Павлодар қаласының екінші Павлодар шағын ауданында балаларға қосымша білім беретін «Алтын сақа» инновациялық шығармашылық орталығы орналасқан. Ашылғанына көп уақыт бола қоймаған мекемеде осы ауданда тұратын 18 мың балаға арналған 20-ға жуық үйірме бар.

Таяуда «Ертіс Медиа» ЖШС тілшілері балаларға қосымша білім беретін мекеменің жұмысымен танысып қайтты. Кездесу барысында орталық директоры Саян Мұқанов қонақтарға «Алтын сақаның» қосымша білім берудегі мүмкіндіктерімен, мұндағы әр үйірменің заманауи тұрғыда жабдықталған кабинеттерімен, залдарымен жақыннан таныс-тырды.

Оның сөзінше, «Алтын сақа» орталығының ашылуы балалардың шығармашылық, спорттық және зияткерлік әлеуетін дамытуға үлкен жол ашады. Орталықта балалар бос уақытын тиімді өткізіп, жаңа дағдыларға ие болады. Сонымен қатар, орталық отбасыларға балаларының білімі мен тәрбие-сіне қосымша қолдау көрсетеді. Ал ата-аналар қауымдастығы үшін — балалардың әлеуметтік ортасымен байланысын кеңейтуге зор мүмкіндік.

— Бүгінде орталықта әр бағытты қамтитын 20-ға жуық үйірме бар. Оларға бір уақытта 250-ден аса оқушы қатыса алады. Балаларға, сонымен қатар асхана және спорт зал қарастырылған. Болашақта үйірмелер санын арттыруды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, балалардың қызығушылықтары мен сұраныстарын ескере отырып, эко-клубтар, өнер және музыка, ағылшын тілі секілді бағыттарда жаңа үйірмелер ашу ойда бар. Осылайша, балаларға дамуға арналған түрлі бағыт ұсыну арқылы олардың жан-жақты дамуына қолдау көрсеткіміз келеді, — дейді С.Мұқанов.

Қазіргі таңда «Алтын сақа» орталығының материалдық-техни-калық базасы барлық қажетті жабдықпен қамтамасыз етілген. Онда интерактивті құралдар, спорт және өнер үйірмелері үшін арнайы жабдықтар, сонымен қатар қауіпсіздік пен жайлылық талаптарына сай барлық жағдай қарастырылған. Болашақта базаны одан әрі жетілдіру мақсатында жаңа технологияларды енгізу және құрал-жабдықтарды жаңарту бойынша жоспарлар бар.

— Біз балалардың дағдыларын дамыту мақсатында басқа ұйымдармен және қоғамдық бірлес-тіктермен байланыс жасаймыз. Мысалы, қаладағы өнер мектеп-терімен серіктестік орнатып, балаларды өнер саласында дамытуды жоспарлаудамыз. Сонымен қатар, экологияны насихаттау мақсатында табиғат қорғау ұйымдарымен бірлесе жұмыс атқарып, экологиялық білім беру іс-шараларын өткізуді мақсат етіп отырмыз. Орталыққа тек қала балалары емес, жақын және облыс аумағының ауылдарынан да сұраныс бар. Ұйымда конкурсттық түрде қабылданған өз ісіне берілген, шығармашыл ұстаздар қызмет атқаруда. Алдағы уақытта жетекшілердің санын арттыруды көздеп отырмыз, — деп атап өтті Саян Назымұлы.

Бүгінде орталықтың құрамында 20-ға жуық үйірме бар. Олардың қатарында волейбол, футбол,
асық ату және бес асық, дәстүрлі садақ ату, домбыра, гитара, фортепиано, вокал, қыш шеберлігі, ұлдар/қыздар қолөнері, жас аспаз, театр, хореография, телестудия, фотостудия, көркемсурет, «Ұлағат» (салт-дәстүр үйірмесі) және IT үйірмелері енген. Солардың бірі – «Болашақ S» ән үйірмесі.

Үйірме жетекшісі Майра Тезекбайдың сөзінше, әр сабақта балалар дауыс қоюды үйренеді, дикциямен айналысады, музыкалық сауаттылықты түсініп, эстрадалық бағыттарда ән айтып үйренеді. Одан бөлек, актерлік және сахна шеберліктерін дамыта алады.

— Бүгінде үйірмеде 60-қа жуық бала бар. Олардың 25-ке жуығының әнге деген қабілеттері өте жоғары. Қазіргі уақытта түрлі деңгейдегі байқауларға қатысып, өнерлерін шыңдау үстінде, — дейді ол.

Орталықтың жұмысымен танысу барысында журналистер орталықтағы «Жас қалам» атты журналистика үйірмесінің жұмысына ерекше назар аударды. Үйірменің кабинет-студиясымен жақыннан танысып, балалардың дағды қалыптастыруына мүмкіндік беретін жабдықтарды тамашалады. Кейін мәжіліс залында шәкірттермен еркін форматтағы кездесу ұйымдастырылды.

Шара барысында үйірме қатысушылары тілшілерге журна-листикаға қатысты қызықтырған сұрақтарын қоя алды.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.