Жақында соққыға жығылған павлодарлық жасөспірімнің мәселесі қоғамда резонанс тудырған болатын. Аталмыш оқиғаның орын алғанына біраз уақыт өтіп кетсе де, әлеуметтік желіде әлі де қызуы басылмай, үздіксіз талқылануда. Тұрғындардың бірі зардап шеккен баланың жағдайы ауыр әрі мектепке баруға қатты қорқатынын айтса, енді бірі оны ұрып-соққан бұзақы балалардың оқудан шеттетілетіні жайлы ақпарат таратуда. Сонымен, бұл әңгімелер шындыққа жанаса ма? Жәбірленушінің қазіргі халі қалай? Оған әлімжеттік көрсеткен замандастарын қандай жаза күтіп тұр? Жалпы, жеткіншектердің мұндай қатыгездікке баруына жол бермес үшін не істеу керек? Көпшілікті мазалаған сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.

Жапа шегушінің халі қалай?

Бұған дейін газетімізде жазға-нымыздай, бұл оқиға облыс орталығындағы Торайғыров универ-ситетінің спорт алаңында болған. Яғни, дәл осы жерде 14 жасар жеткіншекті бір топ жасөспірім соққыға жыққан. Жапа шеккен бала жарақат алып, ауруханаға түскен. Аталған жағдайға аймақ басшысы Асайын Байханов та назар аударып, жауапты мамандарға соққыға жығылған баланың отбасына жан-жақты көмек көрсетуді, ал бұзақылыққа барғандарды мұқият тергеуді тапсырған болатын. Осылайша, зардап шеккен жасөспірім бір апта бойы облыстық балалар ауруханасында ем алып, қазіргі таңда аман-есен өз отбасына оралған екен. Оның анасымен сөйлесу мүмкін болмады. Ал облыстық балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау комиссиясы төра-ғасының орынбасары Наталья Покидованың айтуынша, баланың жағдайы бірқалыпты.

— Жәбір көрген Никита есімді бала 11 тамыз күні ауруханадан шықты. Денсаулығы жақсы, өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Онымен психолог мамандар жұмыс жүргізді. Әлеуметтік желіде баланың басқа адамдармен сөйлесуге, мектепке баруға қорқатыны жайлы неше түрлі пікірлер жазылып жатыр. Ол ақпараттар шындыққа жанас-пайды. Бір-екі күн бұрын ғана анасымен сөйлесіп, Никитаның халін және қандай көмек керек екенін сұрадым. Ол ұлының жағдайы жақсы екенін, достарымен араласып тұратынын және ешқандай көмекке мұқтаж еместігін айтты. Десе де, жасөспірім біздің назарымызда болады, — дейді Наталья Сергеевна.

Бұзақылар оқудан шыға ма?

Дәл осы сұрақ көпшілікті толғандырып отырған жайы бар. Әсіресе, оқиға орын алған мектепте ұл-қызы оқитын ата-аналардың кейбірі аталған жағдайдан кейін алаңдаушылық білдіруде. Яғни, бауыр еті баласының қауіпсіздігін ойлаған қауым мектеп әкімшілігіне өз талап-тілектерін айтуда. Тіпті, осы мәселеге қатысты білім беру мекемесінде арнайы жиын да ұйымдастырылған көрінеді.

— Өткен сенбі күні Павлодар қаласындағы Шапық Шөкин атындағы жалпы орта білім беру гимназия-мектебінде (бұрынғы №9 гимназия) ата-аналар жиналысын ұйымдастырдық. Оған 250-ден астам адам қатысты. Оларды толғандырған бірінші мәселе осы мектепте жәбір көрген баланы ұрған 2 оқушыны оқудан шығаруға қатысты болды. Алайда, қазір әлі тергеу шаралары жүріп жатқандықтан, бұл балаларға қандай да бір шара қолдануға болмайды. Облыстық білім беру басқармасының өкілдері осы жағын заң аясында түсіндірді. Бұдан соң ата-аналар тергеу жұмыстары аяқталғанға дейін бұзақылық жасаған балаларды қашықтан оқыту жөнінде мектеп директорына өтініш жазды. Мектеп әкімшілігі мұны облыстық білім
беру басқармасына жолдайды. Сөйтіп, бұл мәселені білім беру басқармасы қарайды. Егер ата-аналардың өтінішін қанағаттандырса, тергеу ісі аяқталғанға дейін 2 оқушы онлайн оқитын болады, — дейді облыстық бала-лардың құқықтарын қорғау жөнін-дегі уәкіл Наталья Покидова. Ал Павлодар қалалық білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдыралин бұл мәселенің мән- жайы тергеу жұмыстары аяқталғаннан кейін анықталатынын айтады.

— Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары аталған факті бойынша тергеу жұмыстарын жүргізуде. Осы іс толық аяқталғаннан кейін ғана нақты мәлімдеме жасай аламыз. Жалпы, қалалық деңгейде жасөспірімдер құқықтарын қорғау комиссиясы жұмыс істейді. Оның құрамында қала әкімінің орынбасары, депутаттар, қоғамдық бірлестік өкілдері бар. Тергеу аяқталғаннан кейін осы адамдармен бірлесіп, әрі қарай балалардың жағдайын заң аясында қарастырамыз. Негізі, өз басым бұрын-соңды оқушыны оқудан шығару дерегін көрген емеспін. Бірақ қолданыстағы заңда 16 жасқа дейінгі балалар қатты тәртіп бұзушылық шараларын ұйымдастырған жағдайда мектептен шеттету туралы тармақ бар. Мұндай шешімді құзыретті органдар, білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті, білім беру бөлімдері бірлесіп қабылдайды. Бұл ретте, тағы бір мәселе туындайды. Егер бұзақылық жасаған оқушыларды мектептен шығарсақ, кейін олар қайда барады, қалай білім алады? Осы жағын да ойлауымыз қажет, — дейді Қуаныш Қыдыралин. Сонымен, жасөспірімге жәбір көрсеткен балалардың енді қалай білім алатыны әзірге белгісіз. Бір анығы, ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабының 2-бөлігі, 4-тармағы («Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру») бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған болатын. Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл іспен қазір прокуратура айналысып жатқанын мәлімдеді.

Қандай жұмыстар жүруде?

Қоғамды дүрліктірген бұл оқиға жасөспірімдер тәрбиесінің таяз екенін тағы бір мәрте көрсетті. Алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбауы үшін не істемек керек? Бала тәрбиесіне жауапты жандар аталмыш мәселенің оң шешімін табу жолдарын жан-жақты қарастыруда. Әр тарап өз ұсыныс-тарын айтуда.

— Иә, бұл мәселені Шапық Шөкин атындағы жалпы орта білім беру гимназия-мектебінде өткен жиында да ата-аналармен талқыладық. Сонда аналардың бірі ата-аналар да мұғалімдермен бірге мектепте кезекшілік етсе деген ұсыныс айтты. Тағы бірі білім ордаларының ауласында рейдтік іс-шаралар өткізу үшін топ құрып, кезектесіп жұмыс жасау керектігін алға тартты. Осылайша, 1 қыркүйектен бастап аталмыш мектеп әкімшілігі ата-аналардың ұсынысы бойынша олармен бірлесіп жұмыс істейтін болып шешті. Сонымен қатар, осы мектептегі бір ана психолог екен, ол үлкен-кішіге психологиялық көмек беруге әзір екенін жеткізсе, адвокат ата-аналар құқықтық кеңес беруге дайын екендіктерін айтты. Олардың осындай белсенділігіне риза болдым. Менің түйгенім, мектеп пен ата-ана біріксе ғана оң нәтиже шығады. Енді дәл осындай жиналыстарды Павлодар қаласындағы 43 мектептің барлығында өткіземін, ата-аналарды мектеппен қоян-қолтық жұмыс істеуге шақырамын деп жоспарлап отырмын. Өкінішке қарай, кейбір ата-аналар белсенді емес. Тіпті, мектеп жиналысына келмейтіні де бар. Міне, соның салдары бала тәрбиесіне де кері әсерін тигізеді, — дейді облыстық балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл. Сонымен қатар, ол көптеген ата-аналар балаларына психологпен жұмыс істеуге рұқсат бермейтінін, осы мәселе де жасөспірімдердің түрлі әрекетке баруына себеп болып отырғанын айтады.

— Жыл сайын оқу басталған уақытта әр мектеп әкімшілігі ата-аналардан баласының психолог маманның кеңесін алуға рұқсатын сұрайды. Яғни, сондай келісім қағазын жібереді. Өкініштісі, көбі сол қағазға қарсы екенін жазады. Осы жағы да үлкен мәселе болып тұр. Ата-аналардың басым бөлігі өз ұл-қызының тәрбиесі жақсы деп ойлайды. «Қызым үйде, қылығы түзде» деген сөз тегін айтылмаған ғой… Тағы бір мәселе – қазір облысымызда ажырасқан отбасылары көп. Бұл жағдай да баланың психологиясына кері әсер етеді. Жалпы, бала тәрбиесі – өте үлкен тақырып. Оған бүкіл қоғам жауапты болуы тиіс, — дейді Наталья Сергеевна. Сондай-ақ, ол қоғамда орын алып жатқан оқиғаларды негізге ала отырып, Оқу-ағарту министрлігіне мектеп бағдарламасына «Отбасылық өмірдің этикасы» деген арнайы пән енгізу туралы ұсыныс та жібергенін айтады. Себебі, тек өткен оқу жылында оған балалар, ата-аналар арасындағы келіспеушілік, түсінбеушілік туралы 60-тан астам шағым түскен екен. Қазіргі таңда да күн құрғатпай телефон шалып, түрлі жағдайды айтып жататындар аз емес көрінеді.

Не істемек керек?

Ұзақ жылдар бойы білім беру саласында еңбек еткен ардагер ұстаз, Павлодар қаласының тұрғыны Бақытжамал Оралқызы:

— Шыны керек, қазіргі балаларға ата-анасы жеткілікті деңгейде мейірім-шапқат бере алмайды. Себебі, көбі жұмысбасты. Ала таңнан қара кешке дейін жұмыста жүреді. Сосын үйіне шаршап келеді. Балаларды интернет тәрбиелеп жатыр. Сол үшін бала өсіріп отырған ерлі-зайыптылардың жұмыс уақытын заң жүзінде реттеу керек деп ойлаймын. Яғни, балалары-
ның тәрбиесімен айналысуларына мүмкіндік беру қажет. Сондай-ақ, әр баланың қажеттілігі үшін мемлекет тарапынан жәрдемақы төленуі тиіс. Сонда ғана әлеуметтік жағдайы жақсы, бос уақыты бар ата-аналар балаларының тәрбиесіне көбірек көңіл бөлер еді. Бұрын әйел атаулының көбі отбасы-ошақ қасында бала тәрбиесімен айналысатын. Қазір олар ер азаматтардан қалыспай қызмет істейді. Өйткені, күнкөріс қиын, дүниенің бәрі қымбат, — дейді. Психолог мамандар жасөспірімдер арасындағы буллингтің себеп-салдары көп екенін, десе де, түп-төркіні тәрбиенің таяздығынан бастау алатынын айтады.

— Буллинг жасаған баланың жан дүниесінде сыртқа айта алмай жүрген қандай да бір өкпе-реніші болуы мүмкін. Мұндай жағдай баланы қатыгездік әрекеттерге баруға итермелейді. Сонымен қатар, интернеттегі түрлі ойындар да баланың психологиясына әсер етуі ықтимал. Сондықтан ата-анасы ұл-қызының немен айналысып отырғанын қадағалауы тиіс. Ең бастысы, үйдегі тәрбиені түзету керек. Ата-ана баласына үнемі мейірімділік көрсетіп, ақыл айтып отыруы қажет. Қысқасы, баланың қатыгездікке баруына отбасының назарынан тыс қалуы, айналысатын ісінің болмауы себеп екенін түсінген жөн. Сондықтан оқушыларды өзі қызығатын үйірмелерге баруына, бос уақыттарын тиімді өткізулеріне жағдай жасап, әрдайым көңіл бөліп отыру керек, — дейді дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназияның тәжірибелі психологы Жаңагүл Төлеубаева. Ал Павлодар қалалық мәслихат депутаты Гүлжайна Даримова тәртібі нашар балаларға чип салу туралы ұсыныс айтқан болатын. Халық қалаулысының бұл пікірі де қоғамда үлкен дау туғызғанын айта кеткен жөн. Осылайша, соңғы уақытта жасөспірімдер арасындағы қатыгездік оқиғалары жиілеуде. Оның себеп-салдары да әр түрлі. Жеткіншектердің бірін-бірі аяусыз соққыға жығып, соңы қайғылы жағдайға ұласып жатқандары қаншама?.. Бүйте берсе, ел ертеңі не болмақ? Бұл мәселе бүкіл қоғамды толғандыруы, ойландыруы тиіс. Сіз қандай ой қосасыз, құрметті оқырман?

Нұржайна ШОДЫР.