Кеңестер Одағының кезінде радио мен телевидениеде қызмет атқаратын қазақ журналистеріне жұмыс істеу өте қиын болатын. Хабар дайындау үшін алдымен қазақ тілінде сөйлейтін әр саланың маманын іздейсің. Ол адам сенің қойған сұрағыңа, тақырып бойынша қазақ тілінде мүдірмей сөйлеп, ойын ұғынықты жеткізуі  керек. Міне, сондықтан да біз таза қазақ тілінде сөйлейтін бастықтар мен мамандарды іздейтінбіз. Сол бастықтардың бірі Оралбек Қожанов болды.

 

Көбіне бізд қазақ тілінде сөйлейтін маман таба алмай, оның ойын қағазға жазып, сосын оқытып барып пленкаға жазатынбыз. Кейбіреуі тіпті қағаздан да оқи алмайтын. Оны жұмысқа әкеліп монтаждайсың, содан кейін музыкамен көркемдеп барып эфирге бересің. Орыс тіліндегі журналистердің жұмыстары бізден әлдеқайда жеңіл болса, ал газеттегі әріптестерімізге тіптен оңай еді.

Алғаш мен ол кісімен Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы болғанында таныстым. Ауыл шаруашылығы, көктемгі егіс, күзгі науқандарға байланысты Қазақ радиосы мен облыстық радиоға бағдарламалар әзірлеу барысында ол кісіні жиі сөйлететінмін. Оралбек аға өз ісінің нағыз маманы болатын. Білікті, білімді, қазақтың тарихы мен әдебиетінен кез келген тақырыпқа жауап беретін. Ол кісі қатысқан менің хабарларым қашанда мағыналы, мазмұнды әрі ұтымды шығатын.

Оралбек Қожанов 1937 жылдың 14 мамырында Павлодар облы-сының Ақсу ауданындағы Қазалы ауылында туған. Осы ауылдағы Жамбыл атындағы орталау мектепті бітіріп, Семейдің зоотехникалық-малдәрігерлік институтына түсіп, зоотехник мамандығын алып шығады.

1960-1965 жылдары ферма зоотехнигі, кейіннен бас зоотехник болады. 1965-1974 жылдары Железин аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Баянауыл аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы қызметтерін атқарды.

1978-1988 жылдары Қазақстан Компартиясы Екібастұз аудандық комитетінің бірінші хатшысы, 1989-1992 жылдары Облыстық агроөнеркәсіп комитетінің төрағасы, Облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, кейіннен төрағасы қызметінде болды.

1993-1997 жылдары облыс әкімінің бірінші орынбасары міндетін атқарды. Зейнетке шыққан 1998 жылдары «Қаныш Сәтбаев атындағы тарихи географиялық қоғамы» қорының директоры болды. Оралбек Қожанов 1997 жылы Меккеге қажылыққа барлып, ғибадат етіп қайтты. Павлодар қаласындағы Мәшһүр Жүсіп мешітін салу жөніндегі қамқоршылық кеңесінің төрағасы болды.

1996 жылы Оралбек Қожановтың «Өмір жолдан басталады», 1999 жылы «Академик Қаныш Сәтбаев жерлестері жадында», 2001 жылы «Ой өрнектері» кітаптары жарық көрген. Бұл кітаптардың барлығы орыс тіліне аударылған. Оралбек Қожанов жұмыс сапарымен 20-дан астам шетелде болған. Ол «Қызыл Ту», «Халықтар достығы» ордендерімен және көптеген медаль, грамоталармен марапатталған. Оралбек Қожановтың есімі 1997 жылы шыққан «Кто есть кто в Республике» және 2000 жылы шыққан «Кто есть кто в Казахстане» атты кітабына енген.

Оралбек Қожанұлы Павлодар облыстық Атқару комитеті төраға-сының орынбасары, кейін төрағасы болғанда біз, қазақ журналистері, өз ісін білетін, білікті маман, қазақ тілінде таза сөйлейтін, салиқалы ой айтатын басшы келді деп қатты қуандық. Шынында да ол кісі ауыл шаруашылығының маманы ғана емес, әдебиет пен өнерге құштар, ақынжанды адам болды деп жаңа айтып өттім ғой. Кейін ол кісі бірнеше кітап та жазды, кітабының тұсаукесеріне де қатысқанбыз. Сол жылдары мен ол кісімен талай үлкен хабарлар жасадым. Оралбек аға мен бастықпын деп кеуде көтермейтін, қарапайым, мәдениеті жоғары, парасатты адам болды.

1987 жылы Қазақ радиосындағы меншікті тілшілердің қосының меңгерушісі Гүлжан Мұхамадиева телефон шалды. Павлодар облысы бойынша «Қазақ радиосының» тілшісі Есентай Ерботин қайтыс болғаннан кейін жаңа тілші тағайындауымыз керек деп жатыр. Мына жақта сенің кандидатураңды ұсынамыз деп шештік, облыс басшыларынан сені қолдайтын өтініш қағаз /ходатайство/ керек деді.

Ол кезде Павлодар облыстық партия комитетінің 1-ші хатшысы Юрий Мещеряков болатын, мен ол кісіге бармай, бірден Павлодар облыстық атқару комитетінің төрағасы Оралбек Қожанұлына келдім. Ол кісі «Қазақ радиосының» директоры Қуаныш Ормановтың атына жазылған хатқа сөзге келмей қол қойып берді. Бір жұма өткеннен кейін «Қазақ радиосы» мені Павлодар облысы бойынша Республикалық радионың меншікті тілшісі деп бұйрыққа қол қойды.

Есентай Ерботиннің кезінде де, мен келген уақытта да Павлодар облысы бойынша орыс, қазақ, неміс тілінде хабар тарататын өңірімізде үш тілші болды. Орыс тілшісі Валерий Пизиков, ал неміс тілшісі Ирмтрауде Варкентиндер менімен бірге жұмыс істеді.

Орыс, неміс тілшілерінің біреуінде «Волга», екіншісінде «Нива» автомашинасы болды. Ал маған дейінгі Есентай Ерботинде автокөлік болған жоқ. Ол жаяулап-жалпылап, кейде таксимен, кейде автобуспен бүкіл Павлодар облысын аралап жүретін. Сонда Есентай Ерботинде неге машина жоқ деп таң қалатынбыз. Сөйтсек, машинаны обком мен облисполком тауып бермей отыр екен, әйтпегенде «Қазақ радиосында» көлікке ақша бар көрінеді.

Сонда орыс пен неміске автокөлік табылады да, біздің қазаққа неге болмай қалады? Таңым бар. Қазақ тілшісі неге олармен қатар жүре алмайды? Міне, мені осы сұрақтар мазалайтын.

Есентай Ерботин, кейін білсем, 7-8 жылдай жаяулап жұмыс істепті ғой. Соңғы жылдары ол қатты ауырып жүрді. 10-13 кг-дық жазу репортерін көтеріп жүріп Алматығы хабар жасады. Ақыры бауырынан цирроз болып, қайтыс болды. Енді Есентай Ерботиннің жұмысын қабылдап алған соң, осы қиындық өз басыма келді. Облыс аппаратындағы жиындарға, қаладағы әртүрлі тақырыптағы шараларға, «Қазақ радиосының» берген тапсырмаларын аудандарға барып жазып келейін десем, жаңағы екі тілші машиналарына отырып алып кете барады. Ал мен автобус тосып, олардың соңдарынан барам. Олармен бірге барайыншы деуге намысым жібермейді. Өз жерімде тұрып, екінші сорттағы, өгей адамдаймын.

Бірер ай осылай жүргеннен кейін басшыларға барайын деп ойладым. 1-ші хатшы Юрий Мещеряковке мені кіргізе қоймас әрі оның бүйрегі қазаққа бұрыла ма, 1986 жылдың желтоқсанынан кейін басшылардың қазаққа қырын қарап жүрген жылдары. Не болса да Облыстық атқару комитетінің төрағасы Оралбек Қожановқа барайын деп ойладым. Алдымен «Қазақ радиосының» Бас директоры Қуаныш Ормановқа телефон шалып, автокөлік мәселесін айттым. Менің қарсылығым жоқ. Ақша бар, тек облыс басшылары автокөлік тауып берсе болады деді. Өздеріңіз білесіздер, ол кезде машина табу жекеге де, үкіметке де өте қиын болатын.

Ертеңіне Облыстық атқару комитеті төрағасының қабылдауына жазылдым. Екі күннен кейін төраға Оралбек Қожанов мені қабылдады. Алдында азаматтарды қабылдау бөлімінің меңгерушісі ГауҺар Мұсабекқызы Әленова отыр екен.

Төрағаға келген жұмысымды айттым. Ол тыңдап отырып, жайлап жауап берді. Кезінде тілшілерге екі автокөлік тауып бергенбіз. Үш тілшіге екі машина жетеді. Солармен тіркесіп бірге жұмыс істей беруіңе болады ғой деді. Мен ол кісіден осындай жауап аламын деп ойлаған жоқ едім. Жауабы намысыма қатты тиіп кетті.

– Өз жерімізде, өз елімде отырып, мен неге орыс пен неміс тілшісінің автокөлігіне міңгесуім керек? Қазақтың олардан несі кем? Біз осы қашанғы екінші сорт болып жүреміз. Әлде біз олардай жұмыс істей алмаймыз ба? – деп қатты айттым.

Менің сөзім ұнамады ма, ол төмен қарап отырған басын көтеріп алды. Сол кезде Гауһар Мұсабекова бастықпен қалай сөйлесесің дегендей, маған жақтырмай қарады.

Осы кезде Оралбек Қожанұлы кішкентай төрт бұрышты тілдей қағазды алды да жаза бастады, жазып болғасын жаңағы тілдей қағазды менің қолыма ұстатты. Мына қағазды Облыстық атқару комитетінің гаражына бәленшеге апарасың, «Волга» машинасын сол жақтан аласың деді. Сөйтіп «Қазақ радиосының» тілшілер қосына тағы бір машина келіп қосылды.

Дегенмен Оралбек Қожанұлының намысына тиіп кеткен болармын, ол кісі ұлтжанды, ұлтын сүйетін азамат қой, қазақтың тілшісі автокөлік мінсе артық болмас деп, сол жерде бірден ешкіммен ақылдаспай, өзі бірден шешім шығарды. Кейін ол кісімен радиоға талай рет хабар дайындадым. Сол бір кездесудің сәтінде ол кісіден қатты кеткеніме кешірім сұрап, рахметімді айттым. Сонда ол: «сен батыр қызсың, сол үшін өзіңді құрметтеймін» деген еді.

Шынын айтсақ, Оралбек Қожанұлының туған жеріне, еліне, халқына жасаған жұмыстары ұлан-ғайыр. Елдің жағдайын, облыстың ауыл шаруашылығындағы жұмыстарға, тіпті өнер саласына да, әсіресе облыстық, республикалық ақындар айтысының өтуіне де, Мәшһүр Жүсіп атамыздың атындағы мешіт салуына да, Павлодар облыстық радиосының жаңадан қалыптасуына да атсалысқан азамат. Облысымызда болып жатқан мәдени-тарихи шаралардан тыс қалмай, өзіндік үлес қосқан қайраткер. Тіпті, облыстық мұсылман әйелдер лигасын құруда да бізге зор қамқорлық жасаған еді.

Құрметті демалысқа шыққаннан кейін де қарап отырмай, үлкен іспен айналысты. Ғұлама ғалым, қазақтың тұңғыш академигі Қаныш Сәтбаевтың еңбегін зерттеп, оның атында қоғамдық қор құрып қызмет көрсетті. Оралбек Қожанов ағамыз бастаған ісін, уәде берген жұмысы болса оны тындырмай қоймайтын парасатты азамат болды.

Кезінде елін, туған жерін, халқын, Қазақстан мемлекетін көркейтемін деп жүрген бір адам болса, ол біздің Оралбек аға еді. Бүгінде ол кісі өмірден озса да, оның жарқын бейнесі, жасаған жақсы істері біздің көз алдымызда.

 

Ғалия Құсайынқызы Балтабай, «Құрмет» орденді журналист.