Биыл облыс аумағында жауған жауын-шашынның мөлшері өткен жылмен салыстырғанда 56 пайызға жоғары. Мамандар наурыз айының ортасынан бастап ауа температурасы -15°С дейін төмендеп, өңірде қар аралас жаңбыр молынан жауады деп болжауда. Құбылмалы ауа райының салдарынан көктемгі су тасқынынан келетін қауіп зор болып отыр.

 

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы, генерал-майор Жасұлан Жұмашев мәлімдеді. Оның сөзіне сүйенсек, күз мезгілінде толассыз жауған жаңбыр көктемде тұрғындарды әбігерге салмақ. «Қазгидромет» РМК Павлодар облыстық филиалының деректері бойынша, биыл жауын-шашынның ең көп мөлшері Павлодар қаласында тіркелген. Сонымен қатар, Май, Железин, Павлодар және Успен аудандарында жаңбырдың мөлшері нормадан едәуір артып отыр.

– Биыл облыстың барлық аудандарында жауған жауын-шашынның мөлшері өте жоғары. Қардағы су қоры өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 99 пайызға көп. Топырақтың ылғалдылығы да нормадан 63 пайызға артып отыр. Наурыз айының ортасынан бастап күн күрт жылынады деп күтілуде. Көктемгі қардың еруі кезінде Ақтоғай, Успен, Ертіс, Железин, Павлодар, Баянауыл және Тереңкөл аудандарында кейбір учаскелерді су басуы мүмкін, – дейді Ж.Жұмашев.

Жасұлан Қыдырқожаұлының айтуынша, биыл су басу қаупі бар 43 елді мекен ерекше бақылауға алынған. Мұнда 2031 тұрғын үйде жалпы саны 10616 адам тұрады. Жоғарыда айтылғандай, толассыз жауған жаңбырдың салдарынан тағы 22 елді мекен де қауіпті аймақтар қата-рына қосылған. Осылайша, құтқарушылар жалпы саны 65 ауылдағы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпек. Табиғаттың тосын мінезіне төтеп беру мақсатында кешенді іс-шаралар жоспары бекітілген. Өткен жылы Ертіс өзенінің Май ауданы Қаратерек ауылы маңындағы аумағында жаған бекітіліп, Ақтоғай ауданы шекарасындағы Сілеті өзенінің арнасы тазартылған. Сондай-ақ, «Қалқаман-Баянауыл-Үміткер-Ульяновский» жолының 105 шақырымындағы күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.

– Қыс мезгілі басталғалы облыстың елді мекендерінен жалпы көлемі 841 мың текше метрден астам қар сыртқа шығарылды. 15-інші наурызға дейін 1472 су өткізу құбырын ашу жоспарлануда. Су тасқыны кезінде халықты эвакуациялау үшін 43 бөлімше, қажетті төсек-орын дайындалды. Сонымен қатар, 1702 адам, 616 техника, 42 жүзу құралы мен 198 мотопомпа әзір тұр. Су тасқынын алдын алуда күштік құрылым саны жеткілікті деген ойдамын, – дейді Ж.Жұмашев.

Қауіпті аймақтар тізімінде тұрған ауданның бірі – Баянауыл. Жасұлан Қыдырқожаұлы Қаратомар және Жаяу Мұса ауылдарында биыл қар қалың түскенін айтады. Бұл ретте жергілікті билік өкілдері жағдайды бақылауға алып, тұрғындар арасында сақтық шараларын түсіндіруде. Жыл сайын тасқын судан қауіп төнетін Мәшһүр Жүсіп ауылында қар суының біраз бөлігі Ескелдіге баратын жолдағы шағын көпір арқылы өтуде. Жуырда құтқарушылар аталмыш орындағы жағдайды тексеріп қайтқан. Әзірше аталмыш елді мекенге қауіп төніп тұрған жоқ.

Су тасқынының алғашқы кезеңінде Қарағанды облысынан келетін қарғын судан қауіп күтілуде. Мамандар аталмыш өңірмен тұрақты байланыс орнатып, су деңгейіне мониторинг жүргізіліп жатқанын айтады.

– Су тасқынынан қауіп төніп тұрған аудандарды тікұшақпен аралап, жағдайды толығымен бақылайтын боламыз. Жағдай ауа райына тікелей байланысты. Себебі еріген қар күндіз күннің жылуына, түнде салқындауына байланысты тез еріп кетуі мүмкін. Егер күн тез жылып, жер құрғамай жатса, тасқын су әбігерге салатыны сөзсіз. Сондықтан жағдайды алдын ала болжау қиын. Қолдағы бар техникамен қатердің алдын аламыз деген ойдамын, – дейді Ж.Жұмашев.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.

Суреттер газет мұрағатынан алынды.