Қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыс. Мамандар 18 жасқа толмаған балалар арасында қатыгездік белең алып бара жатқанын айтады. Өкінішке қарай, ұрлыққа, алаяқтық, есірткі саудасы, ең сорақысы, кісіге пышақ алып жүгіретін жасөспірімдер бар. Мұның барлығы баланың бақылаусыз болуынан және әлеуметтік желінің салдарынан туындап отыр.

 

Бала білместіктен барады

Облыста балаларға қатысты құқықбұзушылықтарды облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция тобының аға инспекторы Бибігүл Қамзина қадағалайды. Жыл басынан бері балалардың қатысуымен 15 құқықбұзушылық тіркелген. Оның ішінде алаяқтық, ұрлық, пышақ салу жағдайлары орын алған.

– Биыл 18 жасқа толмаған балалардың арасында алаяқтыққа қатысты 5 жағдай тіркелді. Өкінішке қарай, балалар әлеуметтік желі арқылы көп алданады. Ал алаяқтықпен айналысып отырғандар жасөспірімдердің аңғалдығын пайдаланады. Сондықтан ата-ана-
лардан балалардың әлеуметтік желіде кіммен, не туралы сөйлесіп отырғанын қатаң бақы-лауды сұраймын. Бұдан бөлек, жасөспірімдер өзгенің мүлкі деген түсінікті толық білмейді. Шарбақты ауданында екі бала қараусыз тұрған үйден бағалы мүліктерді ұрлап, пайда тапқысы келген. Оның иесі барын білмеген. Бұл әрекеттері үшін жауапқа тартылды. Тағы бір жасөспірім ересектердің арасындағы жанжал үшін қылмыстық әрекетке барған. Ол анасымен ұрысып жатқан ер адамға пышақ алып жүгірген. Осы жағдайлардың барлығы балалардың білместігінен туындап отыр, – дейді Б.Қамзина.

Бибігүл Төлешқызының айтуынша, қазір жасөспірімдерге қолданылатын заң талаптары қатал. Ауыр қылмысқа барғандар 14 жастан бастап сотталады. Ал ауыр емес жағдайдағы құқықбұзушылыққа барғандар 16 жастан бастап жазаланады. Бірақ  құқықбұзушылыққа барған жасөспірімнің жасы 14-ке толмаса да, жазадан құтыла алмайтынын ескеруі керек. Мұндай жағдайда олар жасөспірімдерге арналған арнайы мамандандырылған мектептерге жіберіледі. Жыл басынан бері құқықбұзушылыққа барған 9 бала осындай мекемелерге орналастырылған. Оның ішінде ауыр қылмысқа барған екі бала жазасын Шығыс Қазақстан облысындағы арнайы мекемеде өтеуде.

 

Түтінге тәуелділік күшеюде

Қазіргі жасөспірімдердің көбі электронды темекіні қолданады. Олардың түсінігінде одан ешқандай зиян жоқ. Бибігүл Төлешқызы елімізде вейпке, электронды темекілерді өндіруге, тасымалдауға сатуға тыйым салынататын заң қабылданатынына қуанатынын айтады. Өйткені бұл өнімдерді қолдану арқылы балалардың денсаулығы құртылуда.

– Вейп деген – өте зиян нәрсе. Оны баланың тұтынып жүргенін білу де қиын. Өйткені түтінінің иісі білінбейді, сағыз шайнаған сияқты сезіледі. Баланы қызықтыратыны да осы. Ал шын мәнінде ол – никотин.
Соны жеткіншек сезбей жұта береді. Оларға тәуелділік екі-үш рет сорғаннан кейін-ақ пайда болады. Қазір көптеген мектепте кейбір оқушылардың 45 минуттық сабаққа шыдай алмай: «Тамақ жыбырлап, құлағымыз шуылдап бара жатыр» деп сыртқа жүгіре жөнелетіні туралы арыз-шағым көп. Міне, бұл – вейп шегетін жеткіншектердің оған тәуелді болуының салдары. Егер күнделікті сигаретте 0,7-0,9 миллиграмм никотин болса, вейпте 20, 40, 60 миллиграмға дейін жетуі
мүмкін. Ал балалар мұны білмейді. Қалай тәуелді болып бара жатқанын сезбейді. Салдарынан денсаулығы бұзылады. Сондықтан бұл өнімдерді 21 жастан бастап қана тұтынуға рұқсат беру өте дұрыс шешім дер едім. Бізге дені сау ұрпақ керек, – дейді Б.Қамзина.

Бибігүл Төлешқызы қазір 102-ге қоңырау шалып, жасөспірімдерге қатысты теріс әрекетке алаңдайтын тұрғындардың барын айтады. Қиындыққа тап болған бала ең бірінші кезекте ата-анасынан көмек сұрауы керек. Егер тіл табыса алмаса, мектептегі сынып жетекшісі жағдайға араласады. Болмаған жағдайда 102 қызметіне қоңырау шалып, құқық қорғау органдарының көмегіне жүгіне алады. Яғни, бала қорғансыз емес.

– Бала – қоғамның бір мүшесі. Әрбір жасөспірімнің болашағы жарқын болуы үшін оларды жаман әдеттерден қорғап, қылмыстан арашалауымыз керек. Өйткені әрбір бала бақытты болуға лайықты. Ауыр қылмысқа барған жасөспірім ата-ана, достарынан ғана айырылып қоймай, өмірін толығымен құртады. Болашағынан үміті үзіліп, жаман жолға түседі. Ал олардың келешегіне балта шаппау үшін бәріміз бірге жұмыс істеуіміз керек. Тағы да айтамын, бірінші кезекте ата-ана баланы қатаң бақылауы тиіс. Қазіргі уақытта жергілікті полиция қызметкерлері, прокуратура өкілдері, білім беру басқармасы және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандарымен бірлесіп, тұрақты түрде рейдтік шараларды ұйымдастырамыз. Әр баланың үлкен өмірге ешбір күйзеліссіз, қылмысқа қатысы болмай, қорланбаған күйде қадам басқанын қалаймын. Жасөспірімдерге жарқын болашақ жасау, оларды қорғау – қоғамның басты міндеті деп білемін, – дейді Б.Қамзина.

 

Тәрбиені телефоннан алады

Бибігүл Қамзина жазғы демалыс басталған кезде жасөспірімдер үшін қатты алаңдайтынын айтады. Өйткені балалардың қатысуымен болатын оқыс жағдайлардың басым көпшілігі осы уақытта орын алады екен. Әсіресе, жол апаты, түнде қаңғыру, суға кету, терезеден құлау фактілері жылда тіркеледі. Сөзіміз дәлелді болу үшін статистикаға көз жүгіртейік. Жыл басына бері облыста  балалардың қатысуымен 36 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Өкініштісі, 3 жасөспірім көз жұмды. 41 бала түрлі дене жарақатын алды. Өткен жылы 11 бала суға кеткен.  Бала тәрбиесіне жауапсыздық танытқаны үшін биыл 340 ата-ана жауапкершілікке тартылған. Өткен жылы 124 ата-ана әкімшілік жаза арқалаған. Жыл басынан бері құқық қорғау өкілдері  бір мыңнан астам баланың  түнгі сағат 22.00-ден кейін жалғыз жүргенін анықтаған. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 654 фактіні құраған. Бұдан бөлек, 2020 жылы 5 бала терезеден құласа, 2021 жылы ашық терезеден құлаған 9 баланың екеуі опат болған. 2022 жылы 11 бала терезеден құлап, екеуі өмірімен қош айтысқан. Ал былтыр 9 бала терезеден секірген. Өкінішке қарай, оның төртеуі ажал құшқан. Ал биыл 4 бала терезеден құлады. Сонда қыршынынан қиылып жатқан қаршадай балалардың обалы кімге? Мүгедек болып қалған жазықсыз балақайлардың болашағына кім жауапты?

– Талай жыл осы салада еңбек етіп жүргеннен кейін жаз мезгілінде балалар үшін екі есе алаңдаймын. Өйткені жыл сайын суға кету, жол апаты,  терезеден құлау фактілері орын алады. Мұның барлығы ата-ана тарапынан бақылаудың жоқтығынан туындап отыр. Балалардың  жазғы демалысын ата-аналар қамтамасыз етеді. Ұл-қыздарының жазғы лагерьге орналасуы, еңбек жасағына жұмысқа орналасуы, шетелге демалуы- бәрі  ата-ананың ғана рұқсатымен жүргізіледі. Сондықтан баланы еш уақытта қараусыз қалдырмай, мұқият болуды сұраймын, – дейді Б.Қамзина.

Бибігүл Төлешқызы  қазіргі балалардың ашуға тез берілетінін айтады. Қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстай алмай, өзгеге сөз қайтаратын бала туған ата-анасын да сыйламайтыны ақиқат. Ал қазіргі жасөспірімдердің мінезін смарт-
фон құртып отыр. Таң атқаннан түн ортасына дейін ұялы телефонға телміріп отыратын бала көп. Бүгінгі жасөспірімдер тәрбиені телефоннан алуда. Ата-аналар да әлеуметтік желідегі мағынасыз контентке тым әуес болып барады. Бұл-шындық. Үйде «әй» дейтін ажа, «қой» дейтін қожа болмағандықтан, балалардың интернеттен қолы босамайды. Олар өздеріне қажетті дүниені әлеуметтік желіден алуда. Үлкендік жасап, ақыл айтып, кеңес беретін әке мен шеше де телефонға телміріп кеткен. Осының салдарынан бүгінгі күні жастар мен бүлдіршіндер арасында дұрыс сөйлей алмайтын, ойын жеткізе алмайтын аурулар түрі көбейді. Сондықтан ата-ана ұл-қызының әлеуметтік желісіне үңіліп, кіммен сөйлескеніне, не жазғанына мән беруі тиіс.
Баласы үнсіз, өз бетімен жүргені мәселесі жоқ екенін аңғармайды.

– Бүгінгі балаларды қызғаныш сезімі қатты билеген. Ата-аналар да балаларына қымбат дүниелерді сатып әпереді. Досынан бағалы смартфон, велосипед көрген жасөспірім дәл сондай дүниеге ие болғысы келеді. Ата-анасына бата алмағандықтан әлеуметтік желі арқылы мол қаржы ұсынатын жұмысқа тұрады. Бірақ ешкім қомақты соманы жай бере салмайды. Алаяқтың арбауына түсіп қалған бала есірткі саудасымен қалай аналысып жүргенін білмей қалады.

Отбасында тәрбиелі болып көрінген бала сыртта жүргенде өзін басқаша ұстауы мүмкін. Ұрлық-қарлыққа барып, әке-шешесіне түк сездірмейтін балаларды да көрдік. Ең сорақысы, жайсыз отбасылардан шыққан балалар зорлау фактісіне душар болып жатады, – дейді Б.Қамзина.

 

Түйін:

Бибігүл Төлешқызы бір сөзінде: «Бала үлкен өмірге ешбір күйзеліске түспей, қорланбаған , бақытты күйде ғана қадам басу керек» дегенді айтты. Яғни, 18 жасқа толмаған жасөспірімдердің барлығы бақытты, дені сау болуы керек. Себебі, олар – елдің болашағы. Ал оларды жамандық атаулыдан қорғап, өміріне қауіп төндірмеу – баршамыздың міндетіміз. Баланың өміріне балта шабылмасын десек, ұл-қыздың тәлім-тәрбиесіне мұқият болайық, ата-аналар!

Айдана ҚУАНЫШЕВА