Бүгін күн мен түн теңелетін шақ. Ұлыстың ұлы күні – Әз Наурыз мейрамы да келіп жетті. Қазақ халқы үшін бұл күн жаңару мен жасарудың, береке-бірлік пен татулықтың, ырыс пен ынтымақтың, молшылық пен тоқшылықтың символы саналады. Сондай-ақ, осы күні атадан балаға мұра болып қалған салт-дәстүріміз бен әдеп-ғұрыптарымыз дәріптеліп, өшкеніміз жанып, өткеніміз жаңғырады. Жер жаһанды нұрға бөлеп, табиғат тылсымы мен ғалам ғажайыптарын бойына жиған осынау мерейлі мереке жөнінде ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Торайғыров университетінің қауымдастырылған профессоры Тілегенов Ермұрат Нықатұлымен аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Ермұрат Нықатұлы, сіз үшін Наурыз мейрамының мән-маңызы қандай? Сондай-ақ, бұл атаулы күн жайлы таным-түсінігіңіз қалай?

– Әрине, мен үшін бұл мейрамның алар орны айрықша. Наурыз – жыл басы ғана емес, айналаны жаңартып, жандандырып, барлық тіршілік иесіне жарқын өмір, көтеріңкі көңіл сыйлайтын рыздығы мол керемет мереке. Сондықтан да жыл сайын Ұлыстың ұлы күнін тағатсыздана күтеміз.

Жалпы, Әз Наурызды әлем халықтарының басым бөлігі кең көлемде мерекелейтіні бәрімізге мәлім. Мәселен, қазақ халқы «Наурыз» десе, тәжіктер «Гүлнаурыз», хорезмдіктер «Наусарджи», татарлар «Нардуган», армяндар «Навасарди», чуваштар «Норис ояхе» деп түрліше атап, тойлайды. Осындай сандаған ұлтқа ортақ ұлы күннің қазақ халқы үшін маңызы зор деп білемін. Себебі, тарихқа жүгінсек, Наурыздың түп төркіні біздің қасиетті Қазығұрт тауымен тікелей байланысты көрінеді. Белгілі адамдар жазған аңыздардан бұл мерекенің сонау Нұх пайғамбар кезінен бастау алатынын оқып білдік. Соған аз-кем тоқтала кетер болсам, кезінде Нұх пайғамбар заманында адамзаттың пейілі, бір-біріне деген қарым-қатынасы өзгеше болған деседі. Оларды жақсылыққа баулып, дұрыс жолға салу қиындық туғызған екен. Осы жағдайға алаңдаған Нұх пайғамбар Жәбірейіл періштеге (Алла тағаланың барлық пайғамбарына уахи жеткізушісі) жағдайды баяндап, көмек сұрайды. Ол періште Жаратушыға мұны жеткізгеннен кейін Нұх пайғамбарға адамдарды барлық жамандықтан құтқарып, аман алып қалу үшін алып кеме дайындау керектігін айтып, алда топан су болатынын, яғни бір сынақ келетінін ескертеді. Оған төтеп беру қажеттігін түсінген Нұх пайғамбар ұзақ уақыт бойы көп адам сыйып кететіндей үлкен кеме жасап, әлгі сын сағатын күтіп жүреді. Күндердің бір күнінде табанының астынан өткен дымқылды сезеді. Ол біртіндеп үлкен топан суға айналады. Сол сәтте адамдар түгел әлгі кемеге отырады, Алланың көмегімен осы су көлігіне жан-жануарлар да жеткізіліп, бәрі сыйып кетеді. Сөйтіп, құрғақ жер таба алмай айлар бойы топан суда қалқып жүрген алып кемедегілер Қазығұрт тауының етегіне келген кезде құрлықты көреді. Бірден соған тоқтап, адамдар дем алып, бой жазу үшін жерге түседі. Олардың арасында Нұх пайғамбардың Наурыз есімді зерек әрі ақылды немересі болады. Ол әкесі арқылы атасына адамдардың қауіп—қатерден аман-есен құтқарылғанын айтып, осы жерде тасаттық жасау туралы ойын жеткізеді. Мұны оның атасы Нұх пайғамбар құп көріп, бірден іске кіріседі. Ас дайындайын десе, кемеде 7 түрлі ғана дән қалыпты. Сонымен тамақ пісіреді және бұл ас Алланың құдіретімен мыңдаған адамға жетеді. Дәл сол сәт наурыздың 21-нен 22-не ауған күн екен. Әрі осы мезетте күн мен түн де теңеледі.

Міне, содан бері бұл оқиға адамзат үшін жаңа тіршілік сыйлаған, ізгілік нұрын төккен мерекеге баланып, Наурыз күні аталып кеткен деседі.

– Ұзақ жыл бойы мәдениет саласында еңбек еттіңіз. Елімізде алғаш рет Наурыз мерекесі қалай өтіп еді, ал бүгінде қалай мерекеленуде? Жалпы, қазіргі Наурыздың тойлануына көңіліңіз тола ма?

– Тарихқа көз жүгіртсек, Шығыс халықтары бұл мерекені атап өткенімен, 1926 жылы Кеңес дәуірі кезінде «Наурыз – діни мейрам, ескілік сарқыншағы» деген желеумен тоқтатылған. Соған қарамастан, еліміздің кейбір өңірлерінде Наурызды ұмытпай, жасырын түрде тойлап жүрген жандар да болған. Бірақ араға алпыс жылдан астам уақыт салып, Наурыз халықтық мереке ретінде қайта жаңғырды. 1988 жылы Алматы қаласында, одан кейін өзге де өңірлерде тойлана бастады. Сол уақытта мен Павлодар облысы, Тереңкөл аудандық (бұрынғы Қашыр) мәдениет бөлімінің басшысы болып жұмыс атқаратынмын. Осы ауданда 1989 жылы Наурыздың қандай мереке екенін халыққа көрсету мақсатында ауқымды концерттік бағдарлама өткіздік. Келесі жылы, яғни 1990 жылдың наурыз айында ауа райына байланысты мерекені тойлау қиынға соғып, маусым айына ауыстырдық. Жас ұрпақ мерекенің мән-маңызын түсінсін деген мақсатпен оларды осы шараға көбірек тартып, ат жарыстырып, қазақша күрес ұйымдастырдық. «Ақсерек-көксерек», «Алтыбақан», басқа да халықтық ойындарды, ал кешқұрым «Ақсүйек» ойнатып, ұлттық салт-дәстүрлерімізді насихаттап, тұрғындарға Наурыз мейрамының құндылықтарын түсіндіруге тырыстық. Содан бері Ұлыс күні жыл сайын барлық
ауыл-аймақта мерекеленіп келеді.

Әрине, Наурызды жоғары деңгейде тойлап жүрміз деп мақтануға әлі ерте. Әсіресе солтүстік облыстарда ұлттық бағыттағы идеологиялық жұмыстар өте көп жүргізілуі қажет деп ойлаймын. Дегенмен де, «Көш жүре түзеледі» демекші, уақыт өте келе мерекенің мазмұны артып, мерейі аса түсетініне сенемін. Олай дейтінім, соңғы жылдары Наурызды атап өтуге елдік деңгейде мән берілуде. Мәселен, биыл бекітілген Наурызнаманың жаңа тұжырымдамасы соның дәлелі десек те болады. Бұл – тамаша бастама, сәтті жасалған жоба. 14 наурыз – Көрісу күнінен бастап, 23 наурызға дейінгі онкүндіктің әрбіріне «Қайырымдылық күні», «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні», «Шаңырақ күні», «Ұлттық киім күні», «Ынтымақ күні» және басқа да қазақ халқының болмысын танытатын атаулар беріліп, ел арасында жаппай насихатталуын керемет іс деп білемін. Сол арқылы халық Наурыз мерекесінің мән-маңызын түсінеді.

– Бүгінде Ұлыс күнін әр өңір әр түрлі уақытта тойлап жүрген жайы бар. Мәселен, кейбір аймақтар 22 наурыз күні, енді бір өңірлер сәуір, тіпті, жаз айларында атап өтетіндер де бар екен. Бұған қатысты пікіріңіз қалай?

– Иә, бұл жағдай көптен бері қоғамда түрлі пікір тудырып келеді. Біреулер дұрыс, енді біреулер бұрыс дейді. Менің ойымша, бір жағынан Наурыз – ұлттық қана емес, мемлекеттік мерекелер тізіміне еніп, тұрғындарға 3 күн демалыс берілетінін ескерсек, бірізділік болғаны жөн сияқты. Ал екінші жағынан, 22 наурызда оңтүстікте Самарқанның көк тасы жібіп, жер беті масатыдай құлпырып жатқан уақытта солтүстік өңірде қыс бойы жауған қалың қардың көбесі толық сөгіле қоймайды. Яғни, біздің жақта «сәуір болмай тәуір болмайтынын» ескерсек, әр өңір өзінің климаттық жағдайына сай мерекелегені де дұрыс шығар деген ой келеді. Мысалы, солтүстіктегі аймақтарда наурыз кезінде жасалатын ағаш отырғызу рәсімінің де ыңғайы келе бермейді. Жер тоң болып қатып жатады. Ауа райы салқын болатындықтан алаңға барғысы келетін ел-жұрт та ұлттық киімін киіп емін-еркін далада сауық-сайран құрып, қыдырып жүре алмайды. Сол үшін осы жағдайларды да есепке алған жөн-ау деп ойлаймын.

– Халық арасында Наурызды мерекелеуге қатысты сын-пікірлер жиі айтылып жатады. Бұл ретте, сіз не дейсіз және өз тарапыңыздан қандай ұсыныстар айтар едіңіз?

– «Сын түзелмей мін түзелмейді» демекші, сын мен ой-пікір айтылмаса, кез келген іс алға баспайды. Кеткен кемшіліктен сабақ алып, қайтадан қателікке жол бермес үшін сын болуы тиіс.

Иә, Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан астам уақыт өтсе де, Наурызды мерекелеуге қатысты кемшіліктердің қоғамда аракідік айтылып қалып жүргені жасырын емес. Ол дұрыс және оны мойындауымыз қажет. Мен өз тарапымнан алдымен Наурыз мейрамы алдын ала әрі жоғары деңгейде насихатталуы тиіс дер едім. Мысалы, біздің елде Жаңа жылға дайындық пәлен күн бұрын басталып, көшелер қызылды-жасылды жылтырақтарға толып кетеді ғой. Сол сияқты Наурызды да айлар бұрын дәріптеп, көшелерге тақырыптық дүниелер ілініп, бүкіл ел назарын аударту керек деп ойлаймын. Сонда ғана мереке екені сезіліп, оның маңызы арта түседі. Сонымен қатар, биыл жүзеге асып отырған жаңа Наурызнама тұжырымдамасы да дұрыс жасалған жоба. Енді осы онкүндік іс-шарасын ары қарай үздіксіз дамытып, балабақшадан бастап барлық мекемеде тұрақты түрде іске асыру керек. Бұған қоса, әдеттегідей салт-дәстүр, әдеп-ғұрымтарымызды да жан-жақты насихаттау арқылы жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, ұмытпай жүруі үшін әрекет жасай берген жөн. Әсіресе, тәлімдік, тағылымдық мәні бар көне дәстүрлерді жаңғырта түсу керек. Оның әрбірінде ата-бабамыздың тұнып тұрған тарихы, мәдениеті мен әдебиеті жатыр. Әрдайым жас ұрпақтың санасын осындай ұлттық құндылықтармен сусындатып, үздіксіз үгіт-насихат жұмыстарын жүргізе беруіміз керек. Сонда ғана қазақ мәңгілік ел болып қалыптасады.

– Сіздіңше, Наурыз мейрамының ұрпақ тәрбиесіне тигізер әсері қандай?

– Наурыз мерекесінің ұлт үшін де, ұрпақ тәрбиесі үшін маңызы зор. Адамзат бойындағы қайырымдылық, бауырмалдылық, мейірімділік сынды небір асыл қасиеттер көктемнің жаймашуақ Наурызымен үндесіп жатқандай. Демек, адамдар осынау ұлы мерекенің мән-маңызын, тарихын терең түсініп, қадір-қасиетін бағалай білгенде ғана барлық жағымсыз мінез-құлықтарынан арылып, тазарады әрі ырысы артады деп сенемін. Мәселен, осы мейрам қарсаңында көрсетілетін кез келген ұлттық дәстүріміз ұрпаққа адамгершілікті дәріптеу, ақыл-білімге шақыру, үлкенге-құрмет, кішіге-ізет көрсету сынды асыл қасиеттерді қамтиды. Қысқасы, бұл мейрам адам бойына осындай ізгілік нұрын төгіп, жақсы істен қуат алуға жетелейді. Өз халқының бай мұрасы, баға жетпес ұлттық құндылықтарынан нәр алып, жан-жақты адам болып шығуына бағыт-бағдар береді. Тіпті, балабақшалар мен мектептерде өтетін Наурыз мерекесі қарсаңында ұлттық салт-дәстүрді көрсететін шағын көріністің өзінен балғындар көп мағлұмат алады. Сондықтан да Наурыз мейрамының қай-қайсымыз үшін де алар орны айрықша.

– Өз отбасыңызда Наурызды қалай атап өтесіз?

– Мәдениет саласында еңбек етіп, аудандық және облыстық іс-шаралардың басы-қасында жүрген соң мереке күндері үйге кеш келіп жататын кездерім көп болады. Десе де, жыл сайын міндетті түрде Наурыз мейрамын отбасы – ошақ қасында қарсы алуға тырысамын. Өйткені, үлкен ұлым 1979 жылдың 22 наурызы күні дүниеге келген еді. Сол себепті, бұл күні ақ дастархан жайылып, ет асылып, Наурыз көже пісіріледі. Әулетімнің басы қосылып, бір-бірімізді құттықтап, немерелеріме Наурыздың тарихы мен мерекеге қатысты аңыз әңгімелер айтып, мәре-сәре болып қарсы аламыз.

– Ұлыс күніне орай қазақ еліне қандай тілек айтасыз?

– Барша отандасымды Әз Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Наурыз – көктемгі жаңарудың, махаббат пен ақ пейілдің, татулықтың мерекесі.

Иә, күн мен түн теңелетін, жан – дүниемізді шуаққа бөлеп, ой – ниетімізді тазартатын, кешірім мен мейірім, ырыс пен ынтымақ мерекесі құтты болсын! Бүгін ақ ниетпен өткенге салауат айтып, жыл басын қарсы алмақпыз. Әр отбасына тыныштық, татулық, береке -бірлік, баянды бақыт тілеймін!

– Әңгімеңізге рақмет! Мереке сізге де құтты болсын!

 

Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.