Биыл ұлттық археология мектебiнiң негiзiн қалаушы, академик, ғалым Әлкей Марғұланның туғанына — 120 жыл. Осы мерейлі датаға орай Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейімен бірлескен «Әлкей Марғұлан мұрасы – ұлттың рухани байлығы» атты мәдени-рухани шара өтті.

Жиынға гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің деканы Анар Кәрімова, оқытушы-профессор-лары Сейфитден Сүтжанов, Әділбек Әміренов, археологиялық зерттеулер институты «Марғұлантану» оқу-зерттеу кешенінің ғылыми қызметкері Болатбек Мұзафаров және жоғары мектеп студенттері қатысып, Әлкей Хақанұлының еңбегіне қатысты баяндамалар жасады. Сонымен қатар, Бұқар жырау музейінде сақталған Әлкей Марғұлан, Шәкен Айманов, Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтбаев сынды ұлы тұлғаларға қатысты құнды жәдігерлер көрмеге қойылды.

— Әлкей Марғұланның қазақ әдебиеті мен тарихына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Сан салалы зерттеулерінің бір қырына тоқталар болсақ, ол — қазақ даласындағы петроглифтерді көп зерттеген ғалым. Өткен жылы Бұқар жырау музейінің экспедициясымен бірге Баянауылға барған кезде Қаражыра ауылынан сайдың ішінен көптеген тасқа қашалған суреттерді, жазуларды көрдік. Сол кезде менің ойыма Әлкей Марғұланның осы саладағы зерттеулері есіме түсті. Себебі Әлкей Хақанұлы — қазақ даласындағы бүкіл петроглифтердің мәні мен маңызын ашқан ғалым. Ол оны тарихпен ғана емес, әдебиетпен де байланыстырады. Сондықтан, таңбалы тастарды Әлкей Марғұланнан асып зерттеген ғалым жоқ деп айтуымызға әбден болады. Биыл ғалымның туғанына 120 жыл толып отыр. Осыған орай «Әлкей Марғұланның ізімен» деген экспедиция ұйымдастырып, Омбының, Санкт-Петербургтің, Мәскеудің архивтерін аралап шығу керек. Себебі Марғұланның сол архивтерден анықтаған көптеген деректерін ешкім әкелген жоқ, — дейді филология ғылымдарының кандидаты, профессор Әділбек Әміренов.

Ғалымның сөзінше, Омбының архивінде Абайдың өміріне қатысты құнды құжаттар бар. Соның бірі — Абайдың әкесі Құнанбай сотталған кезде ақынның сенатқа жазған хаты. Міне, осындай құнды мұраларды елге жеткізу керек деп отыр ғалымдар.

Жиын барысында студенттер Әлкей Марғұланның Шоқан Уәлиханов туралы еңбектерімен және ғалымның арғы атасы Олжабай батыр туралы зерттеулерімен бөлісіп, құнды мағлұ-маттар ұсынды.

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қорында Әлкей Хақанұлы жайлы құнды жәдігерлер мен құжаттар бар. Атап айтсақ, өзі киген жейдесі, тақиясы және археологиялық қазба жұмыстары кезінде киген бірқатар киімі мен ұстаған заттары сақталған. Сонымен қатар, Жүсіпбек Аймауытовтың үйінде тұратын жасыл кілем, Шәкен Аймановтың «Алдар көсе» фильміне түскен кезде киген бөркі, өзінің тоны, Қаныш Сәтбаевтың баспа машинасы сынды тарихи жәдігерлер көрмеге қойылды.

Тілеуберді САХАБА.