Қарттар үйіне тапсырғандарды жазалаған дұрыс па?

Нау 7, 2025

Елімізде қарттар үйін паналайтын ата-әжелердің қатары күн сайын артып келеді. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген сөзді қазақ халқы бекер айтқан емес. Өкініштісі, өз әулетінің құт-берекесі болатын шағында қарттар үйі олардың қарашаңырағына айналып отыр. Жылдар бойы өзектілігін жоймай келе жатқан күрделі мәселе Мәжіліс мінберінде көтерілді. Депутаттар ата-анасын қарттар үйіне өткізген қазақстандықтарды жазалауды ұсынды. Бұл ретте олар ай сайын еңбекақысының тең жартысын әке-шешесінің жеке есепшотына аударуға міндеттелмек. 70 жастан асқан қарияның атындағы баспана басқа адамға берілмейді. Қарттар үйіне ата-анасын тапсырғандарды жазалаған дұрыс па? Бұл тақырыпты «Алаңда» талқылап көрдік.

Таңсәуле СЕРІКОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты (пікір ғаламтордан алынды):

— Қарттар үйін паналап отырған қариялардың 90 пайызы – қазақ. Өкініштісі, олар зейнетақы алатын уақытта балалары қымбат автокөліктерімен қарттар үйіне жетіп келеді. Сонау соғыс жылдарында салынбаған жетімдер үйі мен қарттар үйі бейбіт заманда көбейіп тұр. Қариялар баласы кішкентай кезінде бастарынан қандай қиындық өтсе де, сәбиін тастамады ғой. Қазір жұмыстың жүктемесін сылтауратып мүгедек және дені сау әке-шешесінен бас тартатындар көп. Қазақ «Әке-шешең жынды болса байлап бақ, бірақ тастама» деген. Өз ата-анасын қадірлемеген адамның ұлтына, еліне жаны ашымайды. ҚР Неке және отбасы туралы Кодексінің 145-бабының 1-бөлімінде «Еңбекке жарамды кәмелетке толған балалар өздерінің көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз ата-аналарын күтіп бағуға, оларға қамқорлық жасауға міндетті» және «Балаларынан алимент өндіріп алуға құқылы, ол сот тәртібімен алынады» деп анық жазылған. Өте орынды баптар. Бірақ бұл талап орындалып отырған жоқ. Себебі ешбір кейуана өз баласына шағым түсірмейді. Ешбір қария баласының еңбекақысына таласпайды. Сондықтан біз ата-анасын қарттар үйіне тапсырғандардың еңбекақысының 50 пайызын ай сайын әке-шешесіне аударуды міндеттеуіміз керек. Әрине, бұл қаражат құрмет көрсету деп саналмайды, материалдық өтем ретінде есептеледі. Бұдан бөлек, 70 жастан асқан қариялардың атында жылжымайтын мүлік болса, олар өмірден өтпейінше, оны басқа адамның атына рәсімдеуге тыйым салуымыз керек.

Ермек ЖҰМАТОВ, Павлодар қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі, Ақсақалдар тағылымы ұйымының төрағасы:

— Қоғамда күрмеулі мәселені шешуде тек жазалау, заңды қатаңдату сынды әдістер сәнге айналып барады. Егер қарттар үйіндегі қариялардың 90 пайызы қазақ ұлты болса, бұл статистиканы азайту үшін басқа амал қарастыру керек. Әр бала ата-анасын құрметтеуге, бағып-қағуға міндетті. Міне, осы талапты мәпелеп өсірген ұл-қыздың санасына сіңіре білу керек. Демек, әрбір ата-ана өз баласына дұрыс тәлім-тәрбие бере алуы тиіс. Отбасында жылулық көрмей, мейірімділіктің не екенін түсінбеген бала әке-шешесіне қамқорлық танытпайтыны сөзсіз. Бұдан бөлек, қазір ата-аналар жұмысбасты. Балалар әке-шешесінен гөрі смартфонмен дос. Сондықтан келешек ұрпақтың да болашағы алаңдатады. Осы мәселені қоғам болып шешу қажет. Ол үшін отбасында, балабақша, мектепте адамгершілік, имандылық, қамқорлық, үлкенге құрмет көрсету сынды тақырыптар жиі қозғалуы тиіс. Сонымен қатар, ана, әке тақырыптарында ашық сабақтар өткізіліп, олардың қоғамдағы, әулеттегі орнына баса мән берілгені жөн. Еңбекақының 50 пайызын қарияларға аударғаннан бала жапа шекпейді. Қазір алиментті өндіре алмай жүргендер көп. Сондықтан ата-анасынан безгендер еңбекақысын аз көрсету үшін қитұрқы әрекетке барудан тайынбайды. Сол үшін де ата-аналар жұмыс деп жүре бермей, баланың тәлім-тәрбиесіне көп көңіл бөлсе деймін.

Меңдіғайың БЕКЖАНҚЫЗЫ, Аққулы ауданының тұрғыны:

— Ата-анасын қадірлемеген елдің ертеңі бұлыңғыр. Дана халқымыз «Бала – бауыр етің», «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деп ұл-қызын өзінің бақыты, баға жетпес байлығына теңеген. Ешбір ата-ана туған баласынан жамандық көргісі келмейді. Сондықтан Мәжіліс депутаттары ұсынып отырған жазаны қос қолдап қолдаймын. Жастық шақта ата-анаға не көрсетсең, қартайғанда өз балаңнан соны көресің. Міне, тасбауыр балалар осыны қаперде ұстаса екен деймін. Қазіргі қоғамда әке-шешесін қарттар үйіне тапсырғандарды тек жазалау арқылы ғана жөнге салмаса болмайды.

Бір жылдары қарттар күні қарсаңында қарияларға қамқорлық көрсетілген шараға қатысқаным бар еді. Сол уақытта бір кейуана тұрмыс құрмағанын, баласы жоқ екенін айтты. Демек, қарттар үйінен басқа барар жері жоқ. Ал екінші қарияның жауабы жүректі ауыртты. Ол құрсағынан шыққан 6 баласының біреуіне де керек болмаған. Сол 6 баласының бәріне тәлім-тәрбие, мейірім жетпеді деп айта алмаймыз ғой. Сондықтан әлгі 6 баланың әрқайсысының еңбекақысынан қаражат ұстау қажет деп санаймын. Осы жазаны енгізерде қариялардың бала саны да ескерілсе деймін.

«Алаңды» үйлестірген – Айдана ҚУАНЫШЕВА.