Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қазақстандықтардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын көтеруге бағытталған жұмыстар үздіксіз қолға алынуда. Соның дәлеліндей, алдағы уақытта еліміздің әлеуметтік саласында бірқатар игі өзгерістер орын алмақ. Сонымен, кімдерді жағымды жаңалық күтіп тұр?

Шәкіртақы өседі

   Биыл 1 қыркүйектен бастап колледждер мен жоғары оқу орындарында білім алатын студенттердің, сондай-ақ, магистранттар және докторанттардың шәкіртақысы артады деп жоспарлануда. Жақында аталған өзгерістер туралы қаулыға қол қойылды. ҚР Үкіметінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, колледж студенттері үшін шәкіртақы 50 пайызға артып, жұмысшы мамандық-тары бойынша 43 574 теңгені, орта буын мамандары үшін 41 896 теңгені құрайтын болады. Бакалавриат студенттерінің шәкіртақысы 20 пайызға өсіп, 47 135 тең-
геге, ал педагогика және медицина бағыттарындағы білім алушылардың шәкіртақысы 75 600 теңгеге дейін ұлғаяды. Интернатурада оқитындарға 85 376 теңге, резидентурадағыларға 123 122 теңге көлемінде шәкіртақы төленбек. Сонымен қатар, магистранттар мен докторанттардың да шәкіртақысы 15 пайызға көбейіп, оның мөлшері 107 061 және 240 000 теңгені құрамақ.

Қуантарлығы, 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап бакалавриат студентте-рінің шәкіртақысы тағы да 20 пайызға, магистранттар мен докторанттардікі 15 пайызға өседі деп күтілуде.

Атап өтерлігі, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылдан бері студенттердің шәкіртақысын көбейту бойынша жоспарлы түрде жұмыс жүргізілуде. Соның нәтижесінде, 2025 жылға қарай жоғары оқу орындары мен колледждерде білім алатын жастардың шәкіртақысы екі есе, магистранттар мен докторанттардікі 1,75 есе көбеймек.

 

Жалақы көбейеді

Осы айдан бастап қазақстандық орманшылар және табиғат қорғау саласы қызметкерлерінің жалақысы көбейді. Бұл мақсатқа қазынадан 8,5 млрд теңге қарастырылған. Жақында «Азамат-
тық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйым-дардың, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» ҚР Үкіметінің қаулысына өзгерістер енгізілді. Аталған құжатқа сәйкес орман өртін сөндіру станцияларының, орман мекемелерінің, табиғат қорғау және орман орналастыру ұйымдары қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларына 100 пайызға дейін үстемеақы қосылмақ. Олардың қатарында орман өртін сөндірушілері, өрт сөндіру машиналарының жүргізушілері, тракторшы-машинистер, радиооператорлар, өрт сөндіру машиналары мен жабдықтарын жөндейтін слесарьлар, өрт-бақылау мұнарасының бақылау-шылары бар. Сондай-ақ, 113 авиациялық күзет өрт сөндіруші-десантшысының жалақысы көтеріледі деп жоспарлануда. Нәтижесінде, 3 300-ге жуық қызметкер қосымша еңбекақымен қамтылмақ. Ал жергілікті атқарушы органдардың орман шаруашылығы мекемелерінің орман өртін сөндіру станцияларының 1619 қызметкеріне қосымша ақы төлеуді қаржыландыру жергілікті бюджет қаражаты есебінен төленетін болады.

 

Жұмыс жалғасады

Бүгінде ел азаматтарының тұрмысын жақсарту мақсатында күнкөріс деңгейі бойынша өзгерістер қайта қаралуда. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың сөзіне қарағанда, әрбір бесінші қазақстандық мемлекеттен әлеуметтік қолдау алуда.

– Әлеуметтік қамсыздандыру мәселесіне тоқталсақ, мемлекет азаматтар алдындағы барша әлеуметтік міндеттемелерін толық орындап келеді. Қазір әрбір бесінші қазақстандық әлеуметтік қолдауға қол жеткізуде. Оның тиімділігін арттыруда цифрлық өнімдерді енгізу басты орында тұр. Былтыр бұл саладағы цифрландыру нәтижелері Біріккен Ұлттар Ұйымы және халықаралық институттар тарапынан оң бағасын алып, өзге елдерге үлгі етіп көрсетіп жатыр, – деп атап өтті Тамара Дүйсенова Мәжілістің жалпы отырысында. Сондай-ақ, ол әлеуметтік қолдаудың басым көпшілігі, яғни 27 түрі бойынша қызмет проактивті формат аясында атқарылып жатқанын да мәлімдеді. Үкімет басшысы орынбасарының айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар болашақта да сәтті жалғаса бермек. Әсіресе, негізгі стандарт ретінде қолданылатын күнкөріс деңгейі тұрғысында айтқан депутаттардың сыны бойынша да өзгерістер қаралуда. Яғни, Әлеуметтік Кодексте ескерілгендей, келер жылдан бастап медиандық табысқа өту механизмдері пысықталып, ел тұрғындарының табыс деңгейінің нақты көрсеткішін белгілеу тетігі енгізілмек.

 

Жаңа төлемақы берілуде

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, елімізде ағымдағы жылдың басынан бері 8 476 азаматқа зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген адамдарға берілетін арнаулы әлеуметтік төлем тағайындалған. Аталған төлемді тағайындауға барлығы 9 255 азамат өтініш білдірген.

Республикалық бюджет және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан, яғни екі жақтан да төленетін арнаулы әлеуметтік төлемге 2 840 адам жүгініп, оның 2 730-ына тағайындалған. Ал төрт қаржыландыру көзінен берілетін атаулы әлеуметтік төлемді алуға
6 415 адам өтініш білдіріп, оның 5 746-сы қол жеткізген. Сонымен қатар, бүгінде 369 азамат сақтандыру компа-ниясымен зейнеткерлік аннуитет шартының жасалуын күтіп жүрсе, 68 тұрғын СМС хабарламаға жауап бермеген.

Атап өтерлігі, бұған дейін хабарла-ғанымыздай, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген адамдарға арнаулы әлеуметтік төлем енгізілген болатын. Бұл төлем 55 жасқа толған және Бірыңғай жинақ-таушы зейнетақы қорында кемінде 7 жыл кәсіптік зейнетақы аударымдары бар адамдарға беріледі. Әлеуметтік төлем зейнеткерлік жасқа дейін ғана төленеді және оның көлемі 208 мың теңгеден асады. Мамандар 2024 жылы жаңа төлемге 37 мыңнан астам адам үміткер бола алатынын алға тартуда. Сондықтан зиянды жұмыс істеп жүрген азаматтар аталған мүмкіндіктен айырылып қалмағаны жөн.

Нұржайна ШОДЫР