид жасалды. Жүк вагондары адамдарды қақаған қыстың ортасында Орта Азияға тасымалдаған. Сол уақытта аштық, суық және ауру салдарынан мыңдаған адамның өмірі қиылды. Қиын-қыстау кезеңде халқымыздың шамамен 65 пайызынан айырылып қалдық. Десек те, жергілікті халықтың көмегі бізге генофондты сақтауға мүмкіндік берді. 1957 жылы шешен-ингуш халқы ақталған соң көпшілігі атамекенге оралды. Бірқатары болашақ өмірін Қазақстанмен байланыстырып, екінші Отанында отбасын құрып, ұрпақ жалғастырды. Бұл ретте еліміздің егемендігі жариялануы барша жұрт үшін қуаныш болғанын  атап өткен жөн.

Тәуелсіздік мемлекет игілігі үшін әрекет етуге мүмкіндік берді. Бұған дейін Қазақстан Орталық бөлген игілікті қанағат тұтқан КСРО-ның шикізат көзі болып келді. 90-шы жылдар бүкіл посткеңестік кеңістік үшін қиын кезең еді. Ол кезде қирандылардың орнына жаңа мемлекеттік құрылымдарды қалыптастырып, жаңа өмірге сай заңнамасы, нарықтық экономикасы бар жаңа елдің негізін қалау оңай болған жоқ. Бұл бәріміз бірдей бастан өткерген күрделі процесс барысында қателіктер де кездесті. Ең бастысы еліміз саяси жүйені демократияландыру, қоғамдық өмірді нарыққа бейімдеу және экономиканы монополиясыздандыру бағытынан жаңылмай, сенімді түрде алға басып келеді.

– Бүкіл әлем көпұлтты еліміздегі бір шаңырақ астына шоғырланған халықтар достығына таңдана қарайтыны жасырын емес. Бүгінгі таңда Қазақстандағы барлық ұлт өкілдері ортақ Отанымыздың дамуына барынша үлес қосуда. Бұл ретте ел азаматтарын не біріктіреді?

– Көпұлттылық – бұл әлеуетті пайдалана білген әрбір ел үшін зор артықшылық. Ұлттық саясатты жүзеге асыруда елдің ерекшелігі мен бүкіл қоғамның мүддесін ескермеу үлкен сын болар еді. 1995 жылы Тұңғыш Президенттің бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамның мәдени-рухани қажеттіліктерін қанағаттандырды. Уақыт өте келе оның қоғамдағы маңызы арта түсті. Бүгінгі таңда мемлекеттік құрылымда өзіндік орны бар Ассамблея барлық этностарға өз құқықтары мен мүдделерін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін салмақты органға айналды. Азаматтарды ортақ мақсатқа біріктіру үшін қашан да идея қажет. Бүгінде барлығымызды Жаңа Қазақстан құру идеясы біріктіріп отыр. Оны жүзеге асыру үшін қарапайым азаматтан бастап жоғары лауазымды шенеунікке дейін өз міндеттерімізді орындап, заңға сәйкес әрекет етуіміз керек.

Бүгінгі таңда вайнахтар мемлекеттік секторда, жеке бизнесте, білім беру саласында, т.б. салаларда жұмыс істейді. Мәселен, Павлодар облысында Аушевтердің агроөнеркәсіптік кешені 200-ден астам адамды жұмыспен, халықты қажетті азық-түлік өнімдерімен қамтуда. Каимовтар картоп өсірумен айналысып, дүкендерге сапалы өнім жеткізеді. Сұлтан Ичиев көпқабатты тұрғын үйлер құрылысымен айналысса, Рахман Асуханов – «Ақсу» футбол командасының бас бапкері. Бұл жерде айтпағым,  елдің өркендеуіне үлес қосу ұлтқа емес, адал еңбекке негізделеді. Бәріміз әлеуметтік, экономикалық жағдайымыздың жақсара түсуі үшін бір кісідей атсалыссақ, еліміз одан әрі дами түседі.

– Еліміздегі ұлт өкілдері бір-бірінің тілдері, мәдениеті мен әдет-ғұрыптарына құрметпен қарайды. Соның ішінде қазақ халқына деген құрметтің ерекше екенін байқаймыз… Иә, құшақ жая қарсы алған қазақ халқына сый-құрмет көрсетпеу әбестік болар. Жергілікті ұлттың арасында достарыңыз бар ма?

– Менің «бауырым» деп жақын тартатын қазақ достарым бар. Өкінішке қарай, 2021 жылы ковид кезінде жақын досым Алтынбек Өмірбаевтан айырылып қалдым. Қазір қайғы мен қуанышта әрқашан қасымнан табылатын Дәулет Мусин, Темеш Қожатов, Асқар Сәбденов, Қуандық Копышев сынды достарым бар. Оларға денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілеймін. 2019 жылы бәріміз бірге Шешенстанға бардық. Мен оларды туыстарыммен таныстырып, атамекенімнің көрікті жерлерін көрсетіп, лайықты қонақжайлық танытуға тырыстым. Енді Шешенстан тауларына бірге барамыз деген үміттемін. Осылайша, қазақ халқымен біте қайнасып жатырмыз.

– Жерлестеріңізге Алғыс айту күніне орай не айтар едіңіз?

– Алғыс айту мерекесі қарсаңында халқыма қиын күндерде аянбай көмек көрсеткен қазақ халқына мың алғыс айтамын! Ортақ үйімізде бейбітшілік пен тыныштық, әр отбасында жақсылық пен қуаныш болсын! Адамның қандай этникалық топқа жататыны маңызды емес. Ең бастысы, әрбір адам әрқашан сүйікті болып, жанашыр, қамқор қалпынан таймасын дегім келеді.

 

Сұхбаттасқан – Торғын ОРАЗАЛЫ.